Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ғылыми қоғамдастықты құрап отырған академиктер мен белгілі ғалымдарды, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың, ұлттық және ұжымдық қолданыстағы инженерлік зертхана басшыларын құттықтады.
М.Жұрынов отандық ғылымдағы елеулі жетістіктерді атап өтіп, өркендеп келе жатқан ел экономикасындағы барлық салалардың табысы туралы баяндап өтті. Заманауи әлемде барлық мемлекеттер ғылымға экономикалық өсу мен бәсекелестікті қамтамасыз етуші ресурс ретінде ерекше көңіл бөледі. Қазақстан да өзінің мықты ғылыми жүйесін қалыптастырған ел екенін әлдеқашан дәлелдеген.
Қазақстан ғылымында әртүрлі бағыттағы ғылыми мектептер дамып, тиімді нәтиже беруде. Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы, медицина, жер, энергетика салаларына жетекшілік ететін ғылыми-зерттеу институттары сақталып қана қоймай, бұл мекемелерде 382 ғылыми бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүкіләлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде Қазақстан Ресей мен Әзербайжан елінен кейінгі 53-орынды иеленеді. Ілгерідегі жылдармен салыстырғанда, ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік тұрмыс-ахуалы түзеліп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл тағы да 120 ғалымға пәтер кілті табыс етілді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1,17 %-ын құраса, сәйкесінше бұл көрсеткіш Әзербайжанда 1,5 %, Беларусь елінде 1,2 %, Ресейде 1,0%-ды көрсетіп отыр. Ғылымды дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 2 пайызға дейін өсуі тиіс.
Әлемдік экономикалық дағдарыстың қауіп-қатеріне қарамастан дамып келе жатқан Қазақстан ғылымының ағымдағы жай-күйіне баға беріп, отандық экономиканы жаңғыртуға үлес қосуға шақырған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хатын оқыған вице-министр Талғат Ешенқұлов ел экономикасының дамуы жаңа технологиялармен бірге өрбитінін жеткізді. Ел ғалымдары алдында тұрған міндеттерге тоқталған ол, 2018 жылдан бастап елімізде 1096 ғылыми жоба мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылатынын айтты.
Жиын соңында ғалымдар мемлекеттің ғылымға жасап отырған қамқорлығына, оның әлеуетін арттыру жолындағы іс-қимылына, жалдамалы пәтерде келе жатқан ғалымдарды баспанамен қуантқанына алғыс білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ