Өңірдегі балықшылықтың тарихы тым әріде жатыр деуге болады. Өйткені Құлалы аралынан табылған балық шаруашылығына қолданылатын тас құралдардың кезеңін ғалымдар неолит заманына меңзейді. 1558 жылғы ағылшын жиһанкезі А.Дженкинсонның, одан берідегі Л.Берегтің Каспий теңізінің балық байлығы, оның Маңғыстау түбегіндегі игерілуі жайлы мәліметтері Ресей саудагерлерінің қызығушылығын тудырып, олар түбекті бетке алады. «Айдалада жатқан құйрық» дегендей, келе тұмсықтарынан мол байлыққа кенеледі. А.Кутаисов, Д.Корнеев бастаған қазақтардан жалдамалы жұмысшылар ұстап, балық аулау және оны өңдеу, балық өнімдері саудасын қыздыру, ірі балық кәсіпорындар ашу ісін З.Дубский, И.Абаков, С.Афанасьев, М.Ериванцев, С.Климов секілді көпестер жалғастырды.
Өңірдегі балық аулау ісінің тарихына үңілсек, алдымен оншақты отбасы болып келген орыс кәсіпкерлерінің саны аз уақыт ішінде еселеп артып, қайық-кеме, ау-қармақ сынды құралдары да көбейіп, Кирилл, Орлов, Долгий атты ауылдары пайда болды, шіркеулерін де тұрғызып үлгерді. Қарқын алған балық шаруашылығы жағдайсыз қазақтардың теңіз жағалап, орыстарға жалдана жүріп нәпақасын айыруына сеп болды, бір жағынан балық аулаумен бірге оның өнімдерін өңдеу, кәдеге жарату және сату жолдарын үйренді. Балық шаруашылығының дамуы өңірдегі керуен жолының қайта жандануына әкелді – Хиуаға, Оралға, Астраханға, Красноводскіге балық өнімдерін, сондай-ақ итбалық терісі мен майын тасу қызу жүрді. Каспийдегі балық аулау ісінің әлеуеті, жағадағы жабайы кәсіпкерлік және жекелеген көпестердің есепсіз баюын көрген билік бұл мәселені дереу қолға алып, теңіз балығын зерттеу, оны аулау ісін заңдастыру, жоспарлау мәселелерін көтерді. Маңғыстау өлкесінде балық аулау ісі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында шарықтап, өңірдегі мал шаруашылығы мен бірге балық шаруашылығын аяқтан тұрғызған, халықтың сұранысы жоғары өнімдерді сыртқа шығаратын негізгі өндіруші мекенге айналдырды.
Қазан төңкерісінің әсерінен әлсіреген кәсіпті үкімет қайтадан қолға алып, балық аулаумен айналысатын мекемелер құра бастады. Осы жылдары Маңғыстауда балық зауыттары, мемлекеттік балық аулау базасы, балық колхоздары, сондай-ақ балық өңдеумен, итбалық аулаумен айналысатын аң-балық тресі, Баутин кеме жөндеу зауыты, моторлы балық аулау стансасы, жүзбелі балық зауыттары құрылды. Фортта балық консерві зауыты салынды. Майшабақ аулану арнайы тапсырыспен жоспарланып, фортта белгілі ихтиологтар ықыласпен жұмыс жүргізді – Б.Бадамшин өзі құрған эксперименталды базада итбалық мәселесін зерттеумен айналысса, З.Баймырзаев кефаль балығын әкеліп Каспий теңізіне жіберіп, жерсіндіру ісімен шұғылданды. Екі ғалымның ісі де нәтижесін бергендігіне бүгінде ел куә.
Ал балық шаруашылығын ұтымды ұйымдастыруда, сондай-ақ кеме капитаны, балықшылық сынды еңбек саласында жоғары шеберлігімен, іскерлігімен көзге түскен азаматтар жоғары марапаттарға қол жеткізіп, бірі Социалистік Еңбек Ері атанса, бірі Ленин орденімен марапатталып, енді бірі «стахановшы» атанып, келесі қазақ «КСРО-ның еңбек сіңірген балықшысы» белгісін омырауына тағып, құрметке бөленді. Мұның бәрі бір кездері қызыл балықтың ішінен шыққан уылдырықты қалай қажетке жаратарын білмей, өткір пышақпен балықтың ішін жарып жіберіп, уылжыған уылдырықты итаяққа төңкере салып, иттері майдан аяқтарын баса алмай қалған, тұрқы шағын майшабақтарды «балықтың баласы, тиюге болмайды, әлі де өссін» деп суға қайта жібере салатын ауыл қазақтарының балық кәсібіне әбден машықтанып, өзіндік тәжірибе жинап, шаруаны үйіріп алып кете алғандығының дәлелі.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Маңғыстаудағы «Шевченко», «Тельман», «Киров», «Калинин», «Ленин», «Қызыл Долгий», «Құлалы» және «Каганович», «Фетисов», «3-ші интернационал» балық шаруашылықтары майданға ауқымды көмек ұйымдастырған күштердің бірі болды. Деректер XIX ғасырдың ортасында өңірдің 20 мыңнан астам тұрғыны балықшылық кәсіппен айналысқан болса, соғыс жылдарында 70 пайыздан астам тұрғын осы кәсіппен күнелткендігін айтады.
Алайда Форт-Шевченко қаласының еңсесін көтеріп, сандаған адамды жұмыспен қамтып, азық-түлік мәселесін шешіп «қызып» тұрған осы әдемі тірліктің тағы ту-талақайы шықты. Саяси-әскери қажеттілік базары қайнаған балық шаруашылығының күлін көкке ұшырды. Маңғыстаудағы аталмыш шаруа Астрахань арқылы жүзеге асырылатын болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары балық шаруашылығының тамырына қан жүгіріп, беті бері қарауға бағыт алғандай болған еді, бірақ тұралаған орнынан әлі тұра алмай келеді. Каспийдің жағасында отырып, ауыз тұшытып балық жей алмау барды бағаламау ма, істі ұйымдастыра алмау немесе салғырттық па?! Әйтеуір халық балық жегісі келмейді, балық кәсіпшілігінде жұмыс жасағысы келмейді деу негізсіз. Тауарлық балық шаруашылығын дамытуға не кедергі? Тоғандар неге салмаймыз? Ашық теңізден балық аулау мәселесін неге мемлекеттік деңгейде қолға алмасқа? Мүмкіндік те, негіз де бар, асау құрықтағандай етіп тулаған балықтарды елдің ырыс-берекесіне айналдырған аталарымыздың кәсібін жандандыра алсақ жетіп жатыр...
Сондай-ақ, Маңғыстауда балық шаруашылығымен бірге тұз кәсіпшілігі де өркендеген болатын. Кетік, Қошқар ата, Шопан ата, Оймаша, Тасорпа, Қайлы, Ақшағыл, Тұзбайыр және Үшкемпір жерлерінен бірнеше мыңдаған пұт тұз өндіріліп, балық өңдеу, сақтау ісінен бөлек, тұрғындардың күнделікті тұтынысына берілген. Ал итбалық мәселесі – бөлек әңгіме.
Маңғыстауда балық шаруашылығын қалпына келтіру – ойландыратын да, шешімін табуы тиіс те мәселе. Каспийдің қызыл балығы – теңіз торуылдаған қаскөйлердің көзқұрты. Заңсыз жолмен балық аулап бала-шағасын асыраған жерлестер түгілі, су көлігімен сырттан сыдыртып келіп, су сүзетін «қонақтар» да аз емес. Балық шаруашылығын қалпына келтірсе, талай адам жұмыспен қамтылып, ел-жұрт заңсыз ауланған балықтан жалап-жұқтамай, емін-еркін ерніне тигізер ме еді?! Ал бұл кәсіпті шағын шаруа көзіне айналдырып отырғандар да, жоба ретінде арнайы орында өсіріп, сауда айналымына түсіруді көздегендер де – халықтың жаппай қолданыс-қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы