Анкара қаласындағы «Есенбұға» халықаралық әуежайында Сооронбай Жээнбековті Түркия Республикасының вице-премьер-министрі Хакан Чавушоглу, Анкара облысының губернаторы Эржан Топажа, Анкара мэрі Мустафа Туна, Анкара аумақтық гарнизонының басшысы Али Сиври және өзгелер күтіп алды.
Қырғызстан президенті сапарының алғашқы күні Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында президенттер экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, спорт, әлеуметтік қамту, ақпарат және баспа салаларында ынтымақтастық орнату туралы екі жақты құжаттарға қол қойды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Ердоған «Қырғызстан - Түркия үшін орны ерекше ел», деді.
Қырғызстан президенті Түркия премьер-министрі мен парламент спикерімен келіссөз жүргізіп, осы елде тұратын қырғыз диаспорасы өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматов ескерткішіне гүл қойып, жазушыны бір минут үнсіздікпен еске алды.