Іс-шараға депутаттар, қоғам қайраткерлері, еліміздің және шетелдің сарапшылары, ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстелді ашқан Астана қаласы саяси зерттеулер ассоциациясының басшысы Қарлығаш Нұғыманова Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі тарихи маңызы бар екеніне айта келе, еліміздің бастамалары әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосатынын мәлімдеді.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде көтерген мәселелерін одан әрі дамыта түсу біздің міндетіміз. Еліміздің бастамалары концептуалды әрекетке негізделген, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды. Бүгінгі жиында Қазақстанның бастамаларын аналитикалық зерттеуге негізделген баға беруге талпынамыз», деді Қ.Нұғманова.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов те еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету тарихи сәт екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, елімізге маңызды міндет жүктелген уақытта әлемде саяси қысым күшейіп тұрды.
«Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты мүшелердің арасында келіспеушілік туып, өзара сенім мәселесі төмендеп кетуі еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымына үлкен сынақ болды. Осыған қарамастан Қазақстан өзіне қойылған міндетті абыроймен орындап шықты. Төрағалық кезіндегі негізгі мақсаттарына қол жеткізді», деді Т.Сүлейменов.
Қазақстанның іргелі ұйымдағы тәжірибесін сарапшылар да жоғары бағалады. Мәскеу лингвистика университетінің доценті Икбаль Дюрренің пайымдауынша, әлем елдері еліміздің бітімгерлік қабілетіне үмітпен қарайды. Сөзіне дәлел ретінде сарапшы Қазақстанның Сирия мәселесін шешудегі рөліне ерекше тоқталып өтті.
Сонымен қатар жиын барысында дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің ядролық қаруды таратпау, әлемдік державалар арасындағы диалогты қалпына келтіру, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелері жөнінде көтерген бастамаларының маңызы туралы талқылады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»