Аймақтар • Бүгін, 13:24

Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды

29 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше қуаныш болды. Барлығы 504 отбасы көптен күткен жаңа баспаналарына қол жеткізді. Бұл қуанышты оқиға тұрғындарға үлкен үміт сыйлап, олардың өміріне жаңа бетбұрыс әкелді. Жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды

Мемлекет қолдауымен салынған бұл пәтерлер «Отбасы банктің» жеңілдетілген заем арқылы берілді. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында берілетін баспана - бүгінгі тада тұрғын үй мәселесін шешудің ең тиімді құралдарының бірі болып табылады. Бағдарлама аясында көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға, мүгедектерге, жетім балаларға, сондай-ақ мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері жаңа баспаналарына қоныстанды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жаңа баспаналарымен құттықтап, өңірдің тұрғын үй құрылысы саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

«Соңғы екі жылда аймақта 4 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Бұл 17 мың тұрғынның баспана мәселесін шешті. Ал 2023 жылдың өзінде 1500-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 2,5 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіштер тұрғын үй құрылысының көлемінің 126 пайызға артқанын көрсетеді», деді облыс әкімі.

оо

Сонымен қатар аймақ басшысы жаңа пәтерлер тұрғындарға тек жайлы тұрмыс ғана емес, тұрақты болашаққа сенімділік сыйлайтынын атап өтті. Ол мұндай нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттің халыққа қамқорлығын және құрылыс саласының дамып келе жатқанын дәлелдейді.

Бұл үйлердің құрылысына 9,9 миллиард теңге бөлінген. Әр пәтердің ауданы 80-85 шаршы метрді құрайды, бұл әрбір отбасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Жаңа баспана иелері қуаныштарын жасырмай, мемлекеттің қолдауына ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі – мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған Бағдагүл Жұбатқанқызы. Ол 8 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын және бүгін көптен күткен арманының орындалғанын айтады. Бағдагүлдің сөзінше, жаңа пәтер тек баспана емес, отбасына тұрақтылық пен жайлылық сыйлады. Олар енді балаларын қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіре алатынына қуанышты.
«Мұндай мүмкіндікті ұсынған мемлекетімізге, облыс әкіміне және «Отбасы банкіне» үлкен алғысымды білдіремін. Бұл жеңілдетілген ипотека арқылы қолжетімді болды», деді ол.

Бүгін қоныс тойын тойлайтын жандар қатарында Жандос Рысбеков те бар. Қызылорда қаласының өрт сөндіру қызметінде еңбек ететін ол бірнеше жыл күткен өзінің үйіне кіріп отыр. Ол мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары мен тиімділігінің арқасында осындай пәтерге қол жеткіздім, дейді.

«Біз мемлекеттік бағдарламаның арқасында "Отбасы банк» арқылы пәтер алдық. Осындай мүмкіндіктерді жасаған басшылыққа және құрылысшыларға рақмет. Жаңа пәтер иелерін шын жүректен құттықтаймын», деді ол.

оо

Тұрғын үйлерді қолжетімді етуде «Отбасы банк» ерекше рөл атқаруда. Банктің Қалалық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Шыңғыс Құттықов бағдарламаның тиімді шарттарын түсіндіріп берді:
«Бұл бағдарлама тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған. Әлеуметтік осал топтар мен бюджеттік қызметкерлер үйдің бастапқы жарнасына 10 пайыз төлеп, жеңілдетілген пайызбен несие ала алады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін мөлшерлеме 2 пайыз (ЖТСМ 2,0% бастап 2,1% дейін), ал мемлекеттік қызметкерлер үшін 5 пайызға дейін (ЖТСМ 5,2% бастап 5,8% дейін) жеңілдік қарастырылған. Бұл тек біздің банк салымшыларына арналған бағдарлама», деді ол.

Сонымен қатар кезекте тұрған салымшылар «Баспана Маркет» порталы арқылы өтініш білдіре алады. Бұл портал тұрғындарға өздерінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және жылдам ақпарат алуға жол ашады.

Сырдарияның сол жағалауында орналасқан бұл тұрғын үйлер – заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Барлығы 7 қабатты 6 үйден тұратын кешенде 504 пәтер бар. Әр пәтердің ауданы 80-85 шаршы метр. Жобада жеделсатылар, балалар ойын алаңдары және автокөлік тұрақтары қарастырылған.

Әрбір отбасының қажеттілігін ескеріп салынған бұл үйлердің берілуі – өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытындағы нақты қадам. Жаңа кешен тұрғындары енді қауіпсіз әрі жайлы өмір сүретін ортада тұратын болады. Үйлердің ішкі әрлеуі мен пайдаланылған материалдардың сапасы жоғары деңгейде. Әр пәтерде заманауи сантехника, жылыту жүйесі және энергия үнемдейтін терезелер орнатылған. Сонымен қатар, әрбір аулада балаларға арналған ойын алаңдары, демалыс орындары және көлік тұрақтары бар.

Жаңа қонысқа ие болған тұрғындар үшін бұл үйлер тек жайлы баспана ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген сенімнің кепіліне айналды. Осылайша, Сыр өңірі қолжетімді тұрғын үй саласындағы үлгілі өңірлердің бірі ретінде танылып жатыр.