Сынақтан тыраң етіп құлайды, жабығып жүргенде көзтаныс біреулер Мәскеуге барып бағын сынауға кеңес береді. «Қанша дегенмен орыс әділ. Танысың бар ма, ақшаң бар ма, жоқ па, қарамайды. Сен нағыз математиксің ғой. Сөзсіз қабылдайды», деп үміт отын жағады.
Таза қазақ ауылында өскен, орысшасы шала-шарпы бозбала Асқар Мәскеуге тартады. Алдына есеп берсе, шемішкедей шағып тастағанымен талдауға тіл жоқ. Балық сияқты көзі бозарып отырады. Орыс тілінен сынақ тапсырғанда құлағаны белгілі болған. Сонда математикадан емтихан алған қарт еврей ғалымы «мұндай талантты жігітті тіл білмейді деп оқуға қабылдамағанымыз күнә болады. Орыс тілін үйренер, ал бұл жігіт болашақта атақты ғалым боларына сенемін» депті. Құдай аузына салған шығар, сол академик Асқар Жұмаділдаев Қазақстанға ғана емес, әлемге атағы шыққан ғалым болды. Дүние жүзіне әйгілі Оксфорд, Гарвард университеттерінде ағылшын тілінде дәріс беріп келеді. Ғылымның атасы математика саласының әлемдік тұлғасы сапына қосылды.
Егер еврей әйел талантын байқап, араша түспегенде біз Асқар Жұмаділдаевты бүгінгідей даңқымен білер ме едік. Ауылдан шығып, әлемдік математика ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Мұхтар Өтелбаевты ше?!
Дүние жүзіне атағы шыққан қос ғалым да ауылдан түлеп ұшыпты. Ал олардың ізін басқан талантты жастар қазақтың алтын бесігі ауылдарда түгесілді деуге ауыз бармайды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы оқылықтың орнын толтыратындай ірі шаруаны қолға алды. Енді Қызылорда облысында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ашылады. Жобаға қаржы қарастырылған. Дарынды балаларға, әсіресе ауылдан келетін талантты жастар алаңсыз оқып, білім алу үшін жатақхана керектігі белгілі. Мектеп жанынан осы мақсат үшін 300 орындық жатақхана салынады.
Облыстағы білім саласындағы жақсы жаңалық осында іссапармен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың да көңілінен шыққан.
«Физика-математика мектебін ашу – дұрыс шешім. Бүгінгі таңда біз цифрландыру, индустрияландыру туралы айтамыз, ал колледжер мен университеттерде негізінен гуманитарлық сала мамандарын дайындайды. Сондықтан мұндай мектеп керек», деді ол.
Математика – ғылымдардың атасы. Ғасыр жұмбағын шешсе де қарапайым қалпынан айнымайтын, әлемді мойындатқан Мұхтар Өтелбаевтай жайсаң азамат, атақты ғалымдардың болашақта осы мектеп-интернаттан шықпасына кім кепіл?! Жақсы жаңалыққа облыс тұрғындары қуанып жүр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы