Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Ұлы Дала Ренессансы

1704 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлтқа қазық, ұрпаққа азық боларлық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланғанына тура бір жыл толып отыр. 

Ұлы Дала Ренессансы

Еліміздің мәдени-рухани өмірінде тарихи бетбұрыс жасаған, қоғамдық санаға сілкініс әкелген, дәйекті деректері мен мәйекті мазмұны үйлескен маңызды мақаланың ең әуелі ана тілінде жарыққа шы­ғуы алдымен қасиетті қазақ тілі­нің мерейлі мезетін меңзесе, екіншіден – бас басылымды ерекше бір мәртебелі құрмет биігіне көтеріп тастаған еді. 

Шын мәнінде әрбір сөзі санаға серпіліс, жаңаға кең тыныс ашқан мазмұнды мақала ел мен жердің, таным мен тарихтың, қасиет пен қастердің түбегейлі жаңғыртудың бағыт-бағдарын айқындап берді. Содан бергі бір жыл уақыт ішінде «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», латын әліпбиі, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары бағытында қыруар жұмыс атқарылып, ұлттық код, прагматизм, сананың ашықтығы мәселелері қоғамда кеңінен талқыға түсті. Тағылымды тарих ұрпақ жадында жаңаша жаңғырды, киелі мекендер жүйелі зерттеу объектілеріне айналып,  әліпбидің жалпыхалықтық талқылаудан өткен нұсқасы қабылданды. Бейбіт күндегі ерлігімен, қажырлы еңбегімен, жасампаз жобаларымен, жарқын жетістіктерімен қоғамға үлгі болатын 100 жаңа есім анықталды. Әлемдік ақыл-ой қазынасынан 100 кітап таңдалып, оны қазақ тіліне аудару ісі жүйеге түсті. 

Елбасы тапсырмасымен қазақ халқының қастерлі орындары саналған, халық жадындағы қа­сиетті мекендерді қайта жаң­ғыр­ту ісі қолға алынды. Оған «Егемен Қазақстан» газеті де қал-қадерінше атсалысты. «Ата жұрт: аңызға айналған атаулар» деген айдар ашып, Аспантаудан Беғазыға, Отпантаудан Отырарға дейінгі алып аймақтағы өскен жер, өрген орта тарихы қағазға түсірілді. Бас басылым бетінде жалпы рухани жаңғыру аясында жарық көрген материалдардың саны 2 мыңнан асты.

Қазақ халқының ұлттық санасы туған топырақпен тұтас ұғым екені ежелден белгілі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Туған жер­дің әрбір түйір тасы қазақтың өңі­ріне түйме болып қадалуы керек» десе, сол қазақтың әрбір түйір тасының тарихы бар екенін білеміз. Ол аңыз-әпсаналарды халық санасына сіңіру арқылы, өткенімізді саралап, бүгінімізді байыптауға бет алуымыз керек.

Қазақ елі ата-бабаларының қорымымен шекарасын шегендеп, дәстүрімен дәуір келбетін дерек­теп, әрбір белі мен жотасын, көлі мен қоғасын сана дең­гейін­де ұлықтап келе жатқан жора­­лы жұрт. Әрбір атаудың ас­тын­да аңыз, әрбір әулиелі үң­гір­лердің әпсаналары болатыны сондықтан. 
Қазақстан ширек ғасыр ішінде асқаралы белестерді бағын­­д­ырып, ендігі жерде әлем­дегі дамыған 30 елдің қата­рынан табылуға ұм­ты­лып отыр. Елбасының алыс­ты терең­нен болжайтын стра­тегия­лық саясатының ар­қасын­­да мемлекет қарышты экономикалық дамуға қол жеткізді. Ал мұнда Мемлекет басшысы айтқандай «Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр». Осын­дай ниеттен туындаған «Қазақ­стан­­дағы 100  жаңа есім» жобасы елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан тұлғаларды саралады. Жаңа жобаның арқасында заманға сай тұлғалар шоғыры қалып­тасқанынан қалың жұрт­шылық хабардар болды. 

Ұлттық мәдениет жауһарлары жаһан төрінде дәріптелді

Мемлекет басшысы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бас-тамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп айтқаны біз­дің тарихи-мәдени қазыналары­мызды, рухани құндылықтары­мызды әлем жұртшылығына таныстыруға бастамашы болды деуге негіз бар. Соңғы бір жыл ішінде отандық мәдениеттің жауһарларын төрткүл дүниеге таныту барысында орасан зор жұмыстар атқарылды.

Бағзыдан жеткен бабалар мұрасы негізінде қалыптасқан еліміздің бүгінгі мәдени өмірін әлемге танытуда айрықша мүм­кіндік туды. Былтыр қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы таныстырылып, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында «Ұлы дала­дағы көшпенділер тарихы», «Қазақстанның киелі жер­лері­нің географиясы» атты карта­сының тұсаукесері өтіп, Қазақ­стан және Астана туралы бі­ре­гей деректі фильмдер көр­се­тілді. 2017 жылдың 14 қыр­күйегі­нен бастап 4 ай бойы Британ музе­йін­де (Ұлыбритания) өткізіл­ген «Еура­зияның ежелгі көш­пен­ділері» халықаралық көрмесі мен Тәуел­сіздік күні қарсаңында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) ұйымдас­тырылған «PHOTOfest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фо­то-суретшілерінің көзімен» ат­­ты фотокөрмесі қазақтың тағы­лым­­­ды тарих ұйыған байтақ дала­­сы­на әлем халқының көңілін аудартты. 

Елімізде жаңа бет-бейнесі келісті келбетін қалыптастыру­ға септескен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағ­дарламасы мәдениеттің бар­лық саласын қамтыды деуге болады. Қазақтың театр және кино өнерін де әлемдік мәдени кеңістікте жан-жақты насихаттау – осы бағдарламаның бас­ты бағыттарының біріне айна­­лып отыр. Былтыр жыл аяғы­на таман Лос-Анджелес қала­сын­да «Қыз Жібек», «Анаға апарар жол», «Алмас қылыш» фильм­дері көрсетіліп, АҚШ-тағы қазақ­стан­дық кино күндері өтті.  Отан­дық кино индустриясы мен гол­ливуд­тық кинокомпаниялар арасын­дағы әріптестік байланыстың арқасын­да «Қазақфильм» кино­студиясы­ның голливудтық кинорежиссер Джеф Веспамен бірлесе түсірген «Әміре» кино­кар­тинасы жарыққа шықты. Отарлық озбырлықты жан-дүниеңе басқаша көзбен сездіріп, ой салатын фильмде көмейіне бұлбұл ұялаған әнші Әміре де, Алаш ардақтысы Мұстафа Шо­қай да өздері келбетті, сөздері келісті кемел тұлғалар! Ең бас­тысы, соңғы күндері қазақ бас­па­­сөзі­нен аңғарғанымыздай, қо­ғам­да, әсіресе жастар арасында әсем әнімен Парижді таңғал­дырған Әміре мен тұтас, тәуел­сіз Түркістан идеясы үшін эми­грацияға кеткен Мұстафа Шоқай өміріне деген қызығушылықтың арта түскенін байқадық. 

Әліпби – мемлекет құрып, Астана салумен бірдей ауқымды жоба  

Елбасының бағдарламалық мақаласындағы негізгі ұстын­дардың бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Әліппе ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мем­лекеттің тәуелсіздігі мен тұтас­тығын айқындайтын сим­вол­дардың бірі екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан әліп­песін алмастыру туралы қа­был­даған шешімі арқылы Елба­сы қазақ елінің тәуелсіздігін бекем­­дейтін, тұтастығын нығай­татын, Мәңгілік ел мұратын тұ­ғыр­лы ететін тарихи таңдауын жа­сады деп ойлаймыз.

Бұған дейін жазған ойымызды тағы да нықтай түссек, елдің төл әліпбиін жасау – Тәуелсіздік алу, Мемлекет құру, Астана салу сынды аса ауқымды әрі тағдыршешті жобалардың бірі. Сол себепті де Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша мән беріп, оны бүкілхалықтық тал­қылауға шығарды. Бір ғана «Егемен Қазақстан» газеті­нің өзіне еліміздің түкпір-түкпі­рі­нен жүздеген хаттардың келуі, газет бетінде ғалымдар мен са­рап­­шылардың, тіл маманда­ры­ның, қарапайым жұртшылық өкілдерінің, тіпті шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерінің пікір білдіруі, әліпби мәселесі бойынша мыңға жуық мақала жариялануы соның айқын айғағы деп білеміз. 

Расында да, мамандар латын әліпбиі қазақ тілінің бояуын, ерек­­шелігін, тілдік заңдылық­тарын сақтайтын бірден-бір әліп­би екенін алға тартады. Латын әліпбиі – ғылымның, тех­ни­ка­­ның тілі. Елбасы тап­­сырма­сын жүзе­ге асыру үшін бұл бағыт­та да қыруар жұ­мыс атқарылды. Әліпби­дің нұс­қа­­лары қабылданып, ел сүз­гісі­­нен өтті. Қазақстан Пре­зи­денті соңғы нұсқаны бекі­тіп, тиіс­ті Жарлыққа қол қойды. Стра­­­те­гиялық маңызы бар құжат қа­былданып, Білім және ғылым министрлігі жақында қазақ­стан­дық мектептерді латын әліп­биіне көшіру кестесін жария­лады. Осыған сәйкес мектеп­тері­міз 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңа әліпбиге көше­ді. Бұл – ел болашағы үшін жасал­ған маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан, «Егемен Қазақ­стан» да бұл бағытта өз қада­мын жасап, наурыздан бері оқырман­дар­­ға газетіміздің атауы латын әліп­биімен жете бастады.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, "Егемен Қазақстан" 

100 оқулық: ақыл-ой қазынасына қосылған телегей білім

Қарыштап дамып бара жатқан жаһандық үрдістен қал­май, бә­секеге қабілетті мемлекет­тер­дің қатарында болу үшін сөз жоқ сапалы білім, білікті ұрпақ қажет. Елбасы адами капитал ұғымын бекер алға тартқан жоқ. Заман көшіндегі небір қиын асу мен белестерді қазіргі уақытта күш емес, білім бағындыратынын көріп келе жатырмыз. 

Бүгінгі қазақ жасы жан-жақты ақпараттанған, бірне­ше тіл меңгеріп, өз саласы­ның кәсіби маманы болуы тиіс. Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен әлемнің үздік уни­верситеттерінде оқы­ты­латын, ондаған тілге аударылып, бір­неше мәрте басылып шыққан үз­дік ғылыми оқулықтарды қазақ тіліне өз деңгейінде аударып, жалпы студент қауымға жеткізу міндеті жүктелгені мәлім. Бұл бағытта атқарылған жұмыстың бір парасын кеше «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры Мемлекет басшысының қаты­суымен өткен алқалы жиын­да таныстырды. Еліміздегі ғалым­дар мен жоғары оқу орындарынан келіп түскен 800-ден астам ұсыныстың ішінен таңдап алынған жүз оқулықтың биыл он сегізі аударылып, оқыр­манға ұсынылды. Елбасы өзі қатысқан шарада бұл жоба туралы оң пікірлер айтылды. 

Әрине, бұған дейін де ана тілі­мізге әлем әдебиетінің жау­һар­лары аударылғаны рас. Бі­рақ әлемнің ең үздік ақыл-ой иеле­рінің таңдаулы еңбектері дәл осындай ауқымда жүйелі түрде аударылған емес. Тарих­қа үңілсек, грек философиясын аудару арқылы ислам әлемі­нің ғылыми тұрғыдан толыс­қанын білеміз. Ал мұсылман ғалымдардың ғылыми жетістік­терін түпнұсқадан аудару арқылы Еуропада Ренессанс дәуірі басталған еді. Жалпы, мұндай іргелі аударма ұлттық жаңа мәдениет қалыптастырады, халықтың ой қазынасын байытады, жаңғыртады, оның тереңге тартқан тамырына қан жүгір­тіп, жас толқынның шығарма­шы­­лық әлеуетін арттырады. Сон­дық­тан шетелдердің шоқтығы биік ғылы­ми шығармаларын түп­нұс­қадан тікелей аудару арқылы тіліміздің өрісі кеңей­ді, жаңа терминдермен байы­ды, ең бастысы, елімізде аударма мектебі қалыптасып, нығай­­ды. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобаның бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ үшін мәні мен маңызы, тигізер пайдасы өлшеусіз. Бұған дейін мұндай мемлекеттік деңгейдегі іргелі жобаның алыс-жақын көрші мемлекеттер мен жалпы түркі әлемінде жасалмағанын да айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттің білімге, жас ұрпаққа жасаған үлкен қамқорлығы деп түсінуіміз керек. 

Түбі бір түркі жұртының темірқазығы

Осы орайда айта кетерлік жайт, Елбасының болашаққа бағдар болар бұл мақаласы тек қазақ халқының қазынасына ғана олжа салатын бағдарлама емес, түбі бір түркі жұртының да терең тарихын зерделеп жатқан халықаралық ірі жоба деуге толық негіз бар. Бұл ой – былтыр ғана көшпелі жұрттың көне қонысы Керуленнен көш бас­тап, Арқаның алтын қазығы – Ұлытаудағы Кеңгір бойына келген «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» халықаралық экспедициясы кезінде дүниеге келген болатын. Расымен де біздің тарихымыздың тек Қазақстанның қазіргі шекарасымен шектелмейтіні бел­гілі. Біздің тарихи жады­мыз тас балбалдардың тамырын­да, түркі көсемдерінің тұғырын­­да екені анық. Байқал мен Балқан­ның, Алтай мен Анадолының, Моңғолия мен Мажарстанның ара­сындағы байтақ далада көш­пелі байырғы түркі халық­тарының өнегелі ізі мен өміршең сөзі сайрап жатыр. Оның үстіне әлем бізді түркі жұртының алтын бесік – қарашаңырағы, Қазақстан Президентін түркі жұртының көшбасшысы деп танитыны белгілі. Сондықтан «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бола­шақ­та ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналса деген тілегіміз бар. Азат Алаштың ақ парағына жазылған Елбасы мақаласы түркі жұртының рухани темірқазығы, Ұлы Даланың Ренессансы болары анық!

Дархан Қыдырәлі