Соның ішінде партияға жүктелген міндеттердің бірі – елді жаңғырту жолындағы маңызды бастамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы іске асырылуына бақылауды, осы бағытта партияның белсенділігін күшейту. Павлодар облысына келген партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың бағыт-бағдарымен танысты.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев алдымен алюминий өндіретін «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамында болды. 2010 жылдың маусым айында Елбасы кәсіпорынның екінші кезеңін іске қосқаны белгілі. Бұл күндері зауыт толық жобалық қуаттылығы бойынша жұмыс жасауда. Сол күннен бастап кәсіпорын жылына 250 мың тонна алюминий өндіруде.
Өндірістің еңбек ұжымымен кездескен М.Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, жұмысшылардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Жалпы, «Нұр Отан» партиясы қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғауға айрықша көңіл бөліп келеді. Осыған байланысты партия еліміздің Кәсіподақтар федерациясымен Өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөнінде келісімге келді. Бұл құжатқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойды. Нәтижесінде тараптар қазақстандықтардың мүддесі мен еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында партиялық және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру жөнінде өзара келісімге келді. Алдағы уақытта аталған екі қоғамдық институт мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын одан әрі жетілдіруді, еңбек дау-дамайлары мен әлеуметтік бағыттағы төтенше жағдайларды шұғыл шешуді, бұл жұмыстарға білікті сарапшылар мен тәжірибелі мамандарды жұмылдыруды және еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия және кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту жөнінде ұсыныстар дайындауды жоспарлап отыр.
Бүгінде партия Төрағасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі күндері халықты алаңдатқан мәселелерді нақты шешу мақсатында 22 жаңа партиялық жоба дайындалуда. Соның аясында Павлодар облысында да жаңа қанатқақты жобалар басталды. Яғни «Нұр Отан» мен жергілікті мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастық арасында бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы балаларға арналған тегін IT сыныптар ашуға, арнайы IT мамандарды даярлап, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта құруға жол ашылады.
– Жаңа жобалар партия жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған. Біздің әрбір бастамамыз бен ұйымдастырған іс-шараларымыз нақты нәтиже беріп, халыққа өз пайдасын тигізуі керек. Көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін біз үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Партия Төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, елімізде 1000 ІТ-сынып ашылмақ. Оны үш жылдың ішінде жүзеге асыру жоспарланған. Әр жылда тегін курстар арқылы 150 мың бала және 35 мың ересек адам бағдарламалау негіздерін үйренеді. Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен және «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне қатысқан делегаттармен кездесті. Облыс орталығындағы IT орталық пен «Жастар бастамаларын дамыту» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықтарда жастар мобильді қосымша, веб-сайт сияқты IT-индустрияға қатысты жобаларын ұсынып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ орталыққа келушілер әр салада жаңа ақпараттық технологиялар мен бағдарламалар дайындап, оларды қолданысқа енгізу мақсатында жұмыс істейді.
Ал «Жастар бастамаларын дамыту» орталығында орналасқан IT орталық елімізде алғаш болып жастарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетуде. Онда жастарға жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болу, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, заңдық және психологиялық қолдау көрсету және кәсіби бағдарлау жұмысы сияқты қызметтер көрсетіледі.
Өңірде цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс орталығындағы жаңадан ашылған №37 орта мектепте цифрлы технологиялар мектептің күнделікті тыныс-тіршілігіне енген. Оқушылар мектепке арнайы карта немесе саусақ таңбасы арқылы кіріп-шығады. Ата-аналарға арнайы хабарлама жолданады. Бұл ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік беріп отыр. Мектепке арнайы келген Мәулен Әшімбаев мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, заманауи білім беру жүйесін дамыту жайында пікір алмасты.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін «Ардагерлер үйі» оңалту орталығында болды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суретті түсірген Валерий Бугаев