Өнер • 16 Сәуір, 2018

Cуретші Жұмаділхан Керім­бектің жеке шығармашылық көрмесі өтті

1034 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Экология» ка­фе­драсының аға оқытушысы, әуесқой суретші Жұмаділхан Керім­бектің «Туған елім» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.

Cуретші Жұмаділхан Керім­бектің жеке шығармашылық көрмесі өтті

Бір ғажабы, Жұмаділхан бұл салада арнайы білім алма­ған. Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнады. Атап айтсақ, Қазақ ауылшаруашылық инсти­тутының агрономия факультетін үздік бітірген ол мамандығы бойынша біраз уақыт Жамбыл облысының Жуалы ауданында жұмыс істеді. Қазіргі кезде Қа­зақ ұлттық аграрлық универ­ситетінде «Экология» кафе­дра­­сының аға оқытушысы. Керім­бек Түркиядағы Сельжук универ­си­те­тінде білімін жетілдіріп, жа­ра­тылыстану ғылымдарының философия докторы (PhD) атанды.

– Жас ұрпаққа аграрлық білім беру бағытында ұстаз­дық жолды таңдап, ғылыммен айналысып жүрген Жұмаділхан Сарыбайұлы – бойындағы суретшілік дарынымен көпшілікті таңғалдырып келе жатқан қылқалам шебері. Шығармашылық жұмыстары кәсіби суретшілердің туындыларынан еш кем соқпайтын табиғи талант иесі университет қабырғасындағы жеке көрмесіне отыздан астам таңдаулы ең­бек­терін қойған. Суретші туындыларының тақырыбы әр алуан. Автордың «Ауылда», «Те­резедегі таң», «Әкемнің пор­треті», «Бұлақ басында», «Ты­ныш­тық», «Дала» сынды кар­тина­лары зер салып қараған кез кел­ген адамды сүйсіндірмей қой­­майды, – дейді ақын Алмат Исә­діл.

100-ден астам көркемсурет туын­дыларының авторы Жұмаділхан Керімбек бірнеше республикалық және қалалық көрмелерге қатысты. Өнер иесінің бірнеше графикалық жұмыстары Түркия, Беларусь елдерінде танылып, майлы бояумен салынған суреттері еліміздегі өнерсүйер қауым мен жеке коллекционерлер тарапынан жоғары бағаланды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ