Аймақтар • 11 Сәуір, 2018

Алматыда ғылым қызметкерлері күніне орай салтанат­ты жиын өтті

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын 12 сәуірде Қазақстан ғылыми қауымдастығы Ғылым қызметкерлері күнін атап өтеді. Осы атаулы күнге орай «Ғылым ордасы» ғимаратында салтанат­ты жиын ұйымдастырылды.

Алматыда ғылым қызметкерлері күніне орай салтанат­ты жиын өтті

Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті, академик Мұрат Жұры­нов ғылыми қоғамдастықты құрап отырған академиктер мен белгілі ғалым­дарды, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың, ұлт­тық және ұжымдық қолданыстағы инже­нерлік зертхана басшыларын құт­тық­тады.

М.Жұрынов отандық ғы­лымдағы елеулі жетістіктерді атап өтіп, өркендеп келе жатқан ел эко­номикасындағы барлық сала­лар­дың табысы туралы баяндап өтті. Заманауи әлемде барлық мемлекеттер ғылымға экономикалық өсу мен бәсекелестікті қамтамасыз етуші ресурс ретінде ерекше көңіл бөледі. Қазақстан да өзінің мықты ғылыми жүйесін қалыптастырған ел екенін әлдеқашан дәлелдеген.

Қазақстан ғылымында әртүрлі бағыттағы ғылыми мектептер дамып, тиімді нәтиже беруде. Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы, медицина, жер, энергетика салаларына жетекшілік ететін ғылыми-зерттеу институттары сақталып қана қоймай, бұл мекемелерде 382 ғылыми бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүкіләлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде Қазақстан Ресей мен Әзербайжан елінен кейінгі 53-орынды иеленеді. Ілгерідегі жылдармен салыстырғанда, ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік тұрмыс-ахуалы түзеліп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл тағы да 120 ғалымға пәтер кілті табыс етілді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1,17 %-ын құра­са, сәйкесінше бұл көрсеткіш Әзер­байжанда 1,5 %, Беларусь елінде 1,2 %, Ресейде 1,0%-ды көрсетіп отыр. Ғылымды дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 2 пайызға дейін өсуі тиіс. 

Әлемдік экономикалық дағда­рыс­тың қауіп-қатеріне қарамастан дамып келе жатқан Қазақстан ғы­лым­ының ағымдағы жай-күйіне ба­ға беріп, отандық экономиканы жаң­ғыртуға үлес қосуға шақырған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқыған вице-министр Талғат Ешенқұлов ел экономикасының дамуы жаңа технологиялармен бірге өрбитінін жеткізді. Ел ғалымдары алдында тұрған міндеттерге тоқталған ол, 2018 жылдан бастап елімізде 1096 ғылыми жоба мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылатынын айтты. 

Жиын соңында ғалымдар мем­ле­кет­тің ғылымға жасап отырған қам­қор­лығына, оның әлеуетін арттыру жолындағы іс-қимылына, жалдамалы пәтерде келе жатқан ғалымдарды баспанамен қуантқанына алғыс білдірді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ