Жазғы спорт • 17 Сәуір, 2018

Нағашысына тартқан жиендер

500 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде жат елдердің намысын қорғап, көз арбаған биіктерді бағындырған қандастарымыз туралы мақала жарияланған еді («Жаттың намысын жыртқан қазақтар», «ЕҚ», №64, 05.04.2018 ж.). Бүгінгі мақаламыз соның жалғасы іспеттес. Бұл жолы біз шет мемлекеттердің туы астында өнер көрсеткенімен, қазаққа жиен болып келетін әйгілі спортшылар жайында жазуды жөн көріп отырмыз. Расында да «Алып анадан туады» деген аталы сөз тегін айтылмаған ғой...

Нағашысына тартқан жиендер

2016 жылдың тамыз айында Бра­зилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпия ойындарын тамашалап отырып, қызықты бір жайтқа қанық болдық. Жағажай волейболынан жарыс өтіп жатты... Сол додада Италия құрама командасының мүшелері – Паоло Николай мен Даниэле Лупоның өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Барлық қарсыластарын қоғадай жапырған олар жартылай финалда Ресей жұлдыздары – Вячеслав Красильников пен Константин Семеновқа сан соқтырып, ақтық айқасқа жолдама алды. Финалда бразилиялық Алисон Серутти мен Бруно Оскар Шмидтен ұтылған Апеннин түбегінің түлектері күміс медальді иеленді.

Айтпағымыз, Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Даниэле Лупоның (суретте) анасы қазақ екен. Даниэле 1991 жылдың 6 мамырында Римде дүниеге келді. Анасының аты-жөні – Гүлсім Жұмағұлова. Атақты спортшының әке-шешесі 1980 жылы Мәскеуде Олимпия ойындары өтіп жатқан кезде танысыпты. Ол кездері Гүлсім апайымыз КСРО астанасындағы институттардың бірінде оқып жүрген. Екі жастың сезімі махаббатқа ұласып, қазақ қызы Карло Лупомен бірге Апеннин түбегіне аттанады.

Бұл күндері жиеніміз жағажай волейболындағы марқасқалардың бірі әрі бірегейіне айналып отыр. Оның бойы – 194 сантиметр, салмағы – 77 кило. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Италия құрамасы ширек финалға дейін жетті. Өзінің командалық әріптесі Паоло Николаймен бірге Даниэле Лупоның екі рет Еуропа чемпионы атанып, бірқатар аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді.

2013 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокс­шы­лардың әлем чемпионаты дүркі­реп өткені есімізде. Жергілікті жанкүйер­лер өз жерлестеріне барынша қолдау көрсетіп, күн сайын оларды жі­гер­лендіріп отырды. Сондай-ақ қазақ­стандық көрермендердің әзербай­жандық Теймур Мамедов пен ресейлік Артем Чеботаревқа да ықыласы ерекше болды. Себебі олар да біздің жиендеріміз. Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қос саңлақтың аналары – қазақтың қарапайым қыздары.

Теймурдың ата-анасы Шымкентте туып, өсті. Екеуі осы жерде танысып, Кеңес Одағының іргесі сөгілгеннен кейін Қап тауы бөктеріне қоныс аударды. 1993 жылдың 11 қаңтарында Теймур дүниеге келеді. Отағасы Физули де кезінде тәуір боксшы болған көрінеді. 13 жасында ол ұлын бокс үйірмесіне жетектеп әкеледі. Жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған жігерлі өрен ересектер дуына да еркін қосылып, түрлі додаларда даралана бастайды.

91 кило салмақта өнер көрсететін Мамедов 2012 жылы Лондон Олимпиа­дасының күміс медалін мойнына тақты. 2011 жылы Баку және 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2011 жылы Еуропа біріншілігінде топ жарса, 2013 жылы айтулы жарысты кү­міспен қорытындылады. Ал 2015 жылы Әзербайжанның астанасында тұңғыш рет ұйымдастырылған Еуропа ойындарында Теймурға тең келер ешкім болған жоқ.

Артем Чеботарев 1988 жылдың 26 қазанында Саратов облысында дүниеге келді. Әкесінің есімі – Николай, анасы – Дина. Бокс әліппесін ол нағашысы Еділбай Қазиевтен үйре­неді. 75 кило салмақ дәрежесінде жұдырық­тасқан Артем 4 рет Ресей чемпионы атанып, 2010 жылы Мәскеуде өткен Еу­ропа біріншілігінде алтын тұғырға көтерілді. 2013 жылы Алматыда жалауы желбіреген әлем чемпионатының жартылай финалында ирландиялық Джейсон Куиглиге жол беріп, қола медальді иеленді. 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысқанымен, бұл жарыста оның жолы болмады.

Былтырдан бері Артем кәсіпқой рингте бақ сынап жүр. Сол аралықта төрт рет шаршы алаңға көтерілген ол барлық бәсекеде басымдық танытып, үш қарсыласын есінен тандырды. Жиеніміздің ендігі арманы – кәсіпқой бокстағы ең белді нұсқалардың бірі бо­йынша әлем чемпионы атану.

Қысқа қайырсақ, спорт әлемінде есімі көпшілікке жақсы таныс жиен­деріміздің жүріп өткен жеңісті жолдары осындай. Қазіргі кезде де қазақ жан­күйерлері олардың жолына үлкен үміт­пен қарап, әркез тілекші болуда. Өйт­кені жиендеріміздің жеңісі бізге де ортақ!

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»