Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

Қатонқарағайда қара жер қақ айырылды

1245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыстағы су тасқынына адамдарды қойып, қара жердің өзі шыдас бермей жатқандай.

Қатонқарағайда қара жер қақ айырылды

Қатонқарағай ауданының Солоновка ауылдық округіне қарасты егістікте барар қара жолда ұзындығы 2 шақырымға таяу жыра пайда болғаны жұртшылықты таңғалдыруда. Суреттен қарғын судың Кіші Нарым ауылы мен қырдағы қыстаулардың арасын жалғап жатқан жолды қақ айырғанын аңғаруға болады.

Жергілікті журналист Шамиль Багаутдиновтың жазуынша, жыраның ені – 4-5, тереңдігі 5-6 метрді құрайды. Бір қуаныштысы, бұл жолмен адам өте сирек қатынайтындықтан, адам өміріне қауіп төндіретіндей жағдай орын алмаған.

«Қар еріп, егіске жайылған қарғын су қара жолдың бойымен өзен болып аққан. Бірнеше күн бойы тоқтаусыз аққан су жолды үлкен жыраға айналдырып жіберген. Бұл оқиғаны алғаш естіген күні-ақ төтенше жағдай мамандарына хабарлағанбыз. Адам өміріне қауіп төнетіндей ештеңе жоқ. Қазір егіс басында 2 бульдозер жүр. Жергілікті халық бұл маңды Қараөзек деп атайды. Жер Анатолий Матасов деген шаруаның иелігіне кіреді. Қожалық иесімен жиі хабарласып, жағдайын біліп отырмыз. Жыраның пайда болуы егіс науқанына ешқандай кедергісін келтірмеуі тиіс», дейді Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы

Суреттерді түсірген Шамиль БАГАУТДИНОВ