Фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының білім беру саласын дамыту бойынша берген тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін еске салды. Осы шаруалар аясында еліміздің 800 мектебіне зертханалар қойылып, робот-техника бойынша факультативтік курстар енгізілгенін хабарлады. «2020 жылға дейін республиканың барлық мектебі робот-техникамен, зертханалармен, бағдарламалаумен қамтамасыз етіледі», деп мәлімдеді ол.
Халықаралық деңгейдегі шараның шымылдығы робот-техникаға арналған керек-жарақ, құрал-жабдық, әдістемелік материалдар қойылған көрмемен ашылды. Мұнда 3D-принтер арқылы бөлшектері шығарылып, құрастырылған өнімдер, балаларға жинастыруға арналған роботтың базасы, виртуалды әлемнің ішіне енгізетін құрылғылар және алысты алдыңа алып келетін квадрокоптерлер көрермен назарына ұсынылды.
Биылғы фестивальға Польша, Ресей, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 771 команда қатысып, болашақ инженерлер 32 аталым бойынша бақ сынады. Қолынан өнер тамған өрендер 3D принтерінің көмегіне сүйеніп түрлі модельдерді жасап шығарса, мектеп жасына дейінгі балақайлар роботтарды құрастырумен айналысты. Сондай-ақ жасөспірімдер виртуалды шындық шлемі және басқару саусақтары арқылы робот модельдерін жинастырды.
Жалпы, «Roboland-2018» фестивалі басталмас бұрын облыстың маңдайалды ғалымдары мен белсенді ұстаздары дөңгелек үстел басында жиын өткізген болатын. Ондағы мақсат – мектептердегі робот-техника зертханаларының базасында технопарктер құру жайын талқылау еді. Сайып келгенде, бұл жоба іске асып жатса, облыс оқушыларының робот құрастыру арқылы зияткерлік білімі жетіле түсер еді деген пікір бірауыздан айтылды жиын үстінде.
Қазіргі таңда жалпы білім беру саласында робот-техника ерекше маңызға ие болып, бұл жобаға баса көңіл бөліне бастағаны белгілі. Білім және ғылым министрлігінде робот-техниканы дамыту мәселелері бойынша республикалық үйлестіру кеңесінің құрылғаны сөзімізге дәлел. Аталған кеңестің құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар қоғамының мүшелері мен ғалымдар енген. Сонымен қатар Үкіметтің тапсырмасы бойынша, биыл робот-техника бойынша халықаралық, республикалық және аймақтық сайыстар өткізудің жол картасы әзірленіп, бекітілді. Яғни алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде робот-техниканы дамыту бойынша ауқымды жобалар қолға алынбақшы. Дөңгелек үстел барысында облыс ұстаздары цифрлы жүйеге көшу, технологияларды, робот-техниканы, сонымен бірге білім беру робот-техникасын дамыту мәселелері бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Сонымен фестивальдің үшінші күні осымен төртінші мәрте өтіп тұрған халықаралық робот-техника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар сайысының қорытындысы шығарылды. Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының ұжымы 165 медальді жеңіп алып, қарсыластарынан қара үзді. Жүлделі екінші орынға қоржынына 19 медаль салған Ақмола облысының командасы, ал үшінші орынды елорда командасы қанағат тұтты. Астаналықтардың еншісінде – 17 медаль.
Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін айтты. «Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот-техника, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі», деген болатын Елбасы. Осы тұрғыдан келгенде, Қарағандыда өткен халықаралық «Roboland-2018» фестивалінің заманауи технологияның ұшар биігіне талпынған зерделі жасқа берері көп деп сеніммен айтуға болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ
Суретті түсірген
Линар ГАЛИМОВ