Аймақтар • 12 Сәуір, 2018

Атакәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер Сырым Ертаев

1991 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген игі істер қолға алынғаны мәлім. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Ордабасы тауында үш биге монумент орнатылып «Қазығұрт тауы» жобасы жүзеге асырылады. 

Атакәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер Сырым Ертаев

Ал Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын ежелгі жол қайта жаңғыртылып, оның бойына ұлттық қолөнершілердің шеберханалары бой түземек.

Бұл таяу арада іске асырылуы тиіс, жоспардағы жұмыс­тар­дың бірқатары ғана. Елбасы мақа­ласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауы­лыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жері­ңе деген сүйіс­пе­н­ші­ліктен бас­та­латынын айта келе, «Туған жер» бағдар­лама­сын қолға алуды ұсын­ған болатын. «Туған жерге, оның мәде­ниеті мен салт-дәстүр­лері­не айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жас­тарды ұйым­дастырып, қолдау керек», – деген болатын Елбасы бағдарлама­лық мақаласында. Оң­түс­тікте туған жерінің, ауылы­ның өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрген кәсіпкерлер көп. Шағын және орта бизнестің дамуына, ауылдағы ағайынның жұмыспен қамтылуына мүдделі азаматтардың бірқатары «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есімі» жобасына енді. Елбасы айтқандай, «ел дамуына зор үлес қосқан аза­мат­тардың өздері мен олардың табыс­­қа жету тарихы әдетте құр­ғақ фак­ті­лер мен цифрлардың таса­сын­да қалып қояды. Шын мәнінде, Қа­зақстанның әрбір жетістігінің ар­тында алуан түрлі тағдырлар тұр...».

Осы орайда біз ел дамуына үлес қосып келе жатқан азамат­тар­­дың бірі – жеке кәсіпкер Сырым Ертаевты әңгімеге тартып, табысқа жету тарихын біл­мек болған едік.

«Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Махам­бетұлы – «100 жа­ңа есім» жобасына таңдалған кә­сіп­кер, меценат. Елге жасап жүр­ген қайы­рым­ды­лық істері жөнін­де айту­ды мүл­де ұнатпайтын аза­мат­тың мүм­кіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасы­лар­ға қол­дау көрсетіп, қаржылай көмек бе­ріп жүргенінен хабардар­мыз. Кәсіп­кер­дің көпбалалы, жал­­ғыз­ілікті аналарға баспана са­лып беріп, бала тәрбиесімен алаңсыз ай­на­лысуына жағдай жа­сап жүр­ге­нін айтушылар да аз емес. Бұл іс­ті кәсіпкер өз ауылында ғана емес, көрші елді мекендер­де де жал­ғастыруда. Жылына 3-4 тұр­­­ғын үй мұқтаж жандарға те­гін бері­­­леді. Осылайша ол өзге әріп­те­с­­­теріне үлгі көрсетуде. Сон­дай-ақ кә­­сіп­­­керлікті меңгер­гісі ке­ле­тін­­де­р­ге үйретуден жа­лық­пай­ты­нын жас­тар жиі риза­шылықпен айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген кәсіпкер қайбір жылы Қазығұрттың баурайын малға толтырған болатын. Ата кәсіп мал шаруашылығын дамытып жатқан Сырым Махамбетұлы бертініректе Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен мал сою бекетін және ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехын салып, іске қосты. Қуаттылығы – күніне 30 тонна өнім өндіретін, 28 адам тұрақты жұмыс орны­мен қамтамасыз етілген кәсіпорын­да бірінші кезекте сапаға мән беріледі.

«Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқа­лардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», екенін айтты. Өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігін пайдалануды атап көрсетті. Осы орайда біз мал сою цехын ашар алдында шетелдерді аралап, осы саладағы озық технология­лармен таныстық. Еліміздің өнімін экспортқа шығаруды көздедік. Көрген-үйренгенімізді, ізденістен түйгенімізді сараптап, өз цехымызда қолдандық. Нә­ти­жесінде, ет өнімдерін экс­порт­қа шығарудамыз.

Иран елінен сұра­ныс көп, алғашқыда 10 мың қой жібердік, бүгінде күніне 2-3 мың жөнелтудеміз. Сондай-ақ Қытай, Ресей елдерінен сұраныс түсуде. Оларға семіз мал емес, салмағы кемінде 10 келі, әрі кеткенде 20 келіден аспайтын мал еті қажет. Бізде ондай қойлар жоқ. Асылдандырып, семіртуге бейімбіз. Осы орайда олардың тағамтану мәдениетін зерттеп, талапқа сай өнімдерді жіберуге басымдық берудеміз. Көптеген ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келіп мал шаруашылығы бағытын­да кәсіпкерлікті мең­геруге қызығушылық танытушы­лар көп. Олар­дың оқып-үйренуіне барлық жағ­дай жасаудамыз және тегін. Яғ­ни бізде кәсіпкерлік мектебі жұмыс істеуде», дейді Сырым Ертаев.

Бүгінде «Қайып ата» ЖШС ет өнімдері экспорты көлемін арттыра түсуде. Дегенмен етті терең өңдеп, Корея, Жапония елдеріне де жөнелтуді көздеп отырған серік­тестікке білікті технолог қажет. «Жастармен кездесуде ауыл­ға қажетті маман­дықтар­ды, оның ішінде технолог мамандығын меңгеруге үндеудеміз. Егер талапкерлер болса, біздің кәсіпорын­­да жұмыс істетіп, Еуропаға оқу­ға өз қаражатымызбен жіберуге дайынбыз. Сондай-ақ бүгінде мал дәрігері, зоотехник сынды мамандықтар да сұранысқа ие.

Біздің еліміздегі мал өнімдері, ет араб елдерінде де жоғары бағаланады. Өйткені шөбіміз құнарлы, табиғатымыз, климаты­мыз мал өсіруге қолайлы. Елі­міздің қай өңірінде болсын. Жас­тарды мал шаруашылығына ден қоюға шақырудамыз. Кәсіп­ке деген махаббат барлық қиын­дық­ты жеңетінін айтудамыз. Етті тереңдетіп өңдеуді қолға аламыз, ол үшін мал санын көбейту қажет. Атакәсіпті жаңғырта сапалы мал азығын дайындап, сапалы өнім шығарып, әлемге тантытуымыз қажет», дейді кәсіпкер.

Қазығұрт, Сайрам аудандарында мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер бұл істі Батыс Қазақстан облысын­да да жүргізуде екен. Орал қала­сының маңайынан жер алып, қора тұрғызған серіктестік енді 2-3 мың бас малға арналған бор­дақылау алаңын салмақ, қой санын көйбейтпек. Міне осылайша жаңа жұмыс орындарын ашып, ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен ауыл, аудан­дағы ағайынның алғысына бөленіп, «100 жаңа есімге» енген Сырым Махамбетұлы кәсібінің ауқымын кеңейтіп, туған жерге сүйіспеншілігін туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұластырып отыр.

Айта кетелік, Оңтүстікте «Туған жер» арнайы жобасы негізінде 50 жоба дайындалып, 153 іс-шара жүзеге асырылуда. Ал «Тәрбие және білім» кіші бағ­дарламасы аясында 19 жоба, «Рухани қазына» аясында – 20, «Атамекен» аясында – 10, «Ақпарат толқыны» аясында 2 жоба іске асады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»