– Қазақ Ілиясовтар, орыс Марочкиндер, неміс Ленкерлер, беларусь Лыйсковскийлер, украин Саенколар... қай жағынан болсын мақтан ететін отбасылар. Ауылда осындай шаңырақтар аз емес. Бір-бірінің қуаныштарына ортақтасып, қиын сәттерде қолдау көрсетіп отыратын дәстүріне әркім қызыға қарайды. Наурыз, Масленица, Пасха, Сабантой сияқты мейрамдар кездерінде ортақ дастарқан жайылып, жақсы салт-дәстүрлер үлгі етіледі. Тілдік, ділдік айырмашылықтарға қарамастан, тұрғындардың біріктірушілік, топтастырушылық бастамаларға ұмтылысы құптарлық. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 17 баланы бауырларына басып, жан шуағын, жүрек жылуын дарытуының өзі неге тұрады? Жетім жылатпаған ел екенімізді осыдан-ақ бағамдай беруге болады, – деді жол бастаушымыз Воскресеновка ауылдық округінің әкімі Нұрлан Құсайынов әлдебір сырдың ұшын шығарып.
Әкімнің мына сөзі бізді елең еткізгенімен бастапқыда сеніңкіремей екіұдай ойда қалғанымыз рас. Бірақ жағдайға қаныға келе осыдан төрт жыл бұрын тоғыз баланы патронаттық тәрбиеге алғандарын білдік. Қазір олардың алды ержетіп, жоғары оқу орындарында оқып жүр. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алеся Бондаревич Полудино, Соколовка балалар үйлеріне шефтік көмек жасап жүргенде тәрбиеленушілердің жабырқау қабағын, көздеріндегі мұңды көріп, отбасылық қамқорлыққа мұқтаждық екенін түсінеді. Содан күйеуі Дмитриймен ақылдасып, Камила мен Соняны патронаттық тәрбиеге алады. Камила қазір студент. Соня 8-сыныпта оқиды. Алесяның бастамасын мұғалімдер Татьяна Лукьянченко, Светлана Морозова, Ирина Шурупова, Наталья Вавильченко қолдап, әрқайсысы 1-2 баладан бауырларына басқан. Бұл отбасылар қосалқы шаруашылықпен шұғылданады. Бау-бақша, мал өсіреді. Жұмыспен қамтамасыз етілген.
Бүгінде патронаттық тәрбиеге алынған ұл-қыздардың барлығы да білім ошағының белсенділері. Қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысады.
Былтырдан бастап қамқорлыққа алу, патронаттан өзге отбасылық үлгіде тәрбиелеу тәжірибесі енгізілді. Мемлекеттік маңызы зор бұл игілікті шара искралықтар тарапынан тағы да бірінші болып қолдау тапты.
Мектеп директоры Талғат Ілиясовтың айтуынша, кез келген интернат пен балалар үйі отбасында берілетін тәрбиені алмастыра алмайды. Осы себепті Елбасы жетім және әке-шеше қамқорлығынсыз қалған, мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетін балаларды әлеуметтендіру мақсатында балалар үйлері тәрбиеленушілерінің санын азайту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай «Неке және отбасы» туралы Кодекске өзгертулер енгізіліп, балама ретінде «Бала қабылдайтын отбасы» бағдарламасын жүзеге асыру ұсынылды. Бағдарлама бойынша әр отбасы 4-тен 10-ға дейін бала асырап алуға құқылы. Келісімге орай жеткіншектердің әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы, ал жаңа ата-аналарына тұрақты түрде жалақы төленеді. Бұрынғыдай педагогикалық білім талап етілмейді. Осындай бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар бар. Облыста осы бағдарламаның тұсауы Искра ауылында кесілді.
Өзгелер секілді шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да тілеуі – бақуатты тұрмыс, тыныш өмір, ұрпақтың амандығы. Осы бір қарапайым тұжырымды ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарының ошақтың үш тағанындай үйлестіре білгені қуантады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы