Үкімет • 23 Сәуір, 2018

Р. Дәленов: XI Астана экономикалық форумы 11 жаһандық мәселені талқылайды 

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте XI Астана экономикалық форумының жаңа форматы, талқылауға ұсынылатын мәселелер мен тақырыптар туралы айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Р. Дәленов: XI Астана экономикалық форумы 11 жаһандық мәселені талқылайды 

Руслан Дәленовтың айтуынша, жаңа формат үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және зерттеу. Форум іс-шараларының тұжырымдамасы интерактивті шаралар арқылы кеңейтілетін болады. Форумның барлық алаңдарында жаңа заманауи мультимедиялық шешімдер қолданылады: TED talks, визионерлердің баяндамалары, инновациялық презентациялар, көпшілік алдындағы сұхбат, арнайы воркшоптар және т.б.

Бұдан өзге, сараптамалық пікірталастың жоғары деңгейі белгіленеді. Форумға әлемдік зияткерлік элита, әлемдік корпорациялардың басшылары, ғаламдық стартапшылар, танымал футурологтар, шетелдік және отандық саясаткерлер, беделді экономистер мен ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылды.

«Астана экономикалық форумы әлемдік интеллектуалды аренада Қазақстанды халықаралық жайғастырудың жаңа жүйесінің қозғалтқыштарының бірі саналады. Форумның арқасында ел бренді ғаламдық сарапшылар желісі арқылы дамып келеді», деді Руслан Дәленов.

Сонымен бірге, АЭФ тұжырымдамалық әлемдік идеяларды талқылаудың диалогтық алаңына айналуда. Пікірлермен және соңғы ғылыми-практикалық жетістіктермен алмасу әлем мен Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаһандық инвесторлардың қызығушылығы да арта түспек. Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрінің айтуынша, форум шетелдік инвесторларды тартатын магнит секілді, Қазақстанның және әлемнің жетекші бизнесмендері кездесетін орын.

«АЭФ экономикалық ғылым бойынша әлемнің ең үздік ғалымдары мен сарапшыларының, Нобель сыйлығы лауреаттарының бас қосатын алаңына айналды, мұнда жас қазақстандық экономистер құнды білім мен тәжірибе алады», деп түйіндеді Р. Дәленов.

Бұдан өзге, ұлттық экономика бірінші вице-министрі форумда мемлекеттер, қалалар мен компаниялар арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қою жоспарланғанын атап өтті.