– Қыс жылы болды ғой, сондықтан аңдар мен қыстап қалатын құстар да көктемге қоңымен шықты. Олардың шығыны жоқ, – дейді Науырзым қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Қанат Батырханұлы.
Табиғат тылсымы көп қой. Оны қорықтың инспекторлық қызметі де аз байқамайды. Биыл туған жерге сасық көкектер мен бірқазандар тым ерте келді. Бүгінге дейін қорық мамандары 150-ден астам бірқазанды санаған. Олар негізі сәуір айының аяғында, тіпті мамырдың бас кезінде келуі тиіс болатын. Олардың жылдағы ыстық мекені Ақсуат көлі әлі мұздан арыла алмай жатқандықтан, бірқазандар жылыстап, суы арнасын теуіп жатқан өзендерге кетіпті.
– Бірқазандар балықпен қоректенеді ғой, сондықтан биыл өзенге қонды, қазір оның су жайылған жағалауы да құс базарына айналған, – дейді Қанат Батырханұлы. – Көктем созылып шықты да, сасық көкектердің қорегі шыбын-шіркей де әлі ұша қойған жоқ, сондықтан олар өсімдіктердің дәнін, ағаш басындағы былтырғы кепкен жидектерді жей тұрады.
«Қанатына көктемді ілестіріп» аман жеткен жыл құстарына туған жер көк торғын жібегін жайып, жасыл желегін төсейді. Оларға қорықтан қорек те, қамқорлық та табылады. Қазір аққудың соңын ала тырналар, шағалалар, жабайы қаз-үйректер, аққұтандар көріне бастады, орман құстары да «оркестрін» құрап жатыр.
– Қорықтағы өзендер әр 12-15 жыл сайын құрғап қалып, қайтадан суға толып тұрады. Қазір өзендерде су мол. Жыл құстары да биыл сонда қонып жатыр. Өткен жылы біздің қорықтан бұрын байқалмайтын қоқиқаздың бір жұбы да өзенге келді, – дейді Қанат Батырханұлы. – Алайда биыл бірқазандардың неге ерте келгенін дөп басып айта алмаймын. Мүмкін өзендердің суға толуы ма, әлде олар қыстайтын Солтүстік Африка, Иран жағы құстарға қолайсыз болды ма, кім білсін...
Мүмкін, бірқазандарды туған жердің тартылыс күші тартты ма екен?...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Науырзым ауданы