Ал біздің бүгінгі әңгімеміздің Қазақстан спортына қатысы жоқ. Осы жолы біз швейцариялық майталман спортшы, үлкен теннистің хас шебері, тума талант иесі Роджер Федерер туралы сөз қозғамақпыз. Жалпы, әлемде көзінің тірісінде аты аңызға айналған адамдар көп кездесе қоймайды. Федерерді сол азшылықтың қатарына қосуға әбден лайық тұлға десек, еш артық кетпейтініміз анық.
Теннис кортының болашақ жұлдызы 1981 жылдың 8 тамызында Швейцарияның шағын ғана Базель қаласында дүниеге келген. Әкесі Роберт жартылай неміс болса, анасы Линет дю Рандтың тегі африкалық көрінеді. Ұлының үлкен тенниске қызығушылығын байқап, кәсіби тәлімгерге алғаш берген де анасы екен. Спорттың осы түрінің қыр-сырын тез меңгере бастаған Роджер 12 жасында-ақ жасөспірімдер жарысына жолдама алса, 16 жасында алғашқы үлкен жеңісіне қол жеткізеді – жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанады. Араға төрт жыл салып, Уимблдонның ересектер бәсекесінде топ жарады. Осы Үлкен дулыға турнирінің финалында ол өзінің бала кезіндегі табынары Пит Сампрастан басым түседі...
Р.Федерер қазіргі өлшеммен қарағанда ерте, 19-ға толар шағында отбасын құрған. Таңдауының да теннисші қызға түскені таңдандырмаса керек. Швейцария азаматшасы болғанымен, тегі чех Мирослава Вавринецпен ол Сидней Олимпиадасында танысады. Екеуі де Швейцария құрамасының мүшелері болатын. Осы арада айта кететін бір жайт – үлкен теннистен үлкен үміт күттіріп, тіпті әлемдегі 100 мықты теннисші қыздың санатына енген Мирослава 24 жасында аяғын сындырып алып, содан кортқа қайта оралмаған еді. Сөйтіп, ол өзінің барлық күш-жігерін жұбайының PR-менеджері жұмысына жұмсап келеді. Роджер кортқа шыққан кезде оның әркез трибунадан табылатыны да сондықтан.
Сөз ретінде Федерерлер отбасында егіз ұл мен егіз қыз өсіп келе жатқанын айта кетейік. Қыздары 2009 жылы өмірге келсе, ұлдары 2014 жылы туған.
Роджердің өзіне келсек, ол барлық төрт Үлкен дулығаны жеңіп алған тарихтағы алтыншы теннисші болып табылады. Үлкен дулыға турнирлерінің 20 дүркін жеңімпазы. Федерерден атақты испан теннисшісі Рафаэль Надальдің төрт, бүгінде үлкен спортпен қоштасқан америкалық шебер Пит Сампрастың алты Үлкен дулығасы кем. Сербиялық үлкен талант иесі Новак Джокович бұл тізімде 12 дулыға жеңімпазы ретінде алғашқы төрт мықтыны түйіндеп тұр. Қазір ат үстінде жүрген басқа теннисшілердің жетістіктері екі-үш Үлкен дулығадан аспайды.
Айтпақшы, Федерер – екі Үлкен дулыға турнирінің шыңын қатарынан бес реттен бағындырған теннис тарихындағы тұңғыш спортшы (2003-2007 жылдар – Уимблдон, 2004-2008 жылдар – АҚШ-тың ашық чемпионаты). Бұған қоса, ол – 30-дан асқан шағында Үлкен дулыға турнирін кемі төрт реттен жеңіп алған үш теннисшінің бірі. Мамандар үлкен тенниске қатысты Ашық дәуір атап жүрген соңғы 50 жыл бедерінде мұндай ерен көрсеткішке бүгінде шау тартпақ түгілі шалдықтың қамытын мықтап киген аустралиялықтар – Род Лейвер мен Кен Розуолл қол жеткізген болатын. Олардың біріншісі, амандық болса, биыл 80-ге, екіншісі 84-ке толады.
Бірақ Федерер 37-ге аяқ артқанымен, әлі тұғырдан тайған жоқ. Сондықтан атақты аустралиялықтардың алдын орап кетуіне мүмкіндігі бар деп есептейміз. Бұлай сөз саптауымыз негізсіз де емес. Ол 20-шы Үлкен дулыға турнирін – Аустралияның ашық чемпионатын осы жылдың басында жеңіп алды. Алда әлі үш Үлкен дулыға турнирі – Ролан Гаррос – Францияның ашық чемпионаты, Уимблдон – Ұлыбританияның ашық біріншілігі және Американың ашық чемпионаты бар. Тым болмаса осылардың біреуінде жеңіске жетуі әбден мүмкін. Биыл сәті түспесе келесі жыл бар дегендей. Әрине, ол жасарып келе жатқан жоқ. Үлкен спортта адамның жасы үлкен рөл атқаратыны түсінікті. Бірақ Федерердің корттағы қимыл-әрекеттері әлі де көз қызықтырарлықтай.
Тамаша теннисшінің мына бір жетістіктерін де айтпай кетсек, қиянат болар. Ол – екі Үлкен дулығаны кемі алты реттен жеңіп алған алғашқы теннисші. Ал Аустралияның ашық чемпионаты биігін алты реттен үш теннисші бағындырса, Федерер солардың бірі. Уимблдонды ол сияқты сегіз рет жеңіп алар теннисші әзірше көкжиектен көрінбейді. Бұл да бір өзіндік рекорд.
1998 жылдан – 17 жасынан АТР-турларда (ағылшыншадан қазақшалағанда Теннис кәсіпқойларының қауымдастығы, Теннис кәсіпқойларының элиталы әлемдік туры деп те айтылады) өнер көрсетіп келе жатқан Роджер өзінің спорттық мансабында 96 рет жеңіс тойын тойлаған екен. Бұдан бөлек 2008 жылы жұптасып өнер көрсетуде Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанды. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жекелей сында күміс медальға қол жеткізді. Дэвис кубогының жеңімпазы. Жоғарыда айтқанымыздай, осы жеңістердің 20-сы аса беделді саналатын әрі көп сыйлықақы иеленуге мүмкіндік беретін Үлкен дулыға турнирлерінің үлесіне тиеді.
Сыйлықақы демекші, өзінің 20 жылдық спорттық ғұмырында Федерер 115 миллион долларға жуық ақша тапқан. Осы көрсеткіші бойынша ол әлемдегі ең табысты спортшы саналады.
Спорт саңлағы өзінің әр жеңісін, әсіресе, Үлкен дулыға турнирлеріндегі жеңісін алғашқы үлкен табысы секілді ерекше эмоционалды көңіл күйде көзіне мөлтілдете жас алып қабылдайтынының өзі бір қарағанда қызық көрінеді. Сондықтан оны «жылауық Федерер» дейтіндер де бар. Екінші жағынан осындай сентиментальділік оның жан дүниесінің нәзіктігін, мінезінің жұмсақтығын білдіретіндей. Жүзінің шуақ шашқандай жылылығы адамдарды өзіне магнитше тартатыны анық. Дүниенің төрт бұрышында оған тілеулес жанкүйерлердің орасан көп екендігі де менмендіктен ада қарапайым болмысына байланысты болар деп топшылаймыз.
Енді Роджер Федерер туралы айтқан немістің танымал теннис шебері, бүгінде табысты тәлімгер санатындағы Борис Беккердің сөзінен үзінді келтірейік. «Роджер – бұл феномен. 36-дан асқан шағында осындай шеберлігімен мақтана алатын кім бар?! Оған тең келер ешкім жоқ...». Беккердің пікірінше, Роджер жуыр маңда тенниспен қоштаса қоймайды. «Бұл, – дейді ол, – біздің спорт үшін шын мәнінде маңызды».
Сонымен Федерердің қатысқан жарыстарының бәрінде немесе бәрінде дерлік жеңіске жететін феноменінің сыры неде? Өзіне деген сенімділігі мен тамаша техникасы, кез келген мықты теннисшіге қарсы тез бейімделетін икемділігі мен қарсыласының қандай іс-қимыл жасайтынын алғыр шахматшыдай алдын ала біліп қоятын ақылды ойын өрнегін көрсететіндігі десек, қателеспейтін секілдіміз. Үлкен дулыға турнирлерінің ашық чемпионат ретінде өткізіле бастауына орай Ашық дәуір аталып жүрген соңғы 50 жыл бедерінде әрі одан әріде де, Беккер атап көрсеткендей, Федерерге тең келер теннисші әзірге жоқ екенін мойындауға тиіспіз.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»