Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

Ерден Сан­дыбайұлы атындағы дәстүрлі ІІІ республикалық байқау өтті

1141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәтбаев қаласында ұлтымыздың ықылым заманнан келе жат­қан аспаптарында ойнайтын өнерпаздар арасында Ерден Сан­дыбайұлы атындағы дәстүрлі ІІІ республикалық байқау өтті. Бұған дейін байқауда тек қобызшылар ғана бақ сынап келсе, бұл жолы сыбызғышылар мен сазсырнай шеберлері, сондай-ақ жетіген аспабында ойнауды жетік меңгерген өрендер өнер жарыстырды.

Ерден Сан­дыбайұлы атындағы дәстүрлі ІІІ республикалық байқау өтті

Байқау шымылдығы аға сұл­тан Ерденнің баласы Байменде­ден айырылып қайғы жұтқан ба­қыт­сыз шағын баяндайтын сах­налық қойылыммен ашылды. Бұдан кейін сахна төріне Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов көтеріліп, байқауға қа­ты­сушылар мен көрерменге құт­тық­тау сөз арнады.

– Бұл аспаптар – ұлтымыздың тарихи-этностық мәдениетінің кө­нер­мес көзі, рухани қазынасы, баға жетпес мүлкі. Жаһандану ара­­нына жұтылып кетпес үшін жан дүниемізді жадыратып, рухы­мыз­ды дүр сілкін­ді­ретін осындай байқауларды ұйым­дастыру – қасиет­ті борышымыз. Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы тереңге тамыр жіберген қа­сиетті ұлттық коды­мызды санамызда қайыра жаң­ғыртуға үндеп отыр. Түп­кі мақсат, басты меже осы, – деп түйін­деді сө­зін қала басшысы.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде көрермен қауым жер­­гілік­ті өнер мектебінің ұлт-ас­пап­­тар тобы мен Қарағанды­дан арнайы келген «Арқа ажары» фоль­клорлық ансамблінің кон­церттік бағдарламасын тамашалады. Бұған қоса өңірге белгілі жезтаңдай әнші Құрмаш Ыбышевтың әндеріне құлақ құры­шын қандырды.

Байқауға қатысушы үміткер­лер­дің аспапта орындау шеберлік­те­­рін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайрат­кері Ермұрат Үсенов бас­таған қазылар алқасы таразы­ла­ды.

Байқаудың екінші күні өткен ірік­теу кезеңінде еліміздің әр ай­ма­­ғынан келген өнерпаздар өз­ара сынға түсті. Қазылар алқасы алғашқы кезеңде бақ сынаған 34 қатысушының арасынан екінші кезеңге 14 өнерпазды іріктеп шығар­ды.

Байқаудың үшінші күнінде қазы­лар мен көрерменнің көңі­лінен шы­ғып, оза шапқан өнерпаз­дардың есімдері анықталды. Тар­тысты өт­кен өнер сайысының І орынға тағайын­далған әрқай­сы­сы 200 мың теңге болатын екі­­ жүлдесі алматылық Ма­­риям­ Үсен мен Солтүстік Қазақ­стан­ об­лы­сының өкілі Айдос Ақыл­беков­ке бұйырды.

Ал бас жүлдеге Астана қала­сы­нан келген өнерпаз Фариза Қос­шы­­ғұлова лайықты деп танылды. Сананы жаңғыртқан өнер сайысының жеңімпазы арнайы дипломмен және 400 мың тең­генің сертификатымен марапатталды.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Сәтбаев қаласы

Суретті түсірген Меруерт НАУРЫЗБАЕВА