Жазғы спорт • 24 Сәуір, 2018

Жаһан жаңалықтары. Салах – Англияның жыл ойыншысы

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Мысыр құрамасының және «Ливерпуль» клубының жартылай қорғаушысы Мохамед Салах футболдан Англия премьер-лигасының осы маусымдағы ең үздік футболшысы деп танылды. 

Жаһан жаңалықтары. Салах – Англияның жыл ойыншысы

«Ливерпуль» футбол клубының құрамына 2017 жылы қосылған Мохамед Салах команда сапында 33 матч өткізіп, 31 мәрте гол салса, 9 рет әріптестеріне нәтижелі пас асырған. «Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Мен бұл маусымда өте көп еңбек еттім. Осындай марапат алғаныма қуаныштымын», дейді Салах. 

Мохамед Салахтан бөлек бұл атаққа Кевин Де Брюйне, Давид де Хеа (екеуі де «Манчестер Юнайтед»), Харри Кейн («Тоттенхэм»), Лерой Сане және Давид Сильва (екеуі де «Манчестер Сити») сынды футболшылар үміткер атанған еді.

«Ак Барс» Гагарин кубогын иеленді

Құрлықтық хоккей лигасының 2017/2018 маусымының финалына Мәскеудің ЦСКА клубы мен Қазанның «Ак Барс» хоккей командалары шыққан болатын. 

Гагарин кубогын иелену үшін командаларға 4 жеңіс қажет еді. Нәтижесінде «Ак Барс» 4:1 есебімен басым түсіп, Гагарин кубогының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Гагарин кубогын өз қанжығаларына үшінші рет байлап отыр. Мұндай табысқа әзірше басқа командалар қол жеткізе қойған жоқ. Алғашқы екі ойында «Ак Барс» жеңіске жетсе, үшінші ойында ЦСКА буллиттен басым түсті. Ал кейінгі екі матчта да Қазанның командасы өздерінің жеңіске лайық екендерін көрсетті.

Биылғы маусымның қорытындысы бойынша «Шығыс» конференциясы жеңіске жетті. Финалға дейін жеткен «Ак Барс» ҚХЛ-дің плей-офф кезеңінде «Амур», «Металлург» және «Трактор» командаларымен күш сынасып, басым түскен болатын. Айта кетейік, «Ак Барс» 2009 жылы Гагарин кубогының тұңғыш жеңімпазы атанған-ды. 2010 жылы екінші рет Құрлықтық хоккей лигасының бас жүлдесін иеленген. 

Үндістан жазғы Олимпиада өткізуге ниетті

Үндістанның Олимпиада ассоциациясының басшысы Нариндер Батраның айтуынша, мемлекет 2032 жылғы жазғы Олимпия ойындарын өткізу үшін Халықаралық Олимпиада комитетіне өз өтініштерін бермек, деп жазады Inside The Games басылымы. 

«Біз 2026 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындарын, 2030 жылы Азия ойындарын және 2032 жылы Олимпиаданы өз елімізде өткізу үшін жақын арада ұсыныспен шығамыз. Біз жеңіп шығатынымызды немесе жеңбейтінімізді білмеймін, бірақ осындай ірі додаларды өткізуге әрқашан дайын екенімізді айтқымыз келеді», дейді Батра.

Үндістанның Олимпия ойындарын өткізуге ниетті екенін естіген ХОК президенті Томас Бах таңданысын білдірген. 

Дайындаған

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»