«Арлан» командасы Көкшетау қаласында өз жанкүйерлерімен кездесу өткізді
412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында топ жарған Ақмола облысының «Арлан» командасы демалыс күндері Көкшетау қаласында өз жанкүйерлерімен кездесу өткізді. Кездесуге келген екі жүзге тарта адам өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
Оның да жөні бар. Өйткені құрылғанына тоғыз жыл уақыт ішінде әдемі ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан командалары әлі бірде-бір рет ел чемпионы атанбапты. Тек биыл ғана команданың бағы жанып, біріншілікте алға озды. Аталған клуб директоры Игор Горковтың айтуынша, жанкүйерлермен осылайша кездесулер өткізіп тұру қажет.
«Ойындарда бізге қолдау көрсетіп келе жатқан жанкүйерлермен байланыс орнатуымыз және өзара түсіністік табуымыз керек. Мұндай кездесулер команда өмірінің бөлінбес бір бөлшегі болып табылады», деді клуб директоры. Орайы келгенде ол осыған дейін команда екі мәрте қола, үш рет күміс және енді биыл ғана ерлер арасында 2017-2018 жылғы маусымдағы шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында алтын медаль таққандарын ерекше мақтанышпен айтты. Жанкүйерлер өздеріне осындай жақсы көңіл күй сыйлаған спортшыларына ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсіп, қолтаңба да алып жатты.