Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Үкіметке «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске түзетулер ен­гізуді қарауға ұсыным берілді

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудан­аралық сотының ұсынысы бойынша «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодек­стің 47-бабы, 5-тармағының конституциялылығын тексеру туралы Конституциялық Кеңеске ұсыныс түскен еді. Соған орай кеше Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы жарияланды.

Үкіметке «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске түзетулер ен­гізуді қарауға ұсыным берілді

Көрнекі сурет

Жаңа туған сәбиді күтіп-бағуға алимент және оның анасын күтіп-бағуға ақшалай қаражат өндіріп алу туралы аталған сотта қаралып жатқан азаматтық іс өтініш беруге себеп болған еді. Ауданаралық сот кодекстің 47-бабы 5-тармағының ешкімді еш­қан­дай кемсітуге болмайды, ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деген Республика Конс­ти­туциясының 14-бабының 2-тар­мағына және 27-бабының 1 және 2-тармақтарына қайшы келеті­ніне байланысты, оның Конс­ти­туцияда белгіленген адам­ның және азаматтың құқық­тарына нұқсан келтіретінін көрсет­ті. Соған байланысты, сот Консти­ту­цияның 78-бабына сәйкес, азамат­тық іс бойынша іс жүргізуді тоқ­татып, некесіз туған баланың ана­сын босанғанға дейін және босан­ғаннан кейінгі кезеңде мате­риалдық күтіп-бағу мерзімін шек­теу бөлігінде кодекстің 47-ба­бы­ның 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінді. 

Конституциялық Кеңес өті­ніштің нысанын зерделеп, дауласушы тараптардың заңды некеде тұрмағанын анықтады. Жауапкер баланың әкесі екендігін өз еркімен мойындамаған және бала мен оның анасына материалдық көмек көр­сетпеген. Соған байланысты та­­лап қоюшы бала үш жасқа тол­­ғанға дейін жауапкердің өзін кү­­тіп-бағуын талап етіп сотқа жүгін­ген. 

Кодекстің аталған нормасының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Ке­ңес мы­на­ны басшылыққа алды. Конс­ти­туцияның 1-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституциялық Кеңестің пікірі бойынша, әйелдің жүктілігі мен бала туу кезеңінде және одан кейінгі уақыттарда олардың арасында некелік қарым-қатынастың болуына немесе болмауына сай, әйелдің ер адамнан өзін күтіп-бағуға құқығын негіздеу отбасы институтын қор­ғау бойынша мемлекеттің өз мін­дет­темелерін іске асыруға бай­­ланысты болады. Осыған орай Конституциялық Кеңес кодекстің дау туғызған нормасы кемсітушілік болып табылмайды және Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.

Дегенмен, кодекстің 47-ба­бы­ның 5-тармағын конститу­ция­лық деп тани отырып, Конститу­циялық Кеңес қаралып отырған заң­намалық ережелерде консти­туциялық-құқықтық мәнде жә­не Негізгі Заңның әлеуе­тінде әкенің, сондай-ақ ерекше қор­ғауды қажет ететін ана мен ба­ланың құқықтарын және міндет­темелерін келістіруде жеткі­ліксіз пайдаланылғанын атап өтті. Конституциялық Кеңес ба­ланың әкесінен онымен некеде тұрмайтын әйелден туған баланың анасын күтіп-бағуға ақшалай қаражат өндіріп алу ана мен баланы қорғау туралы конституциялық ережелерді іске асыру тәсілдерінің бірі болып табылады. Бала және оның анасы өзінің отбасылық жағдайына қарамастан арнайы қорғалуға мұқтаж, соның ішінде материалдық қолдауды қажет етеді. Өз кезегінде, ол баланың да, баланың әкесі болып табылатын ер адаммен салыстырғанда әлеуметтік-осал жағдайдағы балаға қамқорлық жасайтын ананың да тыныс-тіршілігінің қажетті деңгейін сақтау барынша қамтамасыз етілетін тиімді құқықтық тетіктерді белгілеуді білдіреді. 

Бұдан басқа, Конституциялық Кеңес кодекстің 47-бабының 5-тар­мағында көзделген «босан­ғанға дейінгі кезең» және «босан­ғаннан кейінгі кезең», олардың уақыт шегі ұғымын заңнамада ашу қажеттігіне назар аударды. Осылайша Конституциялық Ке­ңес ананың және баланың құқық­тары мен бостандықтарын неғұр­лым толығырақ қамтамасыз ету мақ­сатында Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметіне «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске түзетулер ен­гізуге бастамашылық жасау туралы мәселені қарауға ұсыным берді. Нормативтік қаулы қабылданып күшіне енген соң, жалпыға міндетті, түпкілікті және шағымдануға жатпайды. 

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»