Суреттерді түсірген Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ
Белгітас қалай қойылды?
Шортанбай жырау Қанайұлы Пайғамбар (с.ғ.с.) жасына келгенінде фәниден бақиға өтіпті. Топырақ Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінен оңтүстікке қарай қозыкөш жердегі қорымнан бұйырған. Қайраткер тұлғаның жамбасы тап осы жерге тигенін біреу білсе, біреу білмейді бұл күнде. Көп себептің бірі – жыраудың басында қарайған зираты жоқ. Қараған басқан қабірінің жырауға тиесілі екенін жалғыз-ақ белгі – қалқайған көктас қана айғақтап тұр.
Шортанбай мұрасын зерттеуші жергілікті жазушы Кәмел Жүністегінің айтуынша, жыраудың басына белгітасты қойған Тілеуғабыл Есенбеков деген азамат екен. Сұрастыра келгенімізде, бұл кісі Қарағанды қаласында тұратын болып шықты. Телефон арқылы тауып алғаннан кейін, кездесіп тілдесудің де сәті түскен. Әңгіме барысында Тілекең осыдан 38 жыл бұрын болған оқиғаны былайша баяндап берді:
– Бұл 1980 жылы болған оқиға еді. Ол кезде мен Жезқазған облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет ететінмін. Жұмағұл Серікұлы деген досымның әкесі қайтыс болып, ауыл жаққа топырақ салуға бардым. Қазіргі Шет ауданының орталығы – Ақсу-Аюлы кентінен оңтүстікке қарай төрт-бес шақырым жердегі «Ботантай батыр басы» деп аталатын қорымға марқұмды жерлегеннен кейін, жан-жағындағы бейіттерді қарап тұрғанымда, қалың қараған басқан бір төмпешікке көзім түсті. Балтабай Қаппасов деген ағайынымнан сұрап едім, ол кісі бұл төмпешіктің астында әйгілі жырау Шортанбайдың жатқанын айтты. Үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Зарзаман ақындарының көш басында тұрған зор тұлғаның басында ең құрығанда қалақтай белгітастың жоқтығы аза бойымды қаза қылды...
Содан Тілеуғабыл Есенбеков Жезқазғанға қайтып келген соң, Шортанбай жыраудың белгітасын жасаттырады. Мәрмәр тасқа жыраудың аты-жөнін, туған және дүниеден өткен жылдарын қашаттырып жаздыртады. Тастың шеті мүжілетін болғандықтан, оны титан қаңылтырмен қаптатқан. Ол кез тоқырау заманы десек те, коммунистік қасаң идеологияның жаза басқанды итше талап жазалайтын кезі болғандықтан, Тілекең тілдей қағазға ескерткіш тасты өзінің жеке бастамасымен жасатқанын жазып, тас пен титанның арасына жасырады. Ондағысы – алда-жалда қаңқу сөз шыға қалар болса, жұртқа қырсығымды тигізбей, бар жауапты өзіме алайын деген азаматтық ниеттен туған ізгі ой еді.
«Маусым туа Ерғалы Есімғалиев деген досым екеуміз Шортекеңнің көктасын Жарық стансасына пойызбен алып келдік, – деп әңгімесін жалғады Тілекең. – Қазір Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген Нұрлан Дулатбековтің әкесі Орынбасар ақсақалдың үйіне түстік. Ол кісі мән-жайға қаныққаннан кейін зор тебіреніс үстінде отырып, ісімізді құптап, ризашылығын білдірді. Содан Зейнолла деген қадірменді ақсақал бар, ауылдық кеңестің төрағасы Төлеубай Әбдіғалиев, Бекежан Хамзин, Жеңіс Сүлейменов және басқа ауыл азаматтарын ертіп, Шортанбай жырау басына барып, белгітасты орнаттық. Ауылға қайтып келіп, қой сойып, құдайысын беріп, Құран-қатым түсірттік».
Ел ішінде Шортанбай жырау дүниеден өтер шағы жақындаған кезде «Менің басыма сұпы салмаңдар. Алағай да бұлағай заман келіп, құдайдан безген кей есерсоқ сүйегімді қорлайды. Жатқан жерімді ешкімнің білмегені жөн», деп өсиет айтып кеткен деген әңгіме бар.
Бұл – бір, екіншіден, кеңес уақыты – Шортанбай жыраудың басын көтермек түгілі, атын атауға болмайтын керзаман еді. Міне, осы себептер әсер еткен болуы керек, «Ұзын аққан Сарысуды, Өзің жайлап, жағала. Жүйрік пенен жорғаңды, Өзің мініп бағала», деп қазағының намысын қайраған жыраудың қабірі бүгінгі күнге дейін жалаңаш һәм қараусыз күйде жетті.
Мұраға мұқият қарасақ
Қазіргі таңда Шортанбай жырау мұрасының бірегей зерттеушісі – жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегі. Кеңес заманының түкірігі жерге түспей тұрған кезінің өзінде Кәмел Жүністегі басын бәйгіге тігіп, Шортанбай мұрасын тірнектеп жинаумен айналысқан. Жыраудың өміртарихын арқау еткен «Соңғы абыз» романын жазып, оқырманға ұсынды. «Шортанбай туралы алғаш мәліметті 14-18 жасында оның атқосшысы болған Әбеу ақсақал, Көпжан Бәйменұлы берсе, кейінде Ескей жыршыдан, толғауларын айтқаны үшін жиырма жылға жуық ғұмырын саяси лагерьде өткізген Анарбектен, тоқсанға келіп көз жұмған Қази ақыннан алған едік. Жыраудың «Ағыбай батыр» дастанын 1953 жылы Досбергеннің Қалиы әкем Жүніске жаздырса, «Қаракесек» дастаны атақты Маясар ақыннан алынды», – дейді жазушы.
Кеудесі алтын сандық Кәмекең Шортанбай Қанайұлының ұрпағы туралы не білетінін сұрағанымызда, мынаны айтты: «Жыраудың Аязбай, Алдаберген атты екі ұлы және Бәтіш деген қызы болған. Бұлғақ заманында Аязбай қайтыс болып, Алдаберген өзінің ұл-қызымен бірге ағасының балаларын да алып, оңтүстік өңірге, тіпті одан да әрі өтіп кеткен деген әңгіме бар. Бірақ мұның анық-қанығын тап басып айтатын ешкім жоқ...».
Зады, Шортанбай Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді. Қазіргі таңда жырауға қатысты тың деректер де оқта-текте қылаң беріп қалып жүр. Мысалы, Шортанбайдың азан шақырып қойған есімінің Ғали Мұхаммед екенін қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішев бір сұхбатында жария етті. Міне, осы және жырауға қатысты басқа да құнды деректер ғылыми тұрғыда негізделіп, өзінің лайықты бағасын алу керек.
Шортанбай жыраудың ел арасында асыл дініміз Исламның дәнін сіңірген діни қайраткерлігі де, ден қойып зерттеуге сұранып-ақ тұрған тақырып. Мысалы, Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салдырса, Арқа төсіндегі атақты билер Жаңғұтты, Бәйсейіт, Көпбайлар да өздеріне қараған ел ішінде Алланың үйін тұрғызып, қараңғылықтың көгіне имандылықтың сәулесін сепкен. Ал Шортанбайдың Бесата еліндегі осы игі жақсылармен мидай араласқанын есепке алсақ, қожа ұрпағынан тараған қайраткер тұлғаның бұл игі істерге тигізген ықпалының қаншалықты болғанын бағамдау қиынға түсе қоймайды.
Жуырда жазушы Кәмел Жүністегі облыс әкімі Ерлан Қошановтың қабылдауында болып, Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойын атап өту жайында пікір алмасыпты. Жазушының айтуынша, алдымыздағы мамыр айының 15-інде Қарағандыда Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына арналып республикалық ғылыми-практикалық конференция өтпекші. Одан кейін, тамыз айында жырау мерейтойы Шет ауданында жалғасын таппақ. Нақтырақ айтқанда, Ақсу-Аюлы кентінде Шет ауданының 90 жылдық мерейтойы мен Шортанбай жыраудың 200 жылдығы бірге тойланбақшы.
Тағы бір айта кететін жайт – Ақсу-Аюлы кентінде Шортанбай жырау атында шағын музей бар. Мұнда жыраудың өмірінің соңғы бес-алты жылында мінген пәуескесі тұр. Кезіндегі көліктің мұндай жайлы түрін жырауға Қарабек деген досы жасатып беріпті. Пәуеске жасөспірім кезінен жыраудың ат айдаушысы болған Әбеу ақсақалдың қолында бертінге дейін сақталып келген. Әбекеңнің өзі 90 жастан асып, 1959 жылы дүние салыпты. Әбеу ақсақал пәуескені Сайгелді деген тау ішіндегі ескі қыстақтағы қорасына тығып тастаған екен. Ал арбаны бүгінгіге аман-сау жеткізген – Әбеудің немересі Адамқұл Тұрсынұлы.
Бұдан бөлек, мұражай ауласында Шортанбай жыраудан қалған тағы бір мұра – диірмен тасы қойылған. ХІХ ғасырдың орта шенінде Шортанбай жырау баласы Аязбайға Нұра өзенінің жағасынан су диірменін салдыртыпты. Жалпы, Шортанбай жырау музейін ашып, оны жабдықтауға өлкетанушы Кәмел Жүністегі көп еңбек сіңірген. Әлгі диірмен тасты да айдаладағы бір ауылдағы моншаның жанында жатқан жерінен тауып алып, Балтабай Игенұлы деген азаматпен бірге музейге жеткізген де бір өзі.
«Осыдан біраз жыл бұрын ауданымыздың сол кездегі бір әкімі музейден Шортанбай жыраудың есімін алып тастады. Енді сол әділетсіздікті қалпына келтіріп, сонан соң мұражай үйін жөндеуден өткізсе – нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Кәмел Жүністегі.
Кесек тұлғаға – кесене
Заманында көмекей жырау атанған Бұқар жырау Қалқаманұлы хан Абылайдың кеңесшісі болды. Қарап тұрсаңыз, Шортанбай жыраудың заманы еліне ақырып теңдік сұраған Кенесары хан дәуірімен тұспа-тұс екен. Жалпы, Шортанбай жырау ел үшін атқа қонып, қазаққа азаттығын алып берем деп ормандай отаршыға майдан ашқан Кенесары ханды ашық қолдаған.
Яғни белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Ұлы дарын қоғам қайраткері, ірі идеолог» деп баға берген Шортанбай Қанайұлының өзінің рухты, жалынды жырларымен ұлт-азаттық көтеріліске дем беріп, сол кездегі қоғамдық сананың сілкінуіне сүбелі үлес қосқаны еш күмән тудырмайды. Яғни Бұқар жыраудың басындағы зәулім кесенедей ескерткіш Шортанбай жырауға да бұйырса – бұл бір берекелі іс болар еді. Негізі, жыраудың мерейтойын лайықты өткізу үшін Шет ауданында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Дей тұрғанмен, кесене тұрғызуға жергілікті бюджеттің шамасы жетіңкіремейді дегенді айтады Кәмел ақсақал. Демек, «Тас түскен жеріне ауыр» деген бар, ендігі бар үміт – облыс басшылығында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – топырағын жел суырған қасиетті төмпешікті сәулеті келіскен күмбезді кесене қанатының астына алар күн туса, Шортанбайдай қазаққа шарапаты тиіп баққан жырау рухының алдында жүзіміз жарқын болар еді!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Шет ауданы