Көңілі – көктем, жаны – жаз, адамгершілігі мол жайсаң кісімен Астанаға қоныс аударғаннан кейін танысып, тонның ішкі бауындай етене араласып кеттік. Ақсары өңді, сұңғақ бойлы, ақжарқын, аңқылдақ мінезді Ақселеу Сейдімбек ешкімді жатырқамайтын. Онымен жолығып, сұхбат құрғанша асығатынбыз. Кездескен сайын мәнді, мағыналы әңгімелерін тыңдайтынбыз.
«Дала мен қала» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болғанымызда Ақселеу Сейдімбек көбіне «Жұрт оқитын тартымды, қызықты материалдар жазғаның дұрыс» деп ақыл айтатын. Қазақтың белгілі ақыны Марфуға Бектемірованың зайыбым екенін білген соң «Екеуің де журналист, ақын екенсіңдер. Бір үйде екі шығармашылық иесінің болуы керемет, ғажайып құбылыс қой. Жұптарың жазылмасын, жақсы дүние жаза беріңдер» деп игі тілегін білдірген.
Марфуға «Ауыл» газетінде жұмыс істейтін. Ақселеу ағамен хабарласып, сұхбат жүргізуге келісімін алды. «Бірге барайық, сол кісімен әңгімелесейік» деген соң екеуміз Еуразия ұлттық университетіне бардық. Ағамыз жұмыс кабинетінде ақжарқын қалпымен қуана қарсы алып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, мазмұнды, ойлы сыр тиегін ағытты.
Журналист Марфуға Бектемірованың филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбекпен жүргізген сұхбаты «Ауыл» газетінде «Қазақтың даласы – жер бетіндегі жұмақ екен» деген тақырыппен жарияланды. Қазір сол сұхбатты оқып отырсам, ғалым елдің жайы, тіліміздің тағдыры төңірегінде қаншама ұлағатты сөздер айтқан екен.
2007 жылы Марфуғаның «Аққуым менің қайдасың?», «Менің Атлантидам» кітаптары жарық көрді. Осыған байланысты Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында шығармашылық кеш өткізбек болып, бірқатар ақын-жазушыларды шақырдық. Кешке Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара, Серік Тұрғынбекұлы, Тұрсын Жұртбай секілді қаламгерлер келіп, біраз жұрт жиналды. Сол алқалы басқосуда Ақселеу Сейдімбек ғалым ретінде Марфуғаның өлеңдеріне жоғары баға беріп, игі тілегін білдірді.
– Айналайын, Марфуға, бүгінгі шығармашылық кешің құтты болсын! Өлеңдеріңде терең сезім бар. Ойға, сырға толы жырларың осылай жарқырап шыға берсін. Бұдан да үлкен аудиторияларға шығып, жаңа кездесулер өткізуің керек. Қанатың талмай, жыр көгінде қалықтай бергейсің,-деп ағынан жарылып, қорапшаға салынған алтын жалатылған асықты сыйға тартқан еді. Марфуға бұған қатты қуанды. Ақселеу ағаның сол «алтын асығын» әлі күнге шейін отбасымыздың қасиетті жәдігерлерімен бірге көздің қарашығындай сақтап келеміз.
Марфуға мемлекеттік тапсырыс бойынша өлеңдер жинағын шығарар алдында Ақселеу Сейдімбек «Тобылғы түн» өлеңің тамаша, түнді тобылғыға ұқсатуың да тың теңеу екен. Кітабыңның атын осылай деп қойғаның жөн шығар» деп кеңес берді. Өлеңдер жинағы осы атпен 2011 жылы Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.
Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, ұлтымыздың мақтанышына айналған жайсаң жанның өзінің соңынан ерген аяулы қарындасының шығармашылығын бағалауы жүрек тебірентеді. Оның «Дегдар ақын» деп аталатын екі жарым беттік пікірі әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде, Марфуғаның жаңағы «Тобылғы түн» кітабында алғысөз ретінде жарияланды.
2008 жылдың 26 қыркүйегінде Марфуғаның туған күніне әрі 50 жасқа толуына байланысты Ақселеу ағаны, көршіміз Астана қалалық орталық кітапхана жүйесінің директоры Сапарғали Балықбаевты зайыптарымен шақырдық.
Біздің үйге Ақселеу ағаның келуі үлкен қуаныш болды. Марфуға екеуміз үшін шаңырағымызға күллі қазақ әдебиетінің ауылы, марғасқа-жайсаңдары, алыптар тобы келгендей керемет әсер етті. Жазушы дастарқан басында әдебиет, мәдениет пен өнер тақырыбында, атақты ақын, қаламгерлер жайлы, адамгершілік, ұлттық тәрбие төңірегінде сыр шертті. Ет турап жатқан маған қарап, қазақтың қонақжайлығына, мал мүшелерінің қандай кісілерге берілетініне тоқталды. «Қазақ қойдың басын үйітіп, ұқыптап тазалап, төрде отырған құрметті мейманына ұсынады. Басқа ұлттарда бұл сирек кездеседі», деді.
Бірде кездескенде Ақселеу аға бізге «Екеуің де журналист, ақынсыңдар. Жазу қолдарыңнан келеді. Жеке газет ашып, шығармашылықпен айналысыңдар» деп кеңес берді. Сол кісінің ақылымен Марфуға екеуіміз «Есіл» газетін ашып едік, сол газетті он жыл бойы қиналсақ та шығарып келеміз.
Бәріміз Ақселеу ағамыздан қапияда айырылып қалдық. Бізге ақылын айтып, қамқорлық жасап жүретін ізгі жүректі адамның көз жұмуы оңайға тиген жоқ. Өкінішке қарай, қазір ондай жандар саусақпен санарлық.
Марфуға өзіне «Дегдар ақын» деп жоғары бағасын берген Ақселеу аға жайлы естелік жазам деп жүрген. Аяқ астынан өзі бақилық болды. Бұл қаза да бізге ауыр соққы боп тиді. Ортамызда бойымен де, ойымен де сұңғақ көрінетін Ақселеу ағамыз да, жалынды, жаһұт жырларын оқып, жайраңдап жүретін Марфуға ақын да жоқ. Ақселеу аға жайлы Марфуға жазам деген естелікті егіле толғанып, жан жүрегім ауырып мен жазып отырмын. Жұлдыздай зымырап өтіп жатқан өмір-керуен деген осы. Ақселеудей асыл ағамыздың жоқтығы әрқашан сезіледі. Бірақ қазақ әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Оқжетпестей биік, дара тұлғаның жарқын бейнесін халқымыз, мәңгілік есінде сақтап, айрықша құрметтейді.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Астана