Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Әзиз САНЖАР, Нобель сыйлығының лауреаты: Орталық Азия – түркі дүниесінің кіндігі

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әзиз Санжар – химия саласы бойынша түркі әлемінен шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының лауреаты. 33 кітап және 400-ден аса ғылыми монографияның авторы. Американың өнер және ғылым академиясының, АҚШ-тың Халықаралық ғылым академиясының мүшесі. Әлемдегі ең беделі зор осы академияның мүшелігіне өткен үш түрік ғалымының бірі. Солтүстік Каролина университетіндегі өз атымен аталатын зертханаға жетекшілік жасайды. Бүгін біз ғалыммен жүргізген шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Әзиз САНЖАР, Нобель сыйлығының лауреаты: Орталық Азия – түркі дүниесінің кіндігі

– Әзиз мырза, Қазақстанға алғаш келуіңіз болар?

– Иә. Алматыны, жалпы Қазақстанды алғаш көруім. Қазақстан біз үшін – атажұрт. Атажұртқа табаным тигені үшін қуаныштымын.

– Халықаралық эко­но­ми­ка, қаржы және энер­гия конгресінде жасаған баян­да­мыңызды тоғыз мемлекеттен келген айтулы ғалымдар мен мамандар сілтідей тынып отырып тыңдады... Геосаясаттағы түркі дүниесінің орны мен салмағын қалай бағалайсыз?

– Бірнеше жүзжылдықтар бойы түркі дүниесі дүние ғылы­мы­ның орталығы болды. Тіпті орта ғасырлардың өзі түркілердің қайта өркендеу кезеңі деп аталады. Бұл тарихи шындықты біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Ғазали, Қожа Ахмет Ясауилардың ғылымы өркен жайған Орталық Азия түркі дүниесінің кіндігі болып табылады. Мұны біз мақтан тұтамыз. «Дәл осы түркілердің дәуірлеуі сияқты, осыған ұқсас өркендеген тағы қандай елдер бар?» деп көп ойландым. Ақыры «мұндай өркениет Қытайда болған» деген түйін жасадым. Қытай өркениеті түркі әлеміне өте ұқсас. Ол да түркі өркениетімен бір мезгілде күш жинады. Тіпті мен оны біз­дің бабалар өркениетінің бір бөл­шегі дер едім. Қытай мем­ле­кеті бүгінде үлкен қадаммен алға басып келе жатыр. Екпіні қатты. Нәти­жесінде Қытай экономикасы әлемде екінші орынға шықты. Қытай мен түркі дүниесі бір мез­гілде, бірдей мүмкіндікпен күш жинады дедім ғой, оны мен мы­на мысалдан да байқадым. Қы­тай мен түркі әлемінен шық­қан Нобель сыйлығының лауреаттары да бір мезгілде қатар пайда болды. Мен биохимия саласы бойынша, ал қытай әйелі мо­лекулярлы физика бойынша Но­бель сыйлығының лауреатта­ры атандық. Алдағы жиырма жылда Қытай барлық сала бойын­ша Нобель сыйлығын ала бастайтынына еш күмән келтірмеймін. Өйткені Қытай білікті ғалымдарын, талантты сту­денттерін ғылымның барлық саласын меңгерту үшін үздіксіз батысқа аттандырып жатыр. Бүгінде Қытай әлемдік дамуға елеулі әсерін тигізіп отыр.

– Түркі әлемінің қайта ояну­ы­на кедергі келтіріп отыр­ған қан­дай факторларды атаған болар едіңіз...

– Түркі әлемі адамзат тари­хын­дағы көптеген ғылыми білім мен ұлы жаңалықтардың генераторы болып келді. Бір ғана Әл-Фарабидің өзі бұған дәлел. Қазір әлсіреген болса, ол ең алдымен еңбектің тежелгендігінен. Бақытқа қарапайым жол емес, маңдай тер сіңген еңбек қана бас­тап барады. Мақсат-мұрат қан­шалықты қажет, асқақ болса да, ол еңбекке тәуелді. Бар­лық түркі халықтарына қазіргі қажет нәрсе осы – еңбек, еңбек­те­­ну. Бүкіләлемдік эволюция мен ғылым және озық ілімнің қоз­ғау­шы күші болған түркі дү­ние­сінің рөлін қайта қалпына кел­тіру біздің ортақ мақсатымыз болуы керек. Менің зертханама Қазақстаннан ғылымды өмірінің мәні санайтын ізденімпаз шәкірт­тер келсе, қуанар едім.

– Нобель сыйлығы секілді әлем­дегі ең мәртебелі марапат­ты алуға себеп болған сіз ашқан жа­ңа­лықтың түйіні неде?

– Мен қырық жылдан аса уақыт бойы ультракүлгін сәуленің ДНК-ға тигізетін әсер­і төңірегінде ізденіп келе­мін. Ультракүлгін сәуленің нәти­же­сінде бұзылған ДНК клеткала­рын қайта қалпына келтіру мәсе­лесін швед Томас Линдаль мен америкалық Пол Модрич те зерт­теді. Бірақ біздің арамызда еш­қашан бәсеке, бақталастық болған жоқ. Қатерлі дерттен түбегейлі емдейтін, айықтыратын дәрі әлі табылған жоқ. Бірақ біздің зерттеуіміз ғылымда рак ауруына қарсы күресудегі маңызды қадам болып есептеледі. Ол қатер­лі ісік ауруының тиімді емін іздеудегі маңызға ие зерттеу ретінде әлем­дік қоғамдастық тара­пынан да кең қолдауға ие. Онко­ло­гиялық аурумен күресте көме­гін беретініне сенемін. Менің өмірлік мұратым, ғылымдағы ізденісім мен еңбегім адамзатты мың-миллион жанды құрбан етіп жатқан зауалдың тырнағынан құтқаруға септігі тиг­­енін қалаймын. Нобель сый­лығын алғанда алғашында мен де, әйелім де сенбедік. Түркі әле­мі алдындағы азаматтық қа­ры­­­зымды қайтарғанымды, па­ры­зым­ды орындағанымды енді ғана сезініп жүрмін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»