Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал швейцариялық делегацияны Швейцария Федералдық сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристина Марти Ланг басқарды.
Тараптар кездесуде екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың ширек ғасырда қол жеткізілген саяси және экономикалық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға деген өзара ниетін растады. Швейцария Федералды Президенті Дорис Лёйтхардтың 2017 жылдың тамыз айында Астанаға жасаған сапары және оның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізген келіссөздері қатынастардың дамуына айтарлықтай серпін бергені және ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтағаны атап өтілді.
Осыған байланысты Берндегі келіссөздердің барысында қаржы, фармацевтика, энергетика салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірлер арасындағы әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде Швейцария Қазақстандағы үшінші ірі шетелдік инвестор болып табылады.
К.Ланг экономикалық ынтымақтастықтың екіжақты шарттық базасының тиімділігін, үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес сияқты өзара іс-қимылдың тиісті тетіктердің болуын атап өтті және Швейцарияның осы бағытты жандандыруға, нақтысын айтқанда халықаралық көліктік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ұмтылысын білдірді.
Р.Василенко Швейцария тарапын алдағы уақыттағы елорданың 20 жылдығы атап өтілетінін, оның аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылуы болатынын хабардар етті.
Кездесуде Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының (консультативтік) жұмыс кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда Орталық Азия елдері арасындағы қарқынды дамып келе жатқан диалогқа қолдау білдірілді, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу бойынша халықаралық күш-жігер талқыланды. Осыған байланысты Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі үлесі, Қауіпсіздік Кеңесі делегациясының Кабулға сапары және осы жылдың қаңтарында бұл маңызды халықаралық органда Қазақстанның төрағалығы кезінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ауғанстан бойынша пікірталастар ұйымдастыруы атап өтілді.
Жалпы, саяси консультациялар Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың алдағы нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»