12 Ақпан, 2010

НАЗАР КЕЛІСІМДЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫНА АУДАРЫЛДЫ

1099 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы  – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың шақыруымен елімізге Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы келді. Осы жолғы жүздесуге дейін олар соңғы рет 2010 жылдың 28 қаңтарында Лондон қаласында Ауғанстан проблемаларына ар­нал­ған халықаралық конферен­ция­да кездесіп, екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері туралы пікір алмасқан еді. Түркия әлемдік экономика­лық дағдарыстың кері әсер етке­ніне қарамай, Қазақстанның аса ма­ңыз­ды сауда-экономикалық әріп­тестерінің бірі болып қалып отыр. Кеден органдарының де­рек­тері бойынша екі елдің ара­сындағы сауда айналымы 2009 жылы 1 млрд. 362 млн. АҚШ дол­ларын құраған. Ал бұл көр­сеткіш 2008 жылы бұдан екі есе ар­тық болып, 2 млрд. 875 млн. доллар көлеміне жеткен екен. Қазақстан аумағында түрік капи­талының қатысуымен 1410 кәсіп­орын әрекет етеді. Оларда 45 мыңнан артық қазақстандықтар жұмыс істейді. 2007 жылдан бері Түркияда “Туысқан қалам” атты журнал шығып келеді. Онда 40 шақты қазақ қаламгерінің шығармалары аударылып басылған. Былтыр Астанада Түрік Республика­сы­ның негізін қалаған Мұстафа Ке­мал Ататүрікке ескерткіш ашыл­са, Түркияда өз бастамаларымен М.Жұмабаевқа, М.Әуезовке, Абайға, Қазақ қызына, Қабанбай батыр мен Абылай ханға ескерт­кіш орнатылған. Қанат Саудабаев пен Ахмет Дәуітоғлының кездесулері оңаша бас­талып, одан кеңейтілген құрам­да жалғасты.  Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының басшысы екіжақты қарым-қаты­настардың серпінді  дамып келе жатқанын айтып, болашақтағы перспективасы тіпті зор екенін тілге тиек етті. Кездесуден кейін Қазақстан­ның Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі мен Түркияның Төтен­ше жағдайларды басқару жөнін­дегі бас директораты арасында ынтымақтасу ниеттестігі туралы меморандумға және Қазақстан­ның Статистика агенттігі мен Түр­кияның статистика инс­ти­ту­ты арасында ынтымақтастық ор­нату туралы түсіністік меморан­думына қол қойылды. Осыдан кейін тараптар БАҚ өкілдері алдына шығып, шағын мәлімдеме жасады және журна­листердің сұрақтарына жауап берді. Онда Қанат Саудабаев ке­ліссөз Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевтың былтыр Түр­кияға сапарында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру шең­бе­рінде жүргізілгенін атап өтті. СЕНІМ ГРАМОТАЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа Қазақстан Рес­публикасына жаңадан Төтенше және өкілетті елші болып та­ғайын­далған Жаңа Зеландияның  елшісі Иэн Александр Хилл, Сер­бия­ның елшісі Елица Курьяк, Кипрдің елшісі Петрос Кесторас және Ирландияның елшісі Филипп Макдона Сенім грамоталарын тапсырды. Сенім грамоталарын тап­сыру рәсімінен соң, журна­листерге берген сұхбатында дипломаттар елшілік қызметтері барысында өз елдерінің Қазақ­станмен арадағы ынтымақ­тас­тықты дамытуға күш сала­тындарын айтты. Жаңа Зе­лан­дияның елшісі Иэн Алек­сандр Хиллдің айтуынша, екі мемлекет бір-бірінен алыс жатса да, қаты­настары достық негізде жан­данып келеді. Алдағы уақыт­та Жаңа Зеландия мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық және туризм салаларындағы бай­ланыстарды өрістетуге басымдық береді. Сербия елшісі Елица Ку­рьяк ханымның атап өтуінше, ол Мем­­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министріне өз елі Пре­зидентінің Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісуіне байланысты құттық­тауын табыс еткен. Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Еуропада қауіп­сіз­дікті қамтама­сыз етуге бағыт­тал­ған іс-шараларға тың серпін бе­ре­ді. “Қанат Саудабаевпен бол­ған әңгімеде, – деді әрі қарай елші, – Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшы­сы­ның Сербияға сапары жөнінде уағдаластық. Сербия Прези­денті Қазақстанға сапармен ке­луге зор ықылас танытып отыр”. Бұдан бөлек елші осы­дан бір күн бұрын Индустрия және сауда ми­нистр­лігінде болған­дығын, онда Сер­бия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынасты нығайту мақсатында ведом­ство­ара­лық комиссия құру туралы келісімге келгендерін хабарлады. Кипр Республикасының ел­ші­сі Петрос Кесторастың атап өтуінше, Кипр мен Қазақстан арасында дипломатиялық қа­ты­­нас 1992 жылы орнады. Содан бергі уақытта екі мем­лекет түрлі салаларда ынтымақ­тастық орната білді. Елші, сон­дай-ақ Қазақстан сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы­мен кездесуінде екіжақ­ты қатынастарды дамытуға баса назар аударылғанын айта келіп, Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу бастамасын Кипр бас­шы­лығы қолдайтын­дығын мәлім етті. Ал Ирландияның елшісі Филипп Макдона екеуара кез­десу барысында саяси-эконо­микалық мәселелер сөз болған­дығын, Қазақстанда Ирландия­ның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеп жатқан­дығын, екі елдің ынтымақ­тас­тығының болашағы зор екендігін атап өтті. ЕЛДІҢ ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАСЫ Елбасы атына Қобда ауданының құрметті азаматы Есенгелді Бажраевтан хат келді. Хат иесі: “Осы қасиетті аймақ­тың ақсақалдары атынан елімізді әлемге танытып, жарқын болашақ­қа даңғыл жол салып, сан алуан ұлттардың басын біріктіріп, оларды жасампаз іске, игілікті тірлікке жұ­мылдырып, көңілдеріне ертеңгі күнге деген нық сенім ұялатып, асқан көрегенділікпен басқарып келе жатқан Сізге ризашылы­ғымызды білдіре оты­рып, елдің ерекше ықыласын жеткізбекпіз”, – деп ағынан жарылады. Одан әрі: “Сіз қалың елді жаңа өмірге бас­таған, сол жолда аянбай күш-қайрат жұмсап жүрген, ұлты­мыз­дың ертеңі, ұрпағымыздың келе­шегі үшін табанды­лық­пен қызмет жасап келе жатқан, ыры­сы арылмаған, күллі әлем мой­ындаған мемлекет қалыптастырған, қазақтың маңдайына біткен ерекше Тұлғасыз. Тәуелсіздіктің арқасында туған жеріміздің көркейіп, еліміздің өр­кен жайғанын көріп, жетістік­те­рі­мізге марқайып отырған қарттары­мыз атынан аспанымызға күн нұры сәулесін шашқан бүгінгідей шуақты күндеріміз ұзағынан болсын, елдің тұтқасы Сіздей Елбасымыз аман бол­сын деп тілейміз!” делінген хатта. Президент поштасынан ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ЕЛІМІЗДІ ЖАҢА МЕЖЕЛЕРГЕ, ЖАҢА ЖЕТІСТІКТЕРГЕ БАСТАЙДЫ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауына қолдау білдірген хаттар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың басшыларынан, ардагерлер алқасы мүшелерінен, ұстаздар қауымы мен студенттерден, жекелеген азаматтардан көптеп келіп түсуде. Елбасыға жолдаған хаттарында “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың биыл­ғы Жолдауын ауданымыздың халқы ынта-ықыласымен тыңдап, зор қа­нағаттанушылық сезіммен қабыл­дау­да. Өйткені, Елбасы Жол­дауын­да шалғайда еңбек етіп жатқан ауыл халқы үшін өзекті мәселелерге айрықша көңіл бөлінгені халықпен жұмыс жасауда қоғамдық ұйым­дар­дың келешек жұмысына серпіліс туғызуда”, – деп атап өткен Оң­түстік Қазақстан облысы, Бәйдібек аудандық билер алқасы қоғамдық ұйымының төрағасы Б.Игісінов, аудандық ардагерлер кеңесі қоғам­дық ұйымының төрағасы Ә.Патса­ха­нов, “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары С.Азизханов және “Бақтияр” қо­ғам­дық қорының төрағасы Қ.Бұ­қарбаев. Президенттің биылғы Жол­дауын­да атап өтілгендей, үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысындағы Же­ңістің 65 жылдығына орай, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедек­теріне 65 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы төлеу, соғыс уақытында қаза тапқан әскери қызметкер­лер­дің жұбайларын соғыс ардагер­ле­ріне теңестіру, тыл еңбеккерлеріне материалдық қолдау көрсету туралы қамқорлығы үшін Елбасына шы­найы ризашылықтарын білдірген­дер­дің қатарында Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Шардара аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңе­сінің төрағасы Т.Ағманұлы, Орда­ба­сы аудандық ардагерлер қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Т.Әб­ді­райымов, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Темірбеков, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы У.Сүлейменов, Арыс қала­сының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ы.Төлебай бар. Кентау қалалық “Ар-Нұр” же­тім балалар үйінің меңгерушісі Ы.Жұ­машев “балалардың мектеп жасына дейінгі тәрбие және білім беру ісіне бағытталған “Балапан” бағдарламасы ертеңгі ел болашағы үшін үлкен қамқорлық болып табылады”, деп жазады. Сондай-ақ, Жол­дауда атап өтілгендей, көп балалы аналарға жасалып жатқан қам­қорлықтар, мектеп жасына дейін­гі оқытумен және тәрбиемен қам­тамасыз етуге бағытталған “Ба­лапан” бағдарламасын қызу қуат­таған хаттар Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігі мүшелері атынан М.Зәйтүн­қызы­нан, Арыс қаласының әйелдер ке­ңесінің төрайымы Г.Есілбековадан, Отырар аудандық әйелдер кеңесі­нің төрайымы А.Рыскелдіден, Шар­дара ауданының тұрғыны, көп балалы ана Қ.Саховадан келіп түскен. “Биылғы Жолдауыңыздағы тың идеялар мен алдағы онжылдыққа арналған жоспардан жастарға деген ерекше қамқорлықты сезіндік. Әсіресе, “Жол картасы” аясында жас мамандардың алты ай бойы тәжірибеден өтуіне мүмкіндіктер жа­салатыны, Астана қаласында біре­гей жоғары оқу орындарының ашылуы біздің ауданның жастарын қуантты. Жоғары оқу орындарын­дағы білім сапасына қойылатын та­лаптардың артуын, әлемнің жетек­ші университеттерінің рейтингісіне енуін біз қолдаймыз, осы мақ­сат­тағы бастамаңызға өз үлесімізді қо­самыз”, делінген Ордабасы аудан­дық “Жастар” қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Г.Жолдасованың Елбасыға жазған хатында. Бұл маз­мұндағы хаттар “Нұр-Әлем” жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Ормановтан, М.Әуезов атындағы мемлекет­тік университетінің студенті Ж.Сә­лімбаевадан келді. “Нұр Отан” ХДП Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Тұрдалин хатында “Жолдауда “Нұр Отан” ХДП қоғамдағы орны мен рөліне ерекше көңіл бөлінген. Елбасы Жол­дауында алға қойылған мін­дет­терді орындауда еліміздегі барлық саяси күштерді “Нұр Отан” пар­тия­сының төңірегіне топтастыру қа­жет деп санаймыз және осы ба­ғыт­та тиісті жұмыстарды жүргі­зе­міз. Жолдаудың елімізді жаңа межелерге, жаңа жетістіктерге бастайтынына сенімдіміз”, деп оның мән-маңызына ерекше тоқталып өткен. Жолдауға қолдау білдіре оты­рып, оның ел өміріне тигізетін зор ықпалы, әсіресе, кәсіпкерлікке кең жол ашудағы маңызы туралы Оң­түстік Қазақстан облысы, Қасқасу ауылының тұрғыны, зейнеткер, ардагер С.Құмарұлы, Шардара қа­ла­сының тұрғыны, шаруа қожалы­ғы­ның төрайымы Ұ.Тастанова, Отырар ауданының ұстаздары аты­нан хат жолдаған Ж.Көлбай ке­ңінен баяндаған. МАҚСАТ – СЕРПІНДІ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ Премьер-Министрдің бірінші орын­­басары бастап келген делегация Ел­басы­ның Жол­дауында айтылған тапсыр­­ма­лар­дың, атап айтқанда, индустрия­лық-инно­вациялық даму бағдар­ламасындағы жобалар­дың іске асу барысымен танысты. Олар әуелі “Азия керамик” ЖШС-інде болды. Зауыт директоры Метли Тозлы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған. Қазақстан, Елбасы айтқандай, өзге елдермен ұшақ құрастыру, мәшине жасау арқылы бәсекеге түсе алмайды, оның қолындағы мықты көзірі – ауыл шаруашылығы. Кейбір елдер жер жетпегендіктен үйінің үстіне су сеуіп, көкөніс өсіріп жүрсе Алла­тағалла қазақ халқының несібесіне бұл жағынан кеңдік жасапты. Алайда, шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын салқар жеріміз бар екен деп даланың самалындай аңқылдап жүре беруге болмайды. Бидай ектің, орып ала бер емес, оған мықты күтім, заманауи агротехника, жердің жоғын толтыратын тыңайтқыштар керек. Израильдің тастақ даласын гүлден­дір­ген тамшылатып суару әдісі әдетте көкөністерге пайдаланылатын еді, кәсіп­кер Ермек Абасов мақта егуде де қол­данып үлкен табысқа жетіпті. “Қытайда бұл әдіспен 1 гектар жерден 10 тонна күріш, жүгері, бидай дақылдарын алады. Біз де сондай жетістіктерге жете аламыз” дейді ол. “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағындағы кеңестің тізгінін ұстап отырған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев: “Заман өзгерді деген осы. Бұрын осындай аграр­лық соны әдістерге жекелеген шаруалар­ды күштегендей етіп пайдалануына мәжбүрлейтін едік. Тиімділігін өздері түсінді, енді қамшы салдырмай жұмыс жасауға кірісті”, дейді разы болып. Керамогранит Қазақстан рыногына сырттан тасымалданады. Осы зауыт іске қосылған жағдайда өз елімізден бөлек көрші мемлекеттерге, Түркияға, Иранға шығаруға болады екен. Зауытқа салын­ған инвес­тиция көлемі 35,4 млрд. доллар. Осының 4,34 млрд. доллары зауыттың өз қаржысы. Жылына 2,5 млн. шаршы метр керамогранит шығарамыз деп талапта­нып отырған зауыт оның көлемін 6 млн. шаршы метрге жеткізуді жоспарлауда. Қазақстанда кварцты құм мол бол­ғанымен, дайын қоспалары бары әзірге Украинадан тасымалданады. Көкшетау және Талдықорғандағы зауыттар кезінде тұтынушы жоқ болғандықтан тоқтап қалған. Қазір де әліптің артын бағып отырғанға ұқсайды. Өмірзақ Естайұлы сәуірде іске қосы­ла­тын зауыттың жұмысына сәттілік тіледі. Қазақстан Даму банкі қаржылан­дырып отырған өндіріс орны Қазақстан рыногына сырттан тасымалданатын өнім­дермен бәсекеге түсуге әбден қабілетті. “Hіll” ЖШС-і зауытында қолға алынған жоба жұмысымен танысқан жұмыс тобы негізгі әңгімені “Оңтүстік” еркін экономикалық аймағында жалғас­тырған. Бірнеше өндіріс орындарын бірік­тіріп отырған аймақтың келешегіне артылған үміт үлкен. Өмірзақ Естайұлы Елбасының тікелей бақылауындағы индустриялық-инновациялық бағдар­ла­ма­­ның Оңтүстік келешегіндегі жоба­лары­­ның жағдайын талдап, түйінді мәсе­ле­лер­дің осы отырыста шешілуіне мүдделі екендігін айтты. Яғни, бағдар­ламаға кірді, проблемасы болмау керек. Жер­гілікті әкімдік шеше алмайтын түйін Үкімет отырысында талқыланады. Қазақстанда алғаш рет қолға алынған серпінді жобалардың бірі күркетауық өсіретін “Ордабасы құс” фабрикасының жағдайы туралы директоры Мұрат Тағаев баяндап берді. Құрылыс-монтаж жұмыс­тары, су, электр жүйелерін тарту шешіл­ген. Қондырғылардың отыз пайызы әкелініпті. Мәселе көгілдір отынды тұтынуда туындап тұр. Қалған жұмыстар кестеге сай іске асырылады. Субсидия­лау мәселесінде де ойласатын мәселелер баршылық. Кеңесте жекелеген министрлік өкіл­дері өз салаларына байланысты берілген тапсырмалардың жайын таратты. Оның бірегейі “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автомагистралы. Оңтүстіктен 454 шақырым жол өтеді. Оған арнаулы техника, цемент, битум, қайрақ тастар секілді құрылыс материалдары керек. Облыс әкімінің орынбасары Болат Әлиев осы­ған оңтүстіктің әлеуеті әбден жететін­дігін баяндап берді. Жекелеген асфальт зауыттары бар, жолға қажетті суағар науа, тротуар, бордюр секілді материал­ды дайындай алатын “Береке А” ком­паниясының президенті Рәшкүл Оспан­әлиева 400-дің үстінде техника шығара алатындығын айтқан. Төрт айрықпен өтетін үлкен жолдың Түркістандағы “Бір­лік” ауылы, Ордабасы ауданы жа­ғында күрмеулі жағдайлары бар. Облыс­тық әкімдік бұл мәселені өздері шешетіндігін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев субсидияның жаңадан белгілеген жобасы жайында баяндап берді. Бұрынғыдай барлығына емес, мемлекетке керекті дақылдарға молдау беріледі. Жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тар­ды тарқатты. Ағын су мәселесінде Қыр­ғыз­станмен мемлекетіміздің ортақ келі­сім­ге келгендігі, Өзбекстан, Тәжік­стан­мен әлі келіссөз жүріп жатқанын айтты. Шардара су қоймасынан су сорғылар арқылы Мақтаарал ауданының суармалы жеріне 13,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылған. Бұл 86 мың гек­тар жерді суландыруға мүмкіндік беру­мен қатар, Өзбекстаннан “Достық” кана­лы арқылы келетін суға тәуелділік­тен құтқармақ. Айтқандай, бұл жоба аудан­­ның суармалы жерінің 68 пайызын құрайды екен. Шардара су қоймасынан алғашқы кезектегі суды қабылдаған Көксарай су реттегішіндегі жұмыстардың жайын Төтенше жағдайлар министрі В.Божко айтты. “Қысқа мерзімде үлкен жұмыс атқардыңыздар, рахмет. Мен мұны Елбасыға баяндаймын” деді Ө.Шөкеев. Кеңес соңын ОҚО әкімі Асқар Мырзах­метов қорытты. Бұрын 10 мың жұмысшы нәпақасын айырған “Фос­фор” зауыты аймағы өнеркәсіп орын­дарының басын біріктіруге қолайлы. Облыс басшысы өндіріс аймағы ретінде осында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтты. Инфрақұрылымы қалыпқа келтіріліп жатқан аймаққа қаржы салып, өз жұмыстарын жүргізуге облыстың өз ішінен де талапкерлер табылып жатыр. Шағын және орта бизнесті орнынан кө­теруде “Максимум” АИО” ЖШС-інің қыз­меті ерекше. Шаруалар мен диқан­дар­дың құлшынысы жақсы. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы Үкімет деңгейінде шешілетін мәселелерді де жіліктеді. Соның бірегейі, “Оңтүстік” еркін экономикалық аймағындағы кәсіп­орындарды қосылған құн салығынан босату және қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік беру. Талай мемлекеттердің осындай қолдаулар арқылы экономика­сын түзеп алғанына кәрі тарих куә. Аймақтағы өңдеуші кәсіпорындарды қосымша құн салығынан босату өндірісті өркендетері хақ. Премьер-Министрдің бірінші орын­басары бұл проблемалар Үкімет отыры­­сында қаралатындығын айтты. Кеңес соңында “Қазатомпром” ұлт­тық компаниясы мен облыс әкімдігі бірлескен меморандумға қол қойды. Сол күні Ө.Шөкеев бастаған Үкімет мүшелері Мақтаарал өңірінде болып, шекара аймақтарын нығайту мәселелерін нықтады. Шардара су қоймасынан су сорғылар арқылы суландыру жүйесі жұмысының жайын көрді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. БҮЛДІРШІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН БАЙҚАУ Астанада “Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі” әдістемелері республикалық байқауының қоры­тын­дысын жариялауға арналған баспасөз мәсли­хаты өтті. Онда Мемлекеттік тілді дамыту Прези­денттік қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков пен осы қор директоры­ның міндетін атқарушы Азат Шәуеев өткен жыл­дың қорытындысын жариялап, үстіміздегі жыл­дың жоспарларымен таныстырды. Айта кететін бір жәйт, 2009 жылғы сәуірде жариялан­ған байқау тіл үйретудегі инновациялық үдеріс­тер­­ді, тиімді әдістемелік құралдарды, осы сала­дағы ұстаздар ұжымы мен қоғамдық ұйымдарды ынталандыру, қолдау мақсатында ұйымдастырыл­ған болатын. Қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, байқауға мектепке дейінгі мекемелерден, қазақ тілі оқытушылары­нан, әдіскер-ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардан барлығы 20-ға жуық өтінім түскен. Жұмыстарды іріктеу барысында қазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстардың тіл үйретудегі қолайлылығы мен әдістемелік тиімділігіне баса назар аударды. Бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің 3 бірдей әдістемесін ұсынған әдіскер Райхан Мәженқызы (Астана) бірінші орынды иеленіп, арнайы диплом­мен және 300 мың теңге көлеміндегі ақ­ша­лай сыйлықпен марапатталса, павлодарлық №116 балабақша мұғалімі Әйгерім Каримова жүлделі екінші орын мен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты еншіледі. Ал үшінші орын мен 100 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықты қазылар алқасы Арқалық қаласындағы “Раушан” балабақшасының оқытушысы Алданыш Ай­жарықоваға беруді ұйғарды. Сондай-ақ, қазақ тілін дамытуға арналған қоғамдық жобаларға қолдау көрсеткен бірқатар отандық компаниялар Мем­лекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Қамқор­шылық кеңесінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың “Алғыс хатымен” марапатталды. Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры директорының міндетін атқарушы Азат Шауеев­тің хабарлауынша, тіл шараларын, оның ішінде бала­ларға арналған байқаулар өткізу биыл да жалғасын таппақ. “Мектеп оқушылары ара­сында “Ұлан” балалар газетімен бірлесе отырып өткізі­ле­­тін шығарма жазу байқаулары 1 наурыздан бас­та­лады. “Ерлік пен Жеңіс” деп аталатын бірінші байқауға қазақ мектептерінің оқушылары, екінші “Еліміз Еуропа төрінде” тақырыбындағы сайысқа өзге тілді мектеп оқушылары қатыса алады, – деді ол. “Егемен-ақпарат”. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДА Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ универ­ситетінің делегация­сы жа­қын­­­­­­да Мәс­кеу­­дің беделді жо­ғар­ы оқу орын­дарын­да болып, бір­қатар маңызды кез­десулер өткізді. ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұма­ғұлов пен М.В.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті­нің рек­торы Виктор Садовничий­дің кездесуі кезінде халықаралық білім кеңістігіндегі іргелі екі оқу орнының ең басты стратегиялық даму мәселелері талқыланды. Студенттік қарымдылықты дамыту мәселесіне ерекше назар ау­дарылды, сондай-ақ ҚазҰУ мен ММУ арасындағы қос дипломды ынтымақтастық жөнінде сөз болды. Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің жетекші профессор­лары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс өткізуге шақырылды. Өз кезегінде ММУ ректоры Қазақстан Республикасы Прези­дентінің ақпандағы Жолдауын қызу қуаттап, білім мен ғылым­ның дамуына мемлекеттік қол­даудың маңызды рөл атқаратын­дығын айтты. Сондай-ақ, Қазақ­стан Президентінің бастамасымен Астанада Жаңа университет ашы­­латындығын мәлімдеді. Виктор Садовничийдің пікірінше, Астана­дағы Жаңа университет пен Ал­матыдағы Қазақ ұлттық универ­ситеті білім мен ғылымның ірі орталықтарына айналуы керек. Жетекші білім ордаларының басшылары ағымдағы жылдың қазан айынан қалдырмай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың негі­зінде, ММУ және Еуразия уни­верситеттер қауымдастығының қолдауымен ғылым мәселелері мен перспективаларын талқылауға ар­налған Дүниежүзі ғалымдары­ның ғылыми форумын өткізуге келісті. ҚазҰУ өкілдері алдымен “Дубна” халықаралық универси­тетіне барып, РЖҒА-ның (Ресей Жаратылыстану ғылымдарының академиясы) прези­денті Олег Кузнецовпен кездесті. Кездесу барысында Мәскеу айма­ғын­дағы ғылым-білімнің жетекші орталығы болып табылатын керемет кешен­нің қызметімен танысты. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ынтымақ­тастық келісім-шартқа отырды. ҚазҰУ ректоры “Дубна” уни­верситетінің ректоры Владимир Филипповпен әңгіме барысында ТМД мен ШЫҰ елдерінің желілік университетін дамытудағы ынты­мақтастық, Консорциумдағы 11 университеттің немесе ҚазҰУ-дың магистранттарын бірлесе оқытып шығару үшін жоғары санаттағы магистрлік бағдарламаларды ұйым­дастыру және жүзеге асыруда күш біріктіру, сондай-ақ жоғары деңгей­лі ғылыми мамандарды дайындау мәселелерін сөз етті. Кездесу студенттер және оқы­ту­шы-профессорлар құрамының алмасуы, біліктілікті арттырудың қысқа мерзімді стажировкалары және біріккен ғылыми жобалар жүргізу жөнінде ҚазҰУ мен РХДУ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен түйінделді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.