Қалайша қуанбассың, енді әншіні қазақ емес, әлем танитын болады! Өйткені «Әміре» фильмі – қазақ киноөндірісіндегі голливудтық мамандармен бірлесе түсірілген ауқымды жобалардың бірегейіне айналады деп күтілді. Ол болжамға имандай сенгіміз келді. Арман алдамаса, қиял күйремесе деп іштей және тіледік.
Сөйтіп, межелі уақыт туып, көптен күткен «Әміре» фильмінің тұсауын кестік. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясының бірлесе түсірген бұл фильмнің басты жаңалығы – туындыға Джеф Веспа (Jeff Vespa) есімді голливудтық кинорежиссердің тартылуы болды. Cценарий авторы – Бенжамин А. Ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen).
Көркемдік тұрғыдан голливудтық кинотуындыларды көз алдыңызға келтіретін бұл фильмнің түсірілу деңгейі мен техникалық мүмкіндігіне, әлбетте, мін таға қою қиын. Барлығы да өз орнымен, өз жолымен жасалғаны бірден байқалады. Тіпті, қызды-қыздымен тарихи шындықты көркем шындық жолына құрбан етіп жіберуін де америкалық киномамандардың көрермен қызығушылығына сай қызмет етуі деп қабылдадық. Сценарист Әміренің Париж сапарына дейінгі және одан кейінгі тауқыметті тағдырына тереңірек бойлаудан гөрі, жеңіл де қызықты өрбитін ғашықтық хикаясына екпін түсірген. Туынды авторларының сюжеттік тұрғыда сенсация қуғаны соншалық, Әмірені өз қиялдарынан тудырған француздың сұлу бикешіне ғашық қылып, Джорж Гершвин сынды есімі әлемге әйгілі өнер майталмандарымен жан қиысар дос етіп бейнелейді. Хош, мұны да құп көрдік делік. Бірақ Әміренің Париж сапары тек әлемдік сахнада өнер көрсетіп, даңқ шыңына көтерілу мен француз бикешіне деген құштарлық сезімнен ғана тұрмайды ғой. Бұл сапар – әнші өмірін түбегейлі өзгерткен, тіпті ғұмырын қиған трагедиясын да қоса алып келмеп пе еді!?. Ал ол дүрбелеңнің дәл сол сапарда Алаш арысы Мұстафа Шоқаймен кездесуінен басталғанына тарих куә. Міне, сценарийст қайшылықты осы тұстан іздесе, мәселе мәйегінен алыстамас еді. Ал бұл фильмде, керісінше, голливудтың әдеттегі классикалық сюжетке құрылатын мелодрамаларындағы махаббат көрінісі алдыңғы планға көтерілген де, Әміре өмірінің басты трагедиясына арқау болған негізгі оқиға атүсті баяндалған. Соның салдарынан фильмде ара-тұра бой көрсетіп қалатын Мұстафа Шоқайдың бейнесі мақсаты мен міндеті айқындалмай, түсініксіз күйде алыстан көмескілене қол бұлғайды. Еркебұлан Дайыров қанша жерден мықты актер болғанымен де, томағасы сыпырылмаған қырандай қанатын кеңге жайып, еркін қалықтай алмады. Әйтсе де таланттың аты – талант қой, өнер иесінің аз ғана уақытқа экранға жарқ етіп шығуы, әсіресе Париж сахнасында ән салған Әміренің әніне толқып, көзіне жас алуы – Мұстафадай қайраткер тұлғаның барлық болмысы мен мұратын, еліне деген сағынышын көрерменінің көз алдына келтіргендей ерекше әсерлі. Бұл – сценаристің емес, сөзсіз әртістің шеберлігі. Актер Еркебұлан Дайыров ойыны арқылы экранда ара-тұра көлбең ете қалатын ұлттың мінезі мен табиғаты өзге уақытта Париж көшелері мен сахна салтанатының көлеңкесінде елеусіз қалғандай.
«...Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. ...Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді; қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді...»
Замандасы, Әміре Қашаубаевтың көзін көрген абзал інісі Жүсіпбек Аймауытовтан артық әншінің табиғатын, бүтіндей болмысын суреттеп жеткізу мүмкін бе?.. Аталмыш әңгімемен таныс кез келген көрермен, сөзсіз, аяулы әншісін осы бейнеде, осы мінезде көргісі келеді. Біздің де фильмнен күткеніміз – қазақ әнін Париж көгінде қалықтатқан алапат әншінің алапат даусы мен дауыс арқылы жүрекке құйылатын ұлттық рух құдіреті болатын.
Бірақ қазақтың бүтіндей болмысын ән табиғатына салып жеткізу былай тұрсын, тіпті қазақша мандытып сөйлей алмайтын актердің Әміре рөліне бекітілгенін естігенде-ақ күдігіміз қоюлана түскен. Режиссер Джеф Веспа Әміре рөліне актер Санжар Мәдиевтің таңдалуын оның ағылшын тілін жетік меңгеруі мен сыртқы сымбатына байланысты деп түсіндіреді. Ал актердің өзі болса, Әміре бейнесіне келу аса зор жауапкершілік жүктеп, бұрын-соңды жасаған жұмыстарына қарағанда әлдеқайда көп ізденісті талап еткенін айтады.
Рас, Санжар Мәдиевтің бұған дейінгі шығармашылық жұмысымен жіті таныс адам актердің әр рөліне үлкен дайындықпен келгенін көрер, білер, сезер еді. Бірақ кейбір сәтте, таланттан бөлек, актер жанының кейіпкер табиғатымен үндесуі деген және бір ұлы ұғымның қатар жүретіні бар. Санжардың Әміре бейнесінде «өмір сүре алмауының», қабылданбауының басты себебі де осында болса керек, біздіңше.
Иә, қаланың «гламур» баласы Арқаны, тіпті әлемді әнімен әлдилеген дала баласының бейнесін жеткізуде рөлінен тосырқағаны байқалады. Домбырасын еркін қаға, жанын салып көсіле ән салатын қазақтың еркіндігі мен тынысы, жалпы тереңдігі актер бойында кемшін түсіп жатқандай. Ол – әншінің аузын ашуы мен домбыраны қағуы, әнді сезінуі мен жеткізуі – қай жағынан келгенде қалалық Санжардың далалық Әмірені жатырқап тұрғаны анық сезілді. Ән орындауында әнмен қатар сөйлеп тұрар актер жүзіндегі мимика мен қозғалыс, музыканы сезіну күйі – барлығы да тым жасанды. Өнер иесінің дәстүрлі ән мен дәстүрлі аспапта ойнауда тәжірибесінің тым аз екені көзге көрініп-ақ тұр. Мұның барлығы актерге Әміре бейнесінде өз деңгейінде көрінуіне айтарлықтай зардабын тигізді.
Сонымен қатар фильмге таңдалған әндер де әншінің толықтай дауыс мүмкіндігін ашып көрсете алмады. Қарағандылық дәстүрлі әнші Сержан Мұсайынның даусымен жеткен Әміре әні байқауға қатысқан өзге ұлт әншілерінің репертуарымен салыстырғанда, мойындау керек, өте әлсіз. Тіпті актерлік ойынға келгенде де британдық актер Бен Алдридж бен аустралиялық актриса Эбби Корништің ізденісі, ішкі органикасы да көп жағдайда бас кейіпкер ойынын көмескілендіре берді. 8 шақырым қашықтыққа еркін жететін (Жүсіпбек Елебеков) алапат даусымен күллі Еуропаны таңдай қаққызып, мойындатқан Әміренің мүмкіндігі кино тілінде мүлдем ашылмады сөйтіп. Әрине бұл жерде әншіні кінәлаудан аулақпыз. Десек те, кино-
туындының музыкалық редакторлары Сержан Мұсайынның үніндегі барлық байлықты – дауыс мүмкіндігін шығарып алуға талпынғанда, Әміре бейнесі экранда бұдан да гөрі жарқырай көрінер ме еді деген және бір ізгі тілек кетті ішімізде.
«Біткен іске сыншы көп» дейміз. Ол рас. Жасалған қомақты жұмыстың қай кезде де кемшілігі бірінші көрінеді. Әйтсе де, «Әміре» фильмін бірден жоққа шығарып, іске алғысыз етіп тастау өнерге жасалған қиянат болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, «Әміренің» артықшылықтары да жетерлік.
Ол – ең бірінші, жоғарыда атап өткеніміздей, фильмнің көркемдік һәм техникалық түсірілу сапасы. Кинотуындыда оқиға орны айтарлықтай жиі ауыспағанымен, оқиғаның басым көпшілігі негізінен бір ғана театр мен қонақүйдің ішінде өрбіп, фильм-спектакль жанрында түсірілгендігіне қарамастан, туындыда голливудтың қолтаңбасы айқын көрінеді. (Өкініштісі – ұлттық үн жоқ).
Екіншіден, кеңес дәуірі кезеңіндегі қазақ зиялыларына көрсетілген қысас әрекеттер мен қазақты өздерінен төмен санап, жабайыға теңейтін пасық пиғылдың америкалық режиссерлердің көзқарасында ашық та еркін көрсетілуі. Бұл да өсіп келе жатқан еркін ойлы жастардың тәуелсіз пікірінің қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.
Үшіншіден, Әміредей қазақтың біртуар перзентіне әлем назарын аударуға бағытталған алғашқы талпыныстың жасалуы. Аталмыш фильмнің түсірілуіне киноөндірістің отаны – Голливуд режиссерлерінің қызығушылық танытуы. Осы арқылы «Әміре» фильмінің таралу ауқымы кеңейіп, әнші есімін әлемге танытуда жақсы мүмкіндіктің ашылуы деп ойлаймыз. Әйтсе де шетелдік мамандармен жұмыс істегенде сценаристің негізінен қазақтың төл тарихын жетік білуіне баса назар аударылса деген тілегіміз де қылтияды көңіл түкпірінде. Себебі көркем фильм қандай деңгей, қандай жағдайда түсірілсе де, қазақ тұлғасы жайлы сөз болғаннан кейін туындыдан қазақтың иісі аңқып тұруы тиіс.
Сондай-ақ көркем шындық пен тарихи шындық арасындағы алтын ортаның сақталуы да – ұлттық кинотуынды үшін аса маңызды жайттың бірі. Осы тұрғыдан келгенде, бұл фильмнің тағы бір әттеген-айы қиялдан туындаған көркем шындыққа басымдық берілу алдыңғы қатарға шығып, әншінің нағыз өмірінің тарихы мен тауқыметі кадр сыртында қалып, тек титрмен шектелуі болды.
Төртіншіден, қазақтың қайраткер тұлғаларының өмірі мен өнерінің, ұлтына сіңірген ерен еңбегінің кино тілінде таспалануына тұңғыш рет Әлидар Өтемұратов сияқты тәуелсіз продюсерлердің демеушілік көрсетіп, фильмнің жарыққа шығуына шын мәніндегі жанашырлық танытуы. Қалай десек те, қазақ киносы, әсіресе тарихи жанрдағы фильмдер қай жағынан да қолдауға зәру. Қалталы азаматтардың қазақ өнері мен тарихына кезіндегі Есенқұл Маман бай секілді осылай қамқорлық танытып, қолдауы – қазақ киноөнерін жаңа белеске шығуына жол ашары сөзсіз. Себебі кино түсіру – тікелей қаржыға тәуелді кәсіп. Сондықтан да Әлидар Өтемұратовтың бұл еңбегі қай жағынан да үлкен құрметке лайық.
Кино түсіру барысында кеткен азды-көпті кемшіліктерді ескермегенде, жалпы, фильм бар (Ал кеткен кемшілік болашақта әнші жайлы түсірілер келесі фильмнің ізденісіне сабақ болуы тиіс). Қазақтың киношежіресіне Әміре Қашаубаевтай ұлт арысының өмірі мен теңдесіз өнерінен сыр қозғайтын алғашқы көркем туынды келіп қосылды. Басты жеңіс осы!
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»