Біз білетін Қанат ешкімнің алдында бас иетін жігіт емес еді. Хан Тәңірінің Қытай мемлекетіне қараған жағында туып өсті. Қанатпен Олимпия және Азия ойындарында жолымыз түйісті. Өзге елде жүріп өз ұлтын осыншалықты құлай сүйетін қасиетті осы жігіттен көрдім. Қанат бар саналы өмірі ел тағдыры үшін ат үстінде өткен Оспан батырды еске түсіреді. Қысық көз жауын ықтыру үшін Сталин Оспан батырды әбден пайдаланады. Қазақтың азаттығы үшін арпалысып жүрген ердің еңбегін бағалаған болып орден береді. Сонда Оспан батыр «Мына жылтырағыңды қатыным тақсын. Маған жаумен соғысатын қару бер» деген екен. Бейбіт күннің баласы Қанат ешкімнен мылтық сұраған жоқ, бірақ жұдырықтай жүрегі қазақ жасасын деп соғып тұратынын кәміл сезетін едік.
Халықаралық жарыстарда Қытай құрамасының ең мықты боксшысы Қанат Ислам Қазақстан құрамасы жігіттеріне жақын жүреді. Біздің жігіттер де басы бас бапкер болып Қанатты құраманың бір мүшесіндей көреді. 2006 жылы Дохада Азия ойындары өтті. Азия деген аты болмаса бұл өзі осы құрлықта мекендейтін барлық мемлекеттердің Олимпия ойындары. Сондықтан мұндағы жеңістің орны ерекше. Оның үстіне төрт жылда бір өтеді. Бокстан Қазақстан құрамасына бұйырған жалғыз алтынды Бақыт Сәрсекбаев әперді. Жартылай финалда ол өзбектің үкілеген үміті Дилшод Махмудовты жеңгенде, қасымызда күнде жарқылдап амандасып жүретін өзбек жуналистері кәдімгідей әбіржіп қалды. Онысы түсінікті де. Бақыт Сәрсекбаев ұзақ жылдар Өзбекстан құрамасының 64 және 69 килоға дейінгі салмақта бірінші орында болды. Азия чемпионатында үш рет топ жарды. Халықаралық жарыстарда шаппай бәйге алып жүрді. Ала топылы ағайындар біздей емес ұлттық мәселеге қатты қарайды. Афины Олимпиадасының қарсаңында Сәрсекбаевқа қатал талап қояды. Олимпке қатысуға үмітің болса ұлтыңды өзгертесің. Намысты жігіт, әрине бас тартады. Афиныға өзінің көлеңкесінде жүрген Дилшод Махмудов барады. Құр қайтпайды. Қола медаль алып айдарынан жел есіп қайтады.
Өзін шетке қаққанға қапаланған Бақыт тарихи Отанына қайтып бәрін қайтадан бастады. Енді тағы да Махмудовты жолдан тайдырды. Қалың өзбектің қайғырып жүргені сол. Екі қазақтың финалда кездесуі мүмкін еді. Қытайлар аса ықылас таныта қоймаған, қазақ құрамасын шырғалап шықпайтын Қанатқа қола медаль бұйырған. Бас жүлде Бақытта. Қызығы жеңімпаздарды марапаттау кезінде болған. Әнұран ойналған соң, әдетте жеңімпаз фотосессияда алдымен екінші орын алған боксшыны жанына тартады. Мұнда керісінше болды. Бақыт өзінен кем қуанбай, қазақ әнұраны ойналғанда жүзі нұрланып тұрған бауыры Қанатты жанына тартты. Қазақ байрағын жамылған қос қазақ Азия ойындарының ең биік тұғырында күндей жарқырап тұрды. Мұны қарап тұрып біз мейірлендік, тебірендік. Біреуінің Өзбекстаннан оралғаны кеше ғана. Екіншісі Қытай мемлекетінің азаматы. Бірақ екеуі де Алла тағаланың өздерін қазақ етіп жаратқанына соншалықты бақытты еді.
Осы жағдай 2008 жылы Бейжің Олимпиясы ойындарында айна қатесіз қайталанды. Бұл олимпиадада Қанат Исламның мүмкіндігі зор еді. Бұған дейін Бақыт екеуі үш рет беттесіп, Қанат екі рет жеңген. Бірінде нокдаун тіркелді. Оның үстіне Қанат Нұрғали Сафиуллиндей атақты бапкердің қол астында тер төкті. Қанат ширек финалда «осы жолы ма» деп ширығып келген Дилшод Махмудовты күмәнсіз жеңіп, ауылына медальсіз қайтарып жіберді. Екі қазақ финалда жолығады деген пікір желдей есті. Қанат шыққанда қазақтар әруағын шақырып, қолдау көрсетеді. Бір қызығы, ауыздарына су толтырып алғандай үнсіз қалатын қытай жанкүйерлері жақ тартқан жоқ. Қанат та мұны заңдылық деп қабылдағандай. Жартылай финалда аса талантты кубалық боксшы Карлос Бантеурамен жолы түйісті. Бірі өліп, бірі қалатын нағыз жекпе-жек болды. Кубалықтар өте адуынды. Сәл қорқыныш білдірсең, сәл шегініп бокстассаң күші тасып шыға келеді. Қоян-қолтық төбелесте ғана аздап аяқ тартады. Қанат сойқанды салды. Бір секундқа артқа шегінген жоқ. Гүрзі жұдырықтар дүрсілінен найзағай ойнап, күн күркірегендей болады. Бауыр, бүйрек жақтан опырып тиіп жатқан соққыларда есеп жоқ. Қандасымыз болған соң іш тартамыз ба, бізге Қанат жеңгендей көрінген. Рефери кубалықтың қолын көтерді.
Жарыс арасындағы бір күнде боксшы өз-өзіне келіп үлгермейді. Финалда Бақытпен шыққан Карлос Бантеура сәл шаршағандай сезілген. Күшін Қанат алып қалыпты. Тағы да қаржысу. «Еділ үшін егескен, Жайық үшін жандасқан» айқас тағы болды. Атадан ер болып туған Бақыт Сәрсекбаев қазаққа өте қат болып тұрған алтынды берсе қолынан, бермесе жолынан алуға дайын еді. Біздің батырдың құрметіне Қазақтың әнұраны ойналды. Содан соң Бақыт өзінен екі саты төмен тұрған Қанатқа қол созды. Қазақтың көлдей көк туын жамылған қос қазақ дүние жүзі жанкүйерлерінің алдында алтындай жарқырап тұрды. Дүйім жұрт тұғырдан қос қазақ ұланын көріп сүйсінді. Осындайда бәрі еске түседі. Бірі өкпесі қара қазандай болып Өзбекстаннан келді. Азияның да, Жер атты планетаның ең мықты спорт додасында алтыннан алқа тақты. Екіншісі Қытай азаматы. Бір салмақта бокстасатын осы екеуінің жеңіске жетсе жамылатыны қазақ байрағы. Табиғатымыздан көңілшектеу едік. Ешкімнен қымсынбастан жанардағы жасты құрғатып алдық. Қуаныштың көз жасы ғой.
Қанатқа Қытай қоныс болмады. Елге келгісі келді. Ағасына ақыл салған екен, құптамапты. «Онда сені күтіп отырған адам жоқ. Орныға алмай қайтып келесің. Барма» деген.
«Жоқ, аға, Қазақстанға барамын. Жұмыс табылмай қалса, ең мықты аула сыпырушысы боламын. Өйткені мен өз елімнің ауласын, яғни жерін тазалаймын». М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттерімен кездескенде Қанат осылайша айтқан. Оның жұлдызды спорттық ғұмырында бапкері ұйғыр жұрағатынан болды. Қанат ҚХР чемпионы болып қуаныштан асып-тасып тұрғанда, бапкері «шіркін, ең үлкен қуаныш жарысқа өз еліңнің атынан түсіп, әнұранын ойнатқанында ғой. Қалғаны – бір сәттік қуаныш. Бұл жөнінен Қанат сен бақыттысың. Тарихи отаның – Қазақстаның бар. Сондай арқа сүйер отаным болса, сол жердің топырағын мойныма тұмар қылып тағып жүрер едім. Осы айтқанымды мәңгіге есіңде ұста». Ұстазының қыстығып айтқан осы сөзі бала Қанаттың жүрегіне мәңгілік жазылып қалған еді. Қытайда жағдайы жаман болған жоқ. Әлемдегі ең мықты боксшыға қалаған жағдайы жасалады. Егер айтқандарымен жүріп тұрса. Бірақ Қазақстанға деген ұлы сағыныш жүрегін кернеп, байыз таптырмаған. Қазақ елі қайдан келдің деген жоқ. Алып-ұшып жеткенде табанына алақанын төседі. Бауыржан Оспановтай ұлтжанды ағалары жанына тартты. Қалғаны белгілі ғой.
Алаштың асыл перзенті Әлихан Бөкейханов атасы «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген екен. Нағыз жігітте бір ғана Отан болады. Сол оттан ыстық Отанын жамандағандар түбінде оңбайды.
Әлемдік додада «Qazaq» атауымен майданға түсіп, еліміздің мәртебесін асқақтатып жүрген Қанат Ислам Әлихан атасының өсиетін орындап жүрген жампоздардың бірегейі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»