Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, архив қызметкерлері мен журналистер қатысты.
Көрмеге Бақытжан Ертаевтың өмір жолын және оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, өркендеуіне қосқан үлесін көрсететін архивтік құжаттар мен фотосуреттер, кітаптар қойылды. Көрменің тақырыбы – «Ерлік дастаны – генерал Ертаев».
Әскери қызметін взвод командирі болып бастап, әскери корпустың қолбасшысына дейін көтерілген генерал Ертаев тәуелсіз еліміздің қорғаны болатын сарбаздар даярлауда да аянбай еңбек еткен. Ауғанстандағы әскери операцияларға қатысып, жауынгерлік рухын көрсетті.
«Тәуелсіз еліміздің болашағы біздің қай-қайсымыз үшін де маңызды. Бүгінгі шара жас ұрпақты ерлікке баулу үшін ұйымдастырылып отыр. Қоғамымыздың, мемлекетіміздің қауіпсіздігі бүгінгі таңда бірінші орында. Елбасы ел тыныштығы үшін барлық жағдайды жасаған. Осы шараны ұйымдастырушыларға рахмет айтамын», деді Бақытжан Ертаев.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»