Өйткені ондай себеп көп бұл мақалада. Біздің ойымызша, дүйім жұрттың ықыласын өзіне осыншама бұрған еңбектің қазақ үшін ең бағалы тұсы – Елбасының кеше-бүгін-ертең арасына көпір салып, әрқайсысына ұлттық мүдде тұрғысынан келіп ұтыларымыз бен ұтарымыздың парқын саралауы. Яғни қазақ баласы болашақтың бағдарын айқындау үшін кешегіден не алу керек, не алмау керек, бүгін не істемек керек, неден аулақ болу керек, осылардан өрістеп келешектің кемесін қай қиырға беттетеміз, міне мәселе де, мән де осында деп білеміз.
Адамзат баласы ес жиып, етек жапқалы мынау ғаламда жаңғырудың сан түрі болған. Айталық Шығыс дүниесінде VIII, IX ғасырлардан басталатын Мұсылман Ренессансы немесе Исламның Алтын Дәуірі, Батыста, алдымен Италияда ХІІІ ғасырдан басталатын Еуропа Ренессансы және әр елде әртүрлі кезеңдерде болған ұлттық ренессанстар. Қай жаңғырудың да мақсаты – байырғы дәстүрдің асыл арналарын бүгінмен жалғау, содан адам үшін, қоғам үшін қажеттіні өрістетіп, болашаққа қадам басу.
Қоғамдағы әрбір жаңғыру міндетті түрде белгілі бір дәстүрлі және жаңа алғышарттарды қажет етеді. Бұл – адамзат дамуының жалпы диалектикасы. Әсіресе дәл қазіргідей адамзаттық даму үдерісі тез өзгеріп жатқан жаһандану кезеңінде осындай алғышарттарды жүйелеп алу қай қоғам үшін де аса маңызды. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бастапқы бөлігінде қазақстандық қоғамның жаһандану үдерісіне еркін кірігуінің басты алғышарттарын саралайды.
Атап айтқанда, еңбектің «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» алғашқы тарауында біздің қоғамымыздың өрістеуіне негіз болатын байырғы ұлттық құндылықтарды сақтауды, сонымен қатар ғаламдық өзгерістер тудырған жаңашыл сипаттағы үдерістерден де сабақ алуды ұсынады. Осыған орай, Елбасы: «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды» дей келе, ол қоғамдық сананы жаңғыртудың, сол арқылы қоғамдық қатынастардың жаңаша моделін қалыптастырудың себептері мен салдарларына тоқталады. Мұндағы мақсат мақалада айтылғандай, «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».
Мақала жарияланған уақыт ішінде ұлттық код жөнінде сандаған пікірлер айтылды. Елбасы қолданған осы тіркес санамызда белсенді ұғымға айналды. Ұлттық код ауқымына сол ұлтқа тән ерекшеліктердің барлығы енеді десек, оны сақтаушы да, жеткізуші де – ұлттық тіл. Империялық отарлау кезінде қағажу көрген тіліміз тәуелсіздік кезеңінде өрісін ашқандай болды. Дегенмен бетбұрыс болғанымен, қарқынның баяу екені сезіледі. Ол үшін бұл салаға үлкен бір қозғаушы күш керек еді. Біздің ойымызша, Елбасы мақаласында бірінші міндет етіп қойылған латын әліпбиіне көшу мәселесі тіл арқылы қоғамдық сананы жаңғыртудың ең басты алғышарты іспетті.
Қай әліпби болсын сол халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақтардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің болсын осындай тарихи миссиясымен бірге оның заманауи міндеттері де болады. Президент осы реттен келіп: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшелік-теріне байланысты», деп бұл әліпбидің қазақстандық қоғамның жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.
Елімізде латын графикасындағы әліпбиге көшудің бірнеше себептері бар. Біріншіден, Елбасы айтқандай, бізге кирилл әліпбиі саяси себептермен келді. Соның нәтижесінде қазақтың төл жазу емлесіне нұқсан келтірілді. Ол мамандар тарапынан тәуелсіздік кезеңінде ғана ашық айтыла бастады.
Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің әліпбиіне көз салсақ, онда нағыз жетілген әліпбилер көп дыбысты мейлінше аз таңбамен береді. Мәселен, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс дәл осылай 26 таңбамен беріледі. Қазіргі кирилл графикасындағы қазақ әліпбиінде біздің төл 28 дыбысымыз 42 таңба арқылы берілген. Осыдан-ақ қолданыстағы осы әліпбидің тіл табиғатына қайшы екендігі көрініп тұр. Сонымен бірге бұл әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесінде кездеспейтін артық таңбалар бар. Латын графикасындағы жаңа әліпби бізді осындай қажетсіздік пен ыңғайсыздықтан арылтады.
Екіншіден, дүние жүзіндегі түркі халықтарының 60 пайызға жуығы осы латын әліпбиінде. Қазір түркі тілдес халықтардың 7 дербес мемлекеті бар. Осылардың Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Яғни Қазақстан ортақ түркілік әліпбилік жүйеден тыс тұр. Түркі халықтарының көне заманнан қалыптасқан мәдени-тарихи тамырластығын және осындай рухани қатынастың қазіргідей жаңа деңгейде дамып жатқанын ойласақ, онда Қазақ елінің өзге әліпбиде қала беруі осындай сабақтастық пен тамырластыққа қайшы келеді.
Үшіншіден, халықаралық қауымдастықта Елбасы айтқандай, латын таңбалы әліпбидің маңызы зор. Осыны ескеріп латын әліпбиіндегі мемлекеттерді айтпағанның өзінде Жапония, Қытай, тіпті өздері үшін тарихи кирилл әліпбиіндегі Беларусь, Ресей, Украина сияқты мемлекеттерде латын әліпбиінің өзіндік стандарттары қабылданып, бекітілген. Ал бізде латын әліпбиі бекітілмегендіктен халықаралық құжаттар, пошта алмасуда, тіпті жеке құжаттарымызды толтыруда біз стандартталмаған әліпбиді пайдаланып жүрміз. Мұндай жағдаяттар қазіргі жаһандану кезеңінде заман ағымымен санаспауды көрсетеді.
Қазақ әліпбиі латын графикасына көшкенде туындайтын кейбір қиындықтар бар. Олар тұрақты емес, уақытша қиындықтар. Біріншіден, халықтың жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйрену үшін белгілі бір уақыт қажет. Ол үшін ақпарат құралдарында насихат және машықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бұқара халық жаңа әліпбиге тезірек бейімделуі қажет.
Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттер жаңа әліпбиге көшірілуі де белгілі бір уақыттық межені тілейді. Ол үшін әр саладан ең маңызды делінген әдебиеттердің тізімі жасалынып, мемлекеттік тапсырыс бойынша сол әдебиеттердің шығарылуы қолға алынғаны абзал. Бұл арада бұрынғы кирилл әліпбиі мен жаңа қабылданған латын әліпбиінің бірнеше жыл қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек. Ол жөнінде осы мақаласында Елбасы: «Әрине жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады», деді. Үшіншіден, кейбір адамдар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшсек, мемлекеттік тілді үйрену қиындайды дегенді айтады, бірақ тіл үйренудің тікелей әліпбиге байланысты емес екендігін бүгінде ағылшын, қытай және басқа тілдерді үйреніп жатқан балаларымыз бен жастарымыздың тәжірибесі айқын аңғартып отыр.
Латын әліпбиіне көшуге мемлекет тарапынан барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ұлттық комиссияның бірнеше отырысы өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді. Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, сараптамалық-ақпараттық жұмыс топтары бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстарын барынша қарқынды атқаруда. Оған еліміздегі ең білікті сала мамандары мен ғалымдары топтастырылған. Үстіміздегі жылы жаңа әліпбидің ережелері дайын болмақ. Келесі 2019-20 жылдан бастап нөлдік сыныптар жаңа әліпбимен оқитын болады.
Барлық салаға әліпбиді енгізудің шаралары қарастырылып, осы жұмысты уақытылы және сапалы атқару үшін Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жанындағы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына жаңаша мәртебе беріліп, оның біліктілік деңгейі мен әлеуеті күшейтілуде.
Жаңа қазақ әліпбиі ұлттық сананы жаңа деңгейге көтереріне сенім мол. Себебі біріншіден, біз өз тарихымызда мемлекеттік деңгейде тұңғыш рет өз әліпбиімізді таңдау мүмкіндігіне ие болдық. Екіншіден, кезінде отаршылдық саясатпен келген, тілдік табиғатымызды ескермеген әліпбиден арыламыз. Бұл жөнінде кезінде Президенттің өзі: «Осы контексте қазақ жазуының кириллицаның перифериялық нұсқасы болып отырған бүгінгі жағдайынан арылуымыз қажет», деп айтқан болатын. Үшіншіден, әлемдік қауымдастыққа батыл бағыт түзеген Қазақстанның азаматтары нағыз халықаралық үлгідегі осы әліпбиді қолдану арқылы өздерін әлемнің толық құқылы мүшесі ретінде сезінеді. Осылардың аясында елімізде қазақ тілінің өз мәртебесіне сай болуына бағытталған көптеген жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Жазғытұры келіп, табиғат жаңғырған шақта жалпыға жария болған Елбасының дәуірлік еңбегіне жыл толыпты. Осы уақытта қазақ қоғамы барын түгендеп, барарын бағамдап, ерекше серпілді. Талай толымды шара, сан салиқалы сөз айтылды. Барлығы да Алаштың қамы, қазақтың келешегі үшін. Әліпби талқыға салынды. Айтыстық, сынастық, ойластық. Елбасы сарабдал шешім қабылдады. Ендігі амал – орындау, жұмылу, еңсеру. Ол – Елбасы сенімі, ел үміті. Жаңғырудың жасампаздық баяны да осында.
Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты