Ел болашағы жастар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды басқосудың Шымкентте өтуінің өзіндік себебі де бар. Оңтүстік Қазақстан халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары, жастардың үлесі елеулі облыс. Яғни, өңірдегі жастарға қатысты түрлі жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерді сараптай отыра бүкіл елдегі жағдайды бағамдауға болады.
Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысқан отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының IV cъезіне жолдаған құттықтау сөзінде жастарды жан-жақты дамуға – спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің бай мұрасын танып-білуге, ең бастысы, өз салаларында әлемнің ең озық мамандарымен иық теңестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырғанын атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылып, жарық көрген алғашқы 18 оқулықтың тұсауы кесілгенін, жастардың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндіктің мол екенін айтты. «Біз үшін бастысы жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жастарға арналған жобалар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды қолдау мен зерттеу орталықтарын ашу қажет», деді Мемлекеттік хатшы. Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова оңтүстік өңірінде жастар арасындағы жұмыссыздық өскенін айта келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игі шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.
Күн тәртібіне қойылған «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясындағы қазіргі қазақстандық жастардың құндылық пайымдары және өзекті аспектілері» мәселесі бойынша баяндама жасаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев ел жастары прогрессивті реформалар мен жаңашылдықтардың негізгі қозғаушы күші болу қажеттігін жеткізді. Жастар саясатына қатысты елімізде жүргізілген зерттеу нәтижелеріне тоқталды. Мысалы, сауалнамалар нәтижесінде жастардың 97 пайызы Қазақстанның азаматы екенін мақтан тұтатыны, 92 пайызы өзін ел патриоты санайтыны анықталған. Сондай-ақ министр айтқан жерден аулақ, Отан қорғау қажет болған жағдайда жастардың бірқатар бөлігі қолына қару алуға дайын емес екендіктерін білдіргеніне қынжылысын жасырмады. Жастар арасында жұмысқа тұру, жақсы мамандық алу бойынша тамыр-таныстыққа иек артатындары аз емес. Яғни прагматикалық көзқарас қалыптастыру қажет. Сонымен қатар баяндамада жастардың 49,9 пайызы бірде-бір рет кітапханаға бармағаны, 83 пайызы уақытының көбін интернетте отырумен өткізетіні анықталғаны айтылды.
«Рухани жаңғыруды табысты жүзеге асыру үшін жастар оның құндылықтарын толығымен бойларына сіңіріп, күнделікті өмірде оған арқа сүйеулері тиіс. Біздің міндетіміз оларды барынша түсіндіруге көмектесу, рухани жаңғырудың мән-мағынасын қарапайым және қолжетімді түрде жеткізу, оларды өздеріне бейімдеу үшін қолдау көрсету болып табылады. Жастар ортасында «Рухани жаңғыру» құндылықтарын тарату және оның мағынасын жеткізудің орталығы білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары болуы тиіс», деді министр. Жастардың мәдени және спорттық нысандарға қолжетімділігін шешу үшін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткен жылы барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында 2017-2020 жылдарға арналған жастардың бос уақытын өткізу туралы жоспарларын бірлесіп қабылдауға бастама көтерген. Өткен жылы осы жоспарларға сәйкес 379 жаңа көп функциялы нысандар және 7 сауықтыру орталықтары пайдалануға берілді. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жаңадан құрылған нысандардың саны – 178.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана бар. Жастармен болған жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілгенін айтып өтті. Осы жылдың ІІ жартыжылдығында студенттерге арналған тағы екі жатақхананың құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр. «Елбасы Қазақстан халқына арнаған жолдаулары мен үндеулерінде де жастарға айрықша көңіл бөліп келеді. Ал биылғы «бес әлеуметтік бастамасында» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студенттердің кедергісіз білім алуы, сондай-ақ жатақхана мәселесі және болашақта өз кәсібімен айналысу, баспаналы болуды да қарастырып өтті», деді Ж.Түймебаев. Өңір басшысының айтуынша, Шымкент қаласы аумағында «Қазақ жаңа инновациялық университетін» салу жоспарланып отыр. Бүгінде білім ордасына 150 гектар жер бөлінген. Он мыңға жуық студенттер білім алатын инновациялық университетте барлық салалар қамтылып, студенттерге жатақханалар, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу қарастырылған. Жалпы, облыстағы жастардың саны 750 мың шамасында, яғни, облыс халқы санының 26 пайызын жастар құрайды. Жастарды жұмыспен қамту жергілікті биліктің басты назарында.
Күн тәртібі аясында баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жастардың мәдени-демалыс қызметтерін ұйымдастыру мақсатында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар кеңесте сөз алған «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, журналист-публицист Қанат Әуесбай, кәсіпкер Жанболат Маратов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбай жастар саясаты бойынша оңтүстік астанада қолға алынған тың бастамалар жөнінде баяндады.
Кеңес отырысын қорытындылаған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова бірқатар министрліктер мен әкімдерге тиісті тапсырмалар берді. Нақтырақ айтсақ, жастардың мәдени-демалыс орындарын қажетті материалдық-техникалық базамен нығайту, спортпен шұғылдануына, спорттық мәдени үйірмелерге тегін қатысуына қолдау көрсету, жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, музейге баруына, жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына, насихатталуына жағдай жасау, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жастар саясатының даму барысы және жастарға қолдау шаралары туралы ақпарат тарату, жастарға жеңілдіктер мен төмен бағалар жайлы, сол орындардағы жұмыстар жайлы алдын ала таныстырып отыру тапсырылды. Сондай-ақ кеңес мүшелері өңір жастарымен «ашық әңгіме» форматында кездесулер өткізді. Студент, жұмысшы, спортшы, кәсіпкер санаттарына бөліне өткен кездесулерде жастар көкейде жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»