
700 мыңға жуық адам тамашалаған видео
Иә, бұл видеоны тек ютуб желісі арқылы ғана 700 мыңға жуық адам тамашалапты. Басқа әлеуметтік желілерде қаншалықты қаралымға ие болғанын санамадық. «Бұл не видео?» деп отырған боларсыздар. Бұл – қазақтың күміс көмей, сыбызғы үнді, бұлақ сыңғырлы, құрақ сыбдырлы әншісі Мәдина Ералиеваның «Күрең күз» әнін нақышына келтіре шырқаған үржарлық Назым Мұқанбаеваның видеосы. Бұл видео жыл басында «Үржардың Мәдина Ералиевасы», «Назым қарындасымыз шығыстың Мәдинасы. Дауысын естіп, тура бір Мәдина Ералиева тіріліп келгендей көзіме жас алдым» деген тамсаныс пен таңғалысқа толы пікірлермен желдей есіп, барлық әлеуметтік желі, уатсап арқылы ел арасына керемет тарады. Елмен бірге біз де елең етісіп, әнді орындаушыны іздедік. Таптық. Үржар ауданының орталығы – Үржар ауылында тұрады екен. Сондағы Абылай хан атындағы мектеп-балабақшасында музыка пәнінен сабақ беретін көрінеді. Алайда қазір бала күтімімен үйде отыр екен. Ұялы телефон арқылы әңгімелесу барысында оның Абай ауданы Медеу ауылының тумасы екендігін, мектепті бітіргеннен кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжін тәмамдағанын, 1996 жылы бұрынғы Мақаншы ауданының Қарабұта ауылының бір жігітіне тұрмысқа шыққанын, 1998 жылы әнші Ғибрат Азубаевтың шақыруымен Үржар ауылына келіп, 2-3 жыл Мәдениет үйінде жұмыс істегенін, 2007 жылдан бері жоғарыда аталған білім ордасында еңбек етіп келе жатқанын білдік. Ал бүгінде бүкіл елді шарлап кеткен видео 2013 жылы түсіріліпті.
«Сол жылы Үржардағы аудандық газетте жұмыс істейтін Шекер деген апайымыз 60 жасқа толып, мерейтойына мәртебелі қонақтардың қатарында белгілі ақын Исрайыл Сапарбайды да шақырыпты. Журналист апайымыз ақын ағамызбен таныстырайын деді ме, тойда ән салуға мені де шақырды. Сол тойға қатысқан бір кісі менің Мәдина Ералиеваның «Күрең күз» әнін шырқағанымды ұялы телефонына түсіріп алып, ютубқа салып жібереді. Оны әуелде өзім де білмедім. Ол видеоны тек 2015 жылы көрдім. Орал қаласында тұратын Сәуле Қарабалина деген журналист апайымыз биыл менің М.Ералиеваның әнін айтқанымды ютубтан көреді де, инстаграмдағы еліміздің белгілі деген 20 әншісінің парақшасына салады. Солардың ішінде Мақпал Жүнісова апайымыз маған ерекше назар аударып, өзінің парақшасында жылы лебізін білдіріп: «сахнаға ертерек келуің керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес. Мүмкіндіктер болса, жіберіп алма» деген сыңайда пікірін жазды. Осыдан кейін мені іздеушілер көбейе бастады. Қызылорда, Атырау облыстарынан хабарласып, «Мәдина Ералиеваның әндерін айтып беріңізші» деп тойларына шақырып жатқан кісілер бар. Тіпті Алматыдан бір-екі жас продюсерлер телефон соғып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды», дейді Назым.
Талантты таныған Тұраров
Үржардағы музыка пәні мұғалімінің Мәдина Ералиеваның шығармашылығына, өнеріне деген қызығушылығын оятуға Абай ауданындағы «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің бұрынғы көркемдік жетекшісі Мұрат Тұраров әсер еткен екен. Өнер жанашыры 1992 жылы Медеу ауылына бір келгенінде 10-сыныпта оқып жүрген, ес білгенінен ән салатын бойжеткенге «осы ән сенің дауыс ырғағыңа келетін секілді» деп әйгілі әншінің «Қыз сыны» әнін орындауға кеңес береді. «Оған дейін біресе Мақпал Жүнісоваға, біресе Жанар Айжановаға, біресе Роза Рымбаеваға еліктеп, әндерін айтып жүретінмін. Мұрат Тұраров менің өнердегі бағытымды айқындап берді десем артық айтпаған болармын. Сол кезден бері Мәдина Ералиеваның әндерін шырқап келе жатырмын», деген ол, 1993 жылы әйгілі әншімен бетпе-бет кездесіп, бірге ән салудың сәті түскенін шуақты шағын сағынышпен еске алды.
Иә, сол жылы М.Ералиева гастрольдік сапармен Семей өңіріне келіп, абыралылық өнерпаз, ақын Сейітқали Қалыбековтің шақыруымен әуелі Қайнар, кейін Медеу ауылында концерт береді. «Ол кезде менің дауысым қазіргідей емес, бала дауыс болатын. «Егер де сен өзіңнің тұрақты дауысыңды тауып, болашақта мықты әнші болғың келсе міндетті түрде Алматыға бар» деп ақыл-кеңесін айтты», дейді кейіпкеріміз.
«Өзімді өзім бағаламаған секілдімін»
Бүгінде Назым Мұқанбаева аудан көлеміндегі мерекелік шаралар мен әртүрлі тойларда М.Ералиеваның «Күрең күз», «Сыбызғы саз сырнай», «Қайықта», «Шыңдағы шынарым», «Сағынамын» секілді бес әнін тамылжыта шырқап жүр. «Неге тек қана бес әнін?» дерсіздер. Мұның да өзіндік себебі бар. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, Назымның «қазақтың Ақбаянының» өзге әндерін орындауға әнші әндерінің минустарының жоқтығы қолбайлау болып отырған көрінеді. «Ауылды жерлерде әнге аранжировка жасату қиын шаруа. Қазір хит әншілердің орындайтын әндерінің минусын интернеттен оп-оңай тауып аласың. Алайда М.Ералиеваның әндерінің минусы интернетте жоқ. Оны жазу үшін өте мықты аппаратура керек. Содан кейін еріксіз, амалдың жоқтығынан төрт-бес әнін айтумен ғана шектеліп жүрмін. Жақында Алматыға барғанда әншінің ұлымен кездестім, сол кезде анасының біраз әндерінің минустарын сұрадым. «Тауып беремін» деді. Табылса, жақсы болар еді» деген ол алдағы уақытта Үржар ауданында Мәдина Ералиева әндерінен кеш өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Айтпақшы, әншінің ұлы Арсен Алматыда Назыммен кездескенде анасының өнерін насихаттап жүргені үшін алғысын білдіріп, келешекте М.Ералиеваға қатысты концерттерден қалдырмай, шақырып отыратынын айтыпты.
Халық әртісі Мақпал Жүнісованың өзін бетпе-бет көрмесе де, әлеуметтік желі арқылы батасын алып, қолдау-қошеметінен қанаттанып, қайраттанған Назым Мұқанбаева шақыртулар болса үлкен концерттерге қатысып, Мәдина Ералиеваның әндерін әуелете шырқап, көрерменнің ықыласына бөленгісі келетінін айтады. Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтпақшы, әр қоғамның, әр адамның «бір кем дүниесі» болады десек, біздің кейіпкеріміздің де бір өкініші, «бір кем дүниесі» бар. «Мектеп деп жүріп, отбасы деп жүріп уақыттың қалай өткенін аңғармаппыз. «Өнеріңді өрістетші. Концерттерге қатысшы, біз сені қолдайық, керек болса демеуші де болайық» деп қолдау білдірген жерлестерім де болды. Бірақ біреулердің алдына барып, маған демеуші болшы деп жалынып-жалпайғанды ыңғайсыз көрдім. Өнер жанашыры Бердібек Сапарбаев шығыста әкім болып тұрғанда маған ерекше қолдау көрсетіп, Өскемендегі қаншама концертке шақырды. Өскеменнің әншілері Ресейдің Барнаул қаласына баратын болып, оған да шақыртты. Жұмыс, отбасы жағдайымен соның ешқайсысына бара алмадым. Өнерден гөрі отбасына көп көңіл бөлгенім рас. Кейде ойлаймын, сол кезде облыстағы концерттердің бәрінен қалмасам, қазір Өскемендегі бір мекемеде немесе Мәдениет үйінде жұмыс істеп жүрер ме едім деп. Өзімді өзім бағаламаған секілдімін. «Әттең-ай, уақытымды өткізіп алыппын» деп кейде өкінетінім бар», дейді бүгінде Үржардың ғана емес, шығыстың Мәдинасы атанып жүрген замандасымыз.
«Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан, үйдің жақсы болуы – ағашынан» демекші, қазақ әніне өзгеше бояу, өзгеше қалып әкеліп, одан әрі әрлендіре, байыта түскен Мәдина Ералиеваның әндерін айнытпай айтып, көпшілікті тебірентіп жүрген Үржардың қарапайым тұрғыны дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовке нағашылы-жиенді, яғни «Ақселеуді тамсандыратын» әншінің анасы Назымның атасының қарындасы болып келеді екен.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы