25 Сәуір, 2018

Қазақстанның көктегі көзі – ғарыш қызметін дұрыс пайдаланып жүрміз бе?

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында отандық телеарналардың бірінен, шамасы бұл Парламенттегі Үкімет сағаты болса керек, еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігінің жерді қашық­тық­тан зондтауға (байқауға) қатысты түсірілімдерінің сапасы туралы әңгіме болды.

Қазақстанның көктегі көзі – ғарыш қызметін дұрыс пайдаланып жүрміз бе?

Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің өкілі өздері пайдала­натын суреттер сапасын әлі де болса жақсарта түсу қажеттігін айтып жатты. Ал агенттік басшысы суреттер сапасын жақсартуға уәде берді.

Ойлап қарасаңыз, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ғарыш агенттігінің жерді қашықтықтан зондтауға қызмет ететін компаниялары бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі тиіс. Өйткені ғарыш саласы болса, жылдан жылға дамып келе жатқан сала. Оның ауыл шаруашылығына беретін пайдасы өте көп. Тіпті бұл мәселенің мәнісін жақсы білетін сарапшылар болашақта ауыл шаруашылығы ғарыш қызметінің көмегінсіз жұмыс істей алмайтындығын кесіп айтып отыр. Өкінішке орай, біздің елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ғарыш агенттігінің тиісті құрылымдары арасындағы байланыс әлі толық бекіп үлгермеген де секілді. Әйтпесе жоғарыдағы әңгіме Парламент деңгейінде айтылмаса керек еді. Ол мәселе екіжақты қарым-қатынастың жұмыс тәртібімен баяғыда шешімін тапқан болар еді.

КСРО ұшқыш-ғарышкері В. И. Севас­ть­янов өткен ғасырдың сексенінші жыл­да­рының ортасында былай деп жазады: «Алғашқы ғарышкерлер Ю.А.Гагарин мен Г.С.Титов ғарыштан Жердің өте айқын көрінетіндігін куәландырған болатын. Бүгінгі күні космостық түсірілімдер мен спектрограммалар мұнай мен газды, басқа да пайдалы қазбаларды іздестіруге жақсы жәрдемін тигізіп жүр. Бұл құралдарды пайдалана отырып біздің планетамыздың өсімдіктер әлемін зерттеп, орман ресурс­тарының есебін жүргізуге, егістіктер мен жайылымдықтардың жағдайын біліп отыруға болады. Ғарыштан түсірілген көп­ай­­мақтық түсірілімдер игеруге жарамды жаңа аумақтарды іздестіруде құнды деректер бере алады».

Міне, бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын айтылған сөз. Содан бері әлемдік ғарыш саласының қарқынды дами түскендігі анық. Оған сала бойынша ашылып жатқан жаңалықтар жақсы дәлел бола алады. Ғалымдар болашақта ғарыш саласы экономиканың көптеген салаларын соңына тіркеп алып, локомотив секілді алға сүйреп отыратындығын айтады. Тек оның жетістіктері мен игіліктерін пайдалана білу керек.

Әрине, Қазақстанның ғарыш саласы – әлі жас сала. Бірақ оның экономикамызға беретін пайдасы мен әлеуетінің зор екендігін қазірдің өзінде байқауға болады. Соған мысал ретінде интернеттен алынған мына хабарды келтіргенді жөн көріп отырмыз.

«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-тың Геоақпараттық технологиялар орта­лы­ғы 2015 жылы Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мем­­лекеттік инспекция комитетінің тапсы­рысы бойынша солтүстіктегі астық­ты өңірлерге космостық мониторинг жұмыс­та­рын жүргізеді. Мониторинг жұмыстарын жүргізуге отандық  KazEOSat-2 спутнигінің түсі­рілімдері және қызметі жалпы пай­да­­ланымдағы Landsat-8 спутнигінің дерек­тері пайдаланылады. Осылар арқылы жинақ­талған деректер нәтижесінде өңірде жүргізілген агротехнологиялық опера­циялардың мониторингі жасалады. Ол егіс жұмыстарының мерзімділігін бағалауға, ауыл шаруашылығы егістіктерінің жағ­дай­ларын айқындауға, егістіктердің шы­ғым­дылығына болжам жасауға және ауыл­шаруашылық дақылдарын жинаудың қарқындылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Міне, осы жұмыстардың нәтижесі Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласында болған бір қылмыстың бетін ашып, бұлтартпай дәлелдеу мүмкіндігін береді. Сөйтіп атқарылмаған жұмысты атқардық деп мемлекеттің 34 490 500 теңге субсидиясын жымқырмақ болған кінәлі адамдар оны қайта қайтаруға мәжбүр болады. Осы жағдайға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшылығы «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-тың басшылығына хат жолдап алғыстарын білдіреді.

Ұлан-ғайыр жері бар біздің Қазақстанның жағдайында отандық спутниктерімізді «сол ұлан-байтақ даламызға ғарыштан қарап тұрған көз» деп атасақ, ешбір артықшылығы болмас. Өйткені біздің аз халқымыз осыншама алып даламызға ғарыштық спутниктерсіз бақылау орната алмайтыны анық. Ендеше еліміздің жаңадан дамып келе жатқан ғарыш қызметін, оның мүмкіндіктерін тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, басқа да экономикалық салалар өз мүдделері үшін орынды пайдалана білсе, жөн болар еді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»