Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдығына арналған халықаралық әдеби байқау өтті

808 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдығына арналған әдеби байқау тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.

Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдығына арналған халықаралық әдеби байқау өтті

«Жыр жұлдызы Мағжан  поэзиясы–ұлттық руханият мектебі» атты  халықаралық байқау бірнеше аталым бойынша өтіп, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және көрші Ресейден жас өнерпаздар қатысты.

Бірінші кезең «Өлең-менің Шолпаным, Айым, Күнім» деп аталды. Онда үміткерлер ақынның жырларын жатқа оқудан жарысқа түсті. Петропавлдық  Ділназ Амангелдиева  90-ға жуық өлеңін мүдірмей айтады екен. Омбылық  Гүлмира Мұхамеджанова да жап-жақсы  дайындалып келіпті. «Толқыннан толқын туады» сынында шайырдың өмірі мен шығармашылығы баяндамаларға арқау етілді. Көкшетаулық  Ерден Нұрахметтің зерттеу ізденістері сүйсіндірді. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» кезеңінде Мағжанның жас ізбасарлары сыршыл сезімге, лиризмге толы жырларын шабыттана оқыды. «Оранып гүлге төңірек, Ақ самал кеуде ұрғандай. Айналып жерге күбірлеп, Жыр оқып Мағжан тұрғандай» секілді кестелі жыр шумақтары молынан кездесті.

Қазылар  алқасының ұйғарымымен   Айым Амангелді («Толқыннан толқын туады»),  Қарақат Жұмахмет («Өлең–менің Шолпаным, Айым, Күнім») Дамир Бақытжан («Ақын да бір бала ғой  Айға ұмтылған»),  Диас Аяған («Ақынын ардақтайды Алаш барда») жеңімпаз атанды. Кәсіпкер  Жомарт Омаров тағайындаған  Сегіз сері атындағы жүлде Омбы облысы Есілкөл ауданы Қасқат ауылынан келген Сабина Омароваға тапсырылды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы