Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

Қазба жұмыстарына бөлінетін қаржы қомақты

541 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» бағдарламалық мақа­ласының жа­рық көргеніне бір жыл толуына орай Аста­надағы Ұлттық музейде үл­кен көрме өтіп, ұлт руханияты үшін маңызы зор бағдарлама аясын­да ел көлемінде атқарылған істер­­дің есебі тыңдалып, ал­дағы жоба-жоспарлар ме­желенгені белгілі.

Қазба жұмыстарына бөлінетін қаржы қомақты

Көрмеде Шығыс Қазақстанда бір жыл мұғдарында қолға алын­ған жобалар да жан-жақ­ты таныстырылды. Шара бары­сын­да әсіресе «Мой родной край» жә­не ұлы Абайдың өмірі мен шы­­ғармашылығына арналған 3D кітаптар көпшіліктің қызы­ғу­шылығын тудырды.

«Бұл 3D кітаптардың бір қара­ғанда қарапайым кітаптардан еш айырмашылығы жоқ секіл­ді. Десе де қолыңыздағы смарт­фон­ның немесе планшеттің көмегіне жү­гіне отырып, оның арты­қ­шы­­­лығын байқауға болады. Ол үшін Google Play-ден қажетті қо­сым­­шаны қондырғыңызға жүк­теп алғаныңыз жөн. Ақынның өмі­рі мен шығармашылығына ар­налған кітаптан өлеңдері мен əндерін де тыңдауға болады. Біздің кітаптарымыз үлкендердің ғана емес, балалардың да қызы­ғу­шылығын тудыруда. 3D технология оқу үрдісінде оқу­­шылардың ма­териалды то­лық меңгеруіне кө­мектеседі. Бағдарлама аясында əзірге екі кітапты əзірледік. Қазіргі кезде өңірімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың салт-дəс­түріне арналған тағы бір кіт­апты бас­паға дайындап жаты­рмыз», дейді аталған жоба же­текшісі, Шығыс Қазақстанның білім берудегі жаңа технологиялар аймақтық орталығының директоры Сергей Коваленко.

Көрмеде Семейдегі Шәкә­рім атындағы университет оқы­ту­шылары келушілер наза­ры­на «Абай қарасөздерін оқыту әдіс­­темесі» және «Латынға төте жол» атты көмекші әдісте­ме­лік құ­ралдарды ұсынды. Оқу ор­ны­ның қазақ әдебиеті кафед­ра­сы­ның меңгерушісі, философия док­торы (PhD) Арай Жүндібаева әуе­лгі әдіс­теме ұлы ақынның қара­сөз­дерін аз уақытта әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік беретінін, екінші әдістемелік құрал латын қарпін үйренемін деушілерге таптырмас дүние екендігін айтады. Бұл әдістемелік еңбектердің ерекшелігі – аудио дискілер мен бей­неқұрылғылардың пайда­ланылуында. Сонымен қатар көр­­меде жас ғалымның Роя Тце­за­ның «The Cuide ot the Futu­re» (Болашаққа жол нұсқау) ат­ты еңбегін ағылшын және орыс тіл­дерінен қазақшаға аударған кі­табы да таныстырылды.

«Былтыр университетімізде білім орнының басшысы Мейір Ға­рифоллаұлының бас­шы­лы­ғы­мен «Акме» атты халық­ара­лық ағар­тушылар клубы құрылып, «Мәң­гілік Ел» деп аталатын кафе­дра ашылған еді. Акме – көне грек сөзі. Рухани толығу, адамның жаңа кезеңге қадам басуы, білген-түйгенін өзгелерге үй­ре­туі деген мағына береді. Мы­на сәйкестікті қараңыз. Осы­дан бір ғасыр бұрын шамасын­да, яғни 1920-1924 жылдар ара­лығында Семейде Ахмет Бай­тұр­сынов бастаған алаш зиялы­лары халық арасында ағарту жұ­мыс­тарын жүргізу үшін «Акме» деген ұйым құрған екен. Оған алаш арыс­тарының көбі мүше болған. Сол ұйымның жүз жылдан ке-
й­ін қайта жаңғыруы ұрпақтар сабақтастығын аңғартса керек», дейді жас ғалым.

Астанадағы Ұлттық музей­дегі көрмеге Өскемендегі Сәр­сен Аманжолов атындағы Шы­ғ­ыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғалымдарының «100 монография» сериясымен жа­рық көрген ғылыми еңбектері де қойылды. Бұл жобаға еліміздің өзге өңірлерінен келген ғалымдар қызығушылық танытты.

«Əрине біздің М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­­лекеттік университетінде де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біршама шаруалар атқа­ры­­лып жатыр. Бірақ С.Аман­жо­лов атындағы ШҚМУ бұл жа­ғы­­нан озып, көш басында тұр екен. Шынында да бұл – біз­ге үл­гі боларлықтай іс. Сана­ның, қо­ғамның жаңғыруы осындай іс­терден бастау алады», дей­ді М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­­ситетінің профессоры Жанар Та­ласпаева.

«Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесінің өкілі Ольга Шабалинаның айтуынша, Шы­ғыс Қазақстанда «Туған жер» ар­найы жобасына 20 млрд тең­ге­ден астам қаражат тартылып, шағын және орта бизнес өкіл­де­рі­нің қолдауымен 929 жоба жү­зе­ге асырылыпты. Бұл ретте өңірдегі 476 мектептің сынып бөлмелерін Назарбаев зияткерлік мек­тебінің стандарты бойынша за­манауи құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуді мұрат тұтқан «Менің мектебім» жобасын атау­ға болады. Былтырғы қа­зан айында Өскеменде өткен «Туған жер» форумында аймақ кә­сіп­керлері осы мақсатқа 2,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр­ғаны ай­­тылған-ды. Қазіргі уақытта облыста археологиялық қазба жұмыстарына да айрықша көңіл бөлініп, көне қорымдар жан-жақты зерттеліп жатқаны мәлім.

Елордадағы көрме кезін­де «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетек­шісі Берік Әбдіғали «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасы аясын­дағы жобаларды қаржы­лан­ды­ру бойынша өзге аймақтарға қара­ғанда, Шығыс Қазақстан облы­сы көш басында тұрғанын, өңір­де археологиялық қазба жұ­мыс­­тарына ерекше мән бе­рі­ліп, Қоң­ыр әулие үңгірі, Ыр­­ғызбай Дос­ханаұлы мазары, Берел, Шілікті секілді киелі орын­­дар мен халық жиі баратын бас­­қа да туристік нысандарға апа­­ра­тын жолдардың жөнделіп жат­­қанын айтқан болатын.

Киелі орындар демекші, об­лыс­тық туризм және сыртқы бай­ланыстар басқармасының бас­шысы Жасұлан Сәрсебаевтың ай­туынша, «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» арна­йы жобасы аясында облыста үш үлкен жоба іске асырылып жатқан көрінеді. Биыл балаларға арналып аймақтағы киелі орындар туралы «Шығыс Қазақстан ертегілері мен аңыздары» атты кітап жарық көріп, қасиетті мекендердің туристік маршруттары әзірленіпті.

«Өңіріміздегі киелі орын­дар­дың біразы қаладан шалғай жерде орын тепкен. Кейбірінде ту­рис­терге түсіндіріп беретін гид те жоқ­. Міне, осындай туристердің то­­­бына арнап қазіргі күні біз ау­ди­­огид әзірлеп жатырмыз. Олар ау­­диогидтің көмегіне жү­гі­­ніп, өз­­дері барған киелі жер ту­­­ралы ақ­­парат ала алады. Оның бә­рі те­­гін. Тек интернеттің көме­гі­­мен біздің toureast. kz сайтынан ау­­диогидті телефондарына жазып алса болғаны», дейді бас­қар­ма басшысы.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ