Мәжілістің негізгі тақырыбы – қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтарды әзірлеу барысын, ғылыми мазмұнын талқылау. Тарих, философия, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика салалары бойынша әзірленген оқулықтардың ғылыми редакторларының баяндамаларында аталған оқулықтарды оқу бағдарламасына енгізудің басымдықтары айтылды.
Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтеретін жобаларды енгізуге мән беруді, еліміздің білім беру саласын оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етудің тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды.
«Әлемдік деңгейде танымал оқулықтарды қазақ тіліне тікелей аудару барысында ұлттық жадыны да естен шығармау қажет. Қазіргі уақытта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында екі бағытта жұмыс істеген абзал. Біріншіден, аталған оқулықтарды аудару есебінен әлемдік стандарттар деңгейіне жетуіміз қажет. Екіншіден, бізге ұлттық жадымызды сақтап қалу маңызды. Өйткені жаратылыстану ғылымында ұлт жоқ. Биология, физика, химия сынды салалардағы кітаптарды еркін аударуға болады. Ал қоғамдық-гуманитарлық ғылымға келгенде біздің ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық жадымызды ескеруіміз қажет», деді Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков.
Оқулықтарды аудару жұмысына белсене араласқан филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы оқулықтарды аудару барысында пайда болған мәселелер мен сұрақтарға тоқталып, термин аудару барысында әртүрлі пікірлер мен даудың болғанын айтты. «Ғылым үшін кәсіби пікірталастар пайдалы. Ол жетілуге, өсуге көмектеседі. Шыны керек, оқулықтарды аудару барысында қазақ тілінде сөйлем құрау қиындық тудырған жоқ. Негізінен ұғымдар мен терминдердің қазақша баламасын табу ауыр болды. Бір термин үшін екі-үш күн пікірлесу, талқылау болды. Тура мағынасында аудармашылар күні-түні жұмыс істеді. Бұл үлкен еңбек. Гуманитарлық ғылымдардың оқулықтары, оның ішінде тіл біліміне байланысты кітаптар студенттер үшін де, оқытушылар үшін де пайдалы болады», деді Шерубай Құрманбайұлы.
Сарапшы-ғалымдар жаңа оқулықтарды еліміздің барлық жоғары оқу орындарына бейімдеуді жеделдетудің, оларды оқу үдерісінде қолдану бойынша практикалық семинарларды өткізудің қажеттілігін баса айтты.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»