23 Сәуір, 2018

Күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» атты шығармашылық кеші өтті

2315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академия­сының ұйытқы болуы­мен өткен күй кеші Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласы аясында салтанат құрды. 

Күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» атты шығармашылық кеші өтті

Тарихты күймен тәпсірлеп, танымды жырмен тасқындатқан тұлғаның бірі – дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың бір ғана «Ерке сылқым» күйі қазақтың тұтас дәуір келбеті деуге болады. 

1970 жылы дүниеге келген ол өнер туындысы қазақты жарты ғасырға жуық тылсым да терең әуезімен әлдилеп келеді. Жалындаған ой мен сырлы сезімнің жауһар же­місі «Ерке сылқым» туралы халық жазушысы Шерхан Мұр­таза «Әбдімомынның «Ерке сылқымы» – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды» деп жоғары баға берген екен. Шынымен де «Ерке сылқым» – елдің қазынасына айналған ерекше музыка, ерен құбылыс. Оған біз өткен жұмада елорда­мыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен «Ерке сыл­қым» атты ерекше кеште тағы бір мәрте куә болдық.

Оның отызға тарта күйі мен жиырмаға жете әнінің ішінде – елін сүйген, елі сүйген Елбасына арнаған «Нұрсұлтан» атты күй-дастанымен шоқтығы биік. Алаштың егемендігін күймен жырлап, Елбасының ерен ерлігін сазбен суреттеген дәулескер күйшінің бір артықшылығы да осы болса керек.

Кеш шымылдығы автордың «Жетісу сазымен» басталып, «Төле би» толғауы арқы­лы «Нұрсұлтан» поэмасымен жалғасуынан біз тарихи оқи­ғалар желісінің жіті сақтал­ғанын аңғарғандай едік. «Ша­быт» университетінің «Жам­был» залындағы өнерсүйер қауым да осы ойлардың же­тегінде Жетісу жазирасын ара­лап кеткендей аңсар күй кешіп отырды. Сілтідей тынып, сахнаға көз жіберген көрермен көңіл көкжиегін күй-керуеніне солай ұзатып жібергендей. Ұран күйлерден Ұлы Даладағы тарих көз алдыңа келіп, өткені өзегіңде тулап жатқандай.

Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ ор­кестрі де Желдібаев әлеміне дендей еніп кеткен. Осы жерде көркемдік жетекші һәм бас дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов екенін айта кеткен жөн. Кештің көркемдік жетекшісі Әлқуат Қазақбай да сол күй кеңістігін көрермен көңілімен кемелдендіріп жіберген. Ал күй кешінің алғашқы айшықты сөзі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің күй өнеріне қатысты ұлағатты ойы­мен өрнектелсе, Қазақстан Республикасы Президенті Кең­­сесінің бастығы Махмұт Қа­сымбеков бастаған зиялы қауым өкілдері де жылы лебіз­дерін білдірді. Ол қатарда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева да бар.

«Бүгінгі кешке сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты да шақырдыңыз. Президентіміз расымен де сіздің шығарма­шылығыңызға ынтасы ауып, қарап жүреді. Сол себепті де өзіңіздің кешіңізге шынайы лебізін білдіріп, құттықтау хатын жолдады», деді М.Қасым­беков. Хатта «Мен – сіздің шығармашылығыңызды өте жоғары бағалайтын адамдар­дың бірімін. Әсіресе сырлы да шуақты, нәзік те әсем «Ерке сылқым» күйіңізді халқы­мыздың музыкалық қазы­насында өзіндік орны бар туынды деп есептеймін. Осы кеште маған арналған күй-поэмаңызды орындамақ екенсіз. Үлкен ықылас-құрметіңіз үшін көп рахмет. Кешіңіз мазмұнды өтіп, көпшіліктің ойынан шығуына шын көңілден тілектеспін» делінген.

Кештің тағы бір есте қалар­­лық елеулі сәті – Ә.Жел­дібаевқа «Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің Құрметті профессоры» атағы берілген мезет болатын. Ол сыйлы марапатты министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева табыстады.

Кештің қорытынды сәтін хор қызындай күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева таланты түйіндеді. Жамбыл облыстық филармониясының домбырашыларымен бірге Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ оркестрі қосылып, Айгүл Үлкенбаева тартқан «Ерке сылқым» шынымен де шырқау биікке шығып, күйші жұлдызын көкте жарқыратты.

Кеш соңында Ә.Желдібаев шараның салтанатты өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Мирас АСАН,

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»