Жиын барысында ол Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын тілге тиек етіп, «Рухани жаңғыру» өткеніміз бен бүгінімізге көз жүгірту, салт-дәстүрімізді түгендеу, тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптеу, ұлттық кодты айқындау екенін алға тартты.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыстың 2 қала, 5 ауданында мектеп түлектері меценаттардың көмегімен туған ауылдарына жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңгеге көмек көрсетті. Белгілі тұлғалар Шотан мен Шоғы батырларға арналған халықаралық спорттық турнирлер өтті. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 2017 жылы 106 млн 340 мың теңгеге 70 іс-шара белгіленіп 11-іске асырылды. Олардың қатарында «Әбіш әлемі» журнал-альманағы жарық көрді, «Бағзыдан жеткен баба сарыны», «Ұлттық дастарқанның ерекше мәзірі», «Ұрпаққа мирас – ұлттық киім» атты ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын танымдық шаралар бар. 50 ауыл кітапханасында «Ұлт тамыры – рухани қазына» мәдени-көпшілік шаралар циклымен бірнеше бағыттағы 45 ірі іс-шара қолға алынды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бойынша жарық көрген «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты республикалық жинаққа өлкемізден жалпыұлттық маңызы бар 15 киелі нысан және жергілікті маңызы бар 28 киелі орын енді. Жыл аяғында өңірдің дамуына қомақты көмек көрсеткен азаматтарды елге таныстыруға, алғыс айтуға бағытталған облыстық меценаттар форумы ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс бойынша 11 млрд теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар Елбасының Жарлығымен бекітілген «Алғыс айту күніне» орай облыс бойынша 1 наурыздан бастап «Асар – Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясының 2-кезеңі өтті. Нәтижесінде 55 млн теңге жиналып, 6,5 мыңға жуық отбасына көмек көрсетілді. Олардың қатарында ауыр сырқатқа шалдыққан сәбилер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйіндегі қариялар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жалғыз басты аналар мен қамқоршысынан айырылған балалар бар. Биыл алғаш рет «Отпан тау – рухани-дәстүріміздің негізі» атты Амал мерекесі республикалық деңгейде тойланды. Шарада еліміздің 9 облысындағы тарихи-мәдени кешендері шырақшыларының қатысуымен «бірлік» оты жағылды. Мәңгілік ел идеясын насихаттайтын ғылыми, мәдени көпшілік, спорттық, әлеуметтік деңгейдегі шараларға барлық аймақтан арнайы қонақтар шақырылып, тамашалады. Алдағы жылы халықаралық дәрежеде өткізу жоспарлануда. Отпан тарихи- мәдени кешенінде қазақтың үш биіне ескерткіш орнатылды. Ескерткішті қоюдағы мақсат – дала билерін дәріптеп, ел бірлігін насихаттау», деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар ол «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру үшін облыс алдына ауқымды міндет қойып отырғанын жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі, биылғы жыл да ел үшін тарихи оқиғалармен басталды. Қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелеріне шешім болған бірегей жоба – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жарияланды. Біз өз тарапымыздан бастаманы іске асыруға бағытталған нақты міндеттерді айқындадық. Бірінші бастама – әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестицияларды тарту нәтижесінде облысымызда тұрғын үй салу және пайдалануға беру қарқынды жүруде. Өткен жылдың өзінде 18 пайыз өсіммен 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың отбасы баспаналы болды. 2018 жылдың жоспары – 916 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру. Қазіргі таңда облысымызда бір тұрғынның баспанамен қамтылу көрсеткіші – 23 шаршы метр. Президент әрбір қазақстандықтың баспанамен қамтылу көрсеткішін 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды. Бұл міндетті орындау мақсатында, халық өсімі, берілетін жер телімдері, жеке құрылыс көлемдері ескеріле отырып нақты есептер жасақталды. Есепке сәйкес, тұрғын үйді пайдалануға берудің жыл сайын 10 пайыз өсімін қамтамасыз ете отырып біз 2025 жылға дейін облыстың әрбір тұрғынын 30 шаршы метр баспанамен қамтитын боламыз. Ипотекалық несиенің қолжетімділігіне бағытталған «7 – 20 – 25» бағдарламасы да үймен қамту көрсеткішін қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер береді. Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту. Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана болады. Біздің облыс бойынша, 250 мың жалдамалы қызметкерлердің ішінде 22 мыңнан астам адам осындай төмен жалақы алады. Салықтық жүктемесінің азаюы арқылы 22 мың қызметкердің жеке кірісі жылына орта есеппен барлығы 800 млн теңгеге көбейеді», деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Өткен жылы облыста 215 грант, оның ішінде 50 грант өңір экономикасына қажетті мамандарды дайындауға бөлінді. Цифрландырудың енгізілуіне байланысты Елбасы ақпараттық технологияны меңгерген мамандарды көбейту қажеттігін атап көрсетті. Осыған байланысты биыл тағы да қосымша 50 грант және техникалық мамандықтар бойынша магистратурада оқытуға 20 грант бөлінеді. Білім беру саласында алдымызда тұрған өзекті мәселенің бірі – студенттерді жатақханамен қамту. Колледждер бойынша жатақханаға қажеттілік – 1600 орын. Бүгінгі таңда Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 4 жатақхана салу үшін жер телімдері белгіленді. Ш.Есенов атындағы университет үшін де бірінші кезекте 500 орындық жатақхана салу қажеттілігі бар. Төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында қабылданған тиімді механизм, ол – жеңілдікпен шағын несие ұсыну. Елбасы бастамасын іске асыру мақсатында облыста кәсіпкерлерге 1 пайыздық несие ұсынатын «Нұр капитал» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Елбасы тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі таңда 200-ге жуық бизнес өтінімдер қабылданды. Екінші деңгейлі банктермен келісімшарттарға қол қойылды Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша биыл 1,8 млрд теңге шағын несие бөлу жоспарланды. Бесінші бастама – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Облыста барлық елді мекендер газбен қамтылды (99,8 пайыз). Күн тәртібінде тек 8 елді мекенді газдандыру мәселесі тұр. Олардың магистральды желілерден қашық орналасуына және экономикалық тиімсіздігіне байланысты, болашақта кезең-кезеңмен «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының инвестициялық бағдарламалары аясында шешу жоспарланған. Қазіргі таңда жаңадан тұрғын үйлер салынатын жер телімдерін газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қаржысы тартылуда. Компания осы жылы Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы аудандарында газдандыру бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын 9 жобаны іске асырады. Жалпы, өңірімізде елді мекендерді газдандыру бойынша өзекті мәселе жоқ», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»