Спорт • 19 Сәуір, 2018

«Альпі Туры» велокөпкүндігінде «Астана» велокомандасы жеңіске жетті

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Альпі Туры» велокөпкүндігінде «Астана» велокомандасы тағы да жарқырап өнер көрсетті. Пельо Бильбаоның кешегі жеңісінен кейін, аты аңызға айналған Альпе ди Пампеаго асуында өткен екінші кезеңде Мигель Анхель Лопес екінші жеңісті әкелді.

«Альпі Туры» велокөпкүндігінде «Астана» велокомандасы жеңіске жетті

Лопес франциялық Тибо Пино мен колумбиялық Иван Рамиро Соусадан тұратын көшбасшылар тобынан озып шықты.

– Әріптестерім маған ғаламат көмек көрсетті. Соңғы сәтте қасымда әріптес­терім көп болды да, соның арқасында өзімді тамаша сезіндім. Асудың өте қиын болғанына қарамастан, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Атақты чем­пион­дардың жолымен жүріп өткеніме ризамын. Ян Хирттің шабуылын көріп риза болдым, бұл бір тамаша мүмкіндік еді. Кейіннен оны қарсыластар қуып жетіп алғаннан кейін мен тек өз басымдылығымды ұстап отырдым. Жарыстың түбі спринтпен аяқталатынын біліп, барынша күшімді сақтауға тырыстым, – деді Мигель Анхель Лопес.

«Альпі Турының» екінші кезеңі Лавароне елді мекенінде басталып, 145,5 шақырымнан соң атақты асу Альпе ди Пам­пеа­года аяқталды. «Астана» екі күн қатарынан жарыс­ты жоға­ры деңгейде өткізді. Хирт 2,5 шақырым қалғанда көш­басшылар шабуылына жетіп алғысы келген. Алайда 500-600 метрден кейін оны қуып жетті. Бірақ соңғы 2 шақырымда ешкім басымдық ала алмады. Көшбасшылар барлығы біркелкі келіп, Мигель Анхель Лопес кезең жеңімпазы атанды.

Жалпы, есептің көшбасшысы болып Иван Рамиро Соуса танылды. Көшбасшыға 6 секунд жеңіліп тұрған Мигель Анхель Лопес 3-сатыға табан тіреді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»