Бизнес • 16 Сәуір, 2018

Шалабайда шаруасын шалқытқан кәсіпкер

981 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген шығысқазақ­стандық Қуаныш Сүлейменовті өзінің туып-өскен мекені Жарма ауданының ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтпаған болармыз. 

Шалабайда шаруасын шалқытқан кәсіпкер

Қуаныш Сүлейменов бүгін­де қазақтың ақ бас сиырын өсі­ру­мен шұғылданатын Жарма ауда­нындағы «Шалабай» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқа­ра­ды. Жүз елуге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған ша­руа қожалығында қазір 3 мың­ға тар­та асыл тұқымды тү­лік өсі­рі­луде. Жұмысшыларға да бар­лық жағдай жасалған. Мұн­да­ғы жұмысшылар күн­діз мал жайса, кешке бильярд ой­найды. Жә, бұл туралы сәл кейі­ні­рек.

Бұрынғы мұғалім, бүгінгі кәсіпкер

Әрине біздің кейіпкеріміз мұн­­дай жетістікке бірден қол жет­­кіз­бегені анық. Былтыр «Қа­зақ­­станның 100 жаңа есімі» жо­басы жеңімпаздарымен бірге Ел­басымен кездескен кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына ұстаздықтан келгенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Қуаныш Сүлейменов неге мұғалімдікті тас­тап, кәсіпкерлікке, кәсіпкерлік бол­ғанда атакәсіп мал шаруа­шы­­­лығына біржола бет бұрды? Мұ­­ның да өз себебі бар екен. «Тоқ­­саныншы жылдар ортасында кеңшар құлап, ауылдағы ша­руа­­шылықтар тарап кеткен еді. Жұ­­мысымды 2000 жылдардың басында тарих пәнінің мұғалімі болып бастадым. Ауылдан бәрі көшіп кетіп жатты. Шалабай ауылындағы 2 мың адамнан 4 жылдың ішінде 1100 тұрғын ғана қалды. Мектептегі 300-ден астам оқушы 130-140-қа дейін түсті. Кіндік кескен мекеніміз көз алдымызда қирап, күннен-күнге ажары кете бастады. Қа­зақ­тың атақты ақ бас сиырының ота­ны са­налған, кезінде 8 жарым мың­­ға дейін Қамбар ата түлігін өсір­­ген Шалабайда бірде-бір асыл тұқымды мүйізді қалмады. Осы жайт жаныма қатты батты. Сөй­тіп жүргенде бір күні «Қазақ­стан инвестициялық қоры» АҚ президенті Зейнолла Кәкім­жа­нов­тың «Экспресс-К» газе­тінде жа­рияланған сұхбатын оқы­дым», деп бастады әңгі­ме­сін бұрынғы мұғалім, бүгінгі кәсіпкер.

Расында бұл сұхбат кейіп­ке­ріміздің ғана емес, кезінде атағы дүркіреген Шалабай ауылының да өміріне өзгеріс әкелерін ол кезде ешкім де болжамаған болар. Әлгі сұхбатында З.Кәкімжанов балаларына шағын шаруа қожалығын ашқысы келетінін, қажет болса сатып алуға дайын екенін, ондағы мақсаты ұрпақтарына ауылды көрсеткісі, ауылдың қасиетін сезіндіргісі келетін айтады.  Содан не керек, құрып кеткен ақ бас сиырды қайта қа­лпына келтіру үшін инвестор таппай аһ ұрып жүр­ген Қуаныш Сүлейменов атал­ған газет арқылы Қазақстан инвестициялық қорының басшысына хат жазады. Біржарым жылдан кейін көмекшісі хабар­ла­­сып, З.Кәкімжановпен кез­де­сіп, сол кісінің қолдауының ар­қа­сында «Шалабай» мал тұ­қымын асылдандыру зауытын қалпына келтіруге кірісіп ке­теді. «Ол кезде ауылда мектеп директоры едім. Қазақстан инвестициялық қорының басшысы қазақтың ақ бас сиырын қайта қалпына келтіремін, туған ауылыңның туын биік көтеремін десең, еңсесін тіктеймін десең, мек­тептегі жұмысыңды тас-
та, бірың­ғай осы іспен шұғылдан» деген соң мектептен кетуге тура кел­ді. Ұйғарымымды мектептегі  әріп­тестеріме айттым. Ол кезде ара­мызда бір зоотехник, бір мал дәрі­гері жоқ. Жігіттер қолдады. «Барайық, көрейік» деді. «Туған жеріміз, өскен мекеніміз. Ата-ба­баларымыз осында жатыр. Ауыл­дың тарағаны біздің де жаны­мызға батып жүр» деді. Сөйтіп кірі­сіп кеттік. Жұмыс нәтиже бе­ріп, 2006 жылдың қазанында Ұлан ауданындағы «Багратион» ша­руа қо­жалығынан 155 бас қа­зақ­тың ақ бас сиырын сатып ал­дық. Осы­л­ай­ша «Шалабай» мал тұ­қы­мын асылдандыру зау­ыты­ның қайта өркендеу дәуі­рі басталды», дейді Қуаныш Сүлейменов.

Күндіз мал жаяды, кешке бильярд ойнайды

Елмен бірге қиындық кешіп, елмен бірге қиындықты еңсерген кәсіп­кер бүгінде Шалабай халқы­ның жағдайы жақсарғанын, 1100 тұрғынның саны 1600-ге жуық­тағанын, қазір ауылда сатылатын үй емге табылмайтынын айтады.  «Мұндағы жұмысшылар күндіз мал жайса, кешке бильярд ойнай­ды» дедік қой жоғарыда. Ол рас. Мұнда малшыларға арнайы жатақ­хана салынған. Жатақхана деген аты болмаса, кешеннің ішін­де монша да, сауна да, бильярд та бар. Жантайып жатып кино көремін десеңіз де еркіңіз. Шалабайлық малшылардың «Жұ­мыста емес, шипажайда жүр­міз» дейтін әзілінің бекерге айтыл­мағанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Қ.Сүлейменовтің айтуынша, бұл демалыс үйлері Аргентина мен Жапониядағы үйлердің үлгісінде салынған. Күз бен қыста жұмысшылар тұратын жатақхана 2015-2016 жылдары жаз уағында лагерьге айналдырылып, Жарма ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тынығып қайтыпты. Туған ауылынан кіндік үзбеген азамат өзі оқып, білім алған, ұстаздық қыз­мет атқарған мектебін де назар­дан тыс қалдырған емес. «2013 жылы ауылдағы мектепке бар­дым. Байқасам, 5-ке оқитын бала­лар­дың саны азайып, 20-ға түсіпті. Со­­сын мектеп директорына «Үз­дік оқитын оқушыларды жыл со­ңын­да, яғни соңғы қоңырауда ақ­шалай сыйлықпен марапаттап отыр­­сақ қайтеді. Оны жыл басында өздеріне ескертіп айтып оты­райық» деген ұсыныс айттым. Міне, 5 жыл ішінде үздіктер саны 20-дан 67-ге дейін жетті. Үлкен қа­ла­ларда мүмкіндік көп қой. Үйір­ме де көп. Ауыл балаларының оқу­­ға деген ынтасын арттыру мақ­са­тында осы істі қолға алдым», дейді кәсіпкер.

Осылайша Қ.Сүлейменов Жар­ма ауданындағы үш мектеп­тің (Ша­лабай, Бірлік, Әди Шәріпов ауылы) үздік оқитын оқушылары­на жыл сайын 15 мың теңгеден сый­ақы беріп келеді. Осының нә­ти­жесінде аталған ауылдарда оқу­шылардың білім деңгейі бір­шама көтеріліп, Шалабай ауылы ҰБТ-дан ауданда көшбасшы елді мекендердің қатарынан көрі­ніп­ті. Кәсіпкер туған ауылынан кө­мегін аяған емес. Осыдан біраз уақыт бұрын 6 жарым миллион теңгеге хоккей кортын салып берсе, Шалабайда Мәдениет үйін салу үшін жобалау-сметалық құжат жасауға 12 миллион теңге бөліпті. Алдағы уақытта ауылға жаттығу залын, мейрамхана мен балалар алаңын салуды жоспарлап отыр. Қазақ­тың ақ бас сиырының тұ­қы­мын қайта жаңғыртып, ауы­лын ажарландырған азаматтың тағы бір жоспары – Қамбар ата түлі­гінің санын 10 мыңға жеткізу. Бұл – алдағы 5-6 жыл мұғдарына межеленген шаруа. Дәл қазіргі уақытта ақ бас сиырдың өнімдерін жеке бренд ретіне саудаға шығару үшін сауда нүктелерін ашумен шұғылданып жатқан көрінеді.

Түйін

«Ауылым – әнім» атты әнді  айт­қанда, «Туған жерін сүйе алма­ған, сүйе алар ма туған елін» деп шыр­қайтын едік қой. Бажайлап қа­расақ, бұл мағынасы өте терең сөз­дер». Елбасы өзінің «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осылай деп жазып еді. Біздің кейіпкеріміз де осы ойды өміріне өзек етіп келеді десек, артық айтпаған болармыз. «Біздің ауылда өзге ұлт өкіл­дері көп тұрды. Бала кезімде солар­дың өздерінің тарихи отандарын ерекше жақсы көретініне, қаншылдығына таңғалып, «біз неге сондай емеспіз?» деп іштей налушы едім. Мектепте директор болып жүргенде ауылдағы үлкен ақсақал: «Сен әрі-бері жүргенде зират­тарға қара. Қазақтар неге бейіт­терді үлкен қып салған? Ерік­кен­нен салған жоқ. Бұрын жоң­ғарлармен соғысқанда батыр бабаларымыз «біз ешқайда қаш­паймыз, бір адым да ше­гінбейміз. Өйткені біз­дің артымызда ата-бабамыздың зи­раттары тұр, әруақтар тұр» деген», деп еді. Ақсақалдың сол сөзі әлі күнге дейін ойымда. «Ба­баларымыз мықты болған, біз неге сондай болмаймыз? Бізге қал­дыр­ған ұлан-байтақ жерді неге гүлдендіріп, өркендетпеске?» деген ой келген сол кездерде. Қазір ойлаймын, шетелге қызығудың еш қажеті жоқ. Қазақстаннан ар­тық жер жоқ әлемде. Біздің та­би­ғатымыз секілді табиғат еш­қандай жерде жоқ. Қазақстанды Германиядан да, Америкадан да артық қылуға болады. Ол өз қолымызда. Туған жерін сүйетін патриот азаматтардың қо­лын­да. Сондықтан туған жерге қыз­мет ету керек, туған жер­ді гүл­дендіру керек», дейді «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі Қуаныш Сүлейменов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы