Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

«Гауhар тас» байқауы 300-ге жуық өнерпаздың басын біріктірді

429 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде жап-жақсы мәдени шаралар бастау алғанымен, түрлі себептермен жалғасын таппай қалатын сәттер кездеседі. 2014 жылы алғаш рет шымылдығы түрілген «Гауhар тас» фестивалінің ғұмыры келте болған еді. 

«Гауhар тас» байқауы 300-ге жуық өнерпаздың басын біріктірді

Енді, міне, араға төрт жыл салып екінші республикалық халық аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің «Гауhар тас» байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырып, еліміздің әр қиырынан келген 300-ге жуық өнерпаздың басын біріктірді.

Биыл 200 жылдығы кең кө­лемде атап өтілетін әрі батыр, әрі ақын, әрі жыршы, әрі сазгер Сегіз серінің өлмес мұра­сын ұлықтауға бағытталған мәдени шара шығармашылық ұжымдардың байланысын арттырып, таланттыларды қол­да­ды. Төрт оркестрдің, бес фоль­клорлық ансамбльдің сүйе­мелдеуімен халық әндері де, Сегіз серінің шығармалары да асқан шабытпен орындалды. Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров көркемдік жетекшілік әрі дирижерлік ететін облыстық филармония жанындағы Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне бірінші күнгі бағ­дар­ламаны ашу құрметі бұйыр­ды. Жезтаңдай әнші Василя Габи­дуллина «Алқоңыр» әнін нақышына келтіре шырқап берді. Иса Байзақовтың «Желдірмесі», «Жоламан Тұрсынбаевтың «Қыз қарағайы» тарту етілді.

Фестивальдің екінші күні гала-концертке жалғасып, оның шы­мылдығын Ақмола мем­лекет­тік академиялық филармониясы жанындағы «Сарыарқа» халық аспаптар ансамблі ашып, «Сыр толғауы», «Қарқара» туындыларын ұсынса, қасиетті Семей жерінен келген «Қаламқас», «Кер­­без» фольклорлық ансам­бль­дері сахна төрін қалы кілем­дей жайнатып жіберді. «Ахау, Семей», «Шаңды жорық», «Абай­дың елі» шығармаларынан шашу шашты. Маңғыстау облысы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің халық аспаптар оркестрі таңдай қақтырып, көз жұмдырды. Барлық оркестрлер қатыса отырып Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіковтің дирижерлік етуі­мен Құрманғазының «Сер­пері» ойналғанда қазақтың салқар даласын мың сан тұлпардың тұяқ дүбіріне бөлеп жібергендей болды. Жастар сарайында ине шаншар орынның бол­ма­уына қарағанда әуезді әндер, күмбірлеген күйлер көрер­мен­дерге тамаша кеш сыйлаған тәрізді.

Белгілі сазгер Ж.Тұрсын­баев­тың «Құрманғазы күй ке­меңгері болса, Сегіз сері – ән жампозы. Бұл екі алып тұл­ға – қазақ халқының мақ­та­­ныш­­тары. Ұлттық құнды­лық­тарымызды кеңінен насихаттап, жұртшылыққа мән-маңы­зын жете ұқтыратын мұндай шара­ларды жүйелі түрде ұйым­дастырған жөн. Соңғы кездері жұртшылықтың дәстүрлі әнге деген құрмет-қошеметі артып ке­леді. Жас буын да Сегіз серінің шығармаларын біліп өссе деген тілегім бар» деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы