Аймақтар • 11 Сәуір, 2018

Қараталдың әжелері Алматыдан жүлделі оралды

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зайсан ауданы, Қаратал ауылының «Жанерке» әжелер ансамблі Алматы қаласында өткен «Өнерлі елдің өресі биік» атты республикалық өнер байқауынан олжалы оралды.

Қараталдың әжелері Алматыдан жүлделі оралды

Зайсандық әжелер «Ән салу», «Хормен ән салу», «Дәстүрлі ән», «Мәнерлеп өлең оқу», «Ақындық өнер», «Аспапта ойнау», «Бата беру», «Қолөнер», «Суретшілік өнер» сынды бөлімдерден тұрған бәсе­кенің «Хормен ән салу» бағы­тын­да бақ сынап, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың және халық әндерін әуелете шырқап, топ жарыпты. Ақ жаулықты аналарымыз «Ән салу» жанрында да өрелі өнер көрсетіпті. Жеке ән орындауда 50-60 жас аралығындағы қатысушылар ішінен қараталдық Сақыш Нұрпейісова, 71-80 жас ара­лы­ғын­дағы сайыскерлер сана­тын­да Бәкира Мүлікова бас жүл­де­ні иеленіпті.

Ал дуэтпен ән салу­да Ұлбосын Қайсақова мен Болат Ақбаева ансамбль қор­жы­ны­на тағы бір бас жүлдені салып, облы­сымыздың мерейін асырыпты. «Биыл «Жанерке» ансамблінің құрылғанына 10 жыл толады. Соған орай осы сайыста бақ сынамақ болып, көп еңбектеніп, ұзақ дайындалдық. Намысты қол­дан бермеу үшін барымызды салдық. Еңбегіміз ақталып, же­ңіс тұғырынан көріндік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, абырой. Осы жобаға қа­ты­суымызға мүм­кіндік жа­сап, демеуші болған «Ақ­бай» шаруа қожалығының же­тек­­шісі С.Абылғожинаға, кәсіп­кер Жеңіс Әміреновке, «Сай­хан» ЖШС жетекшісі В.Дудникке, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің бас­шы­сы З.Дүйсенбаеваға ерекше алғысымызды жеткізгіміз ке­ле­ді», дейді «Жанерке» әже­лер ан­самблінің жетекшісі Қа­ли­ма Исаева.

Реті келгенде айта кетейік, ұлттық өнерімізді ұлықтау, дәс­­түр­лерімізді дәріптеу мақ­са­­тында ұйымдастырылған бай­қау белгілі журналист Гүл­мира Нәлібай мен «Мереке» про­дюсерлік орта­лы­ғының ұйым­дастыруымен биыл алғаш рет өткізіліп отыр.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 
Зайсан ауданы