Отырыста алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев: «Қазақстан – Еуразияның дәл ортасында орналасқан іргелі мемлекет. Сондықтан да жыл сайын шетелдің 3 миллион азаматы осы аумақтан транзитпен өтеді. Тағы 2,5 миллион адам қызмет бабы, жеке шаруасы немесе білім алу үшін біздің республикаға келуде. Солардың 90 пайызы ТМД елдерінің азаматтары. Әсіресе еңбек мигранттары көп. Жасыратыны жоқ, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың қалыптасуы, инвестициялық ахуалдың жақсаруы, туристік имидждің артуы және аса маңызды халықаралық шаралардың ұйымдастырылуының арқасында Қазақстанға келуге құлшыныс танытып отырғандардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде ғана XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиада мен Халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалау үшін ғана 3 миллионнан аса турист біздің елге ат басын бұрды. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен Астанада халықаралық қаржы орталығы құрылды. Оның негізгі міндеті – қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. Осы ұйымның құрылуы инвестициялық инфрақұрылымды дамытуға, инновациялық технологиялар мен әлемдік деңгейдегі қаржы қызметтерін ұсыну үшін қосымша инфрақұрылымды ынталандыруға жаңа серпін берді», деді.
Құзырлы органдар ұсынған мәліметке сенсек, қазіргі кезде Қазақстанға 30 тәулікке дейінгі уақытқа келген 61 мемлекеттің азаматтарына визаның еш қажеті жоқ. Транзиттік бағытпен жүрген Қытай мен Үндістанның азаматтары 72 сағат бойы Астана мен Алматы қалаларын визасыз емін-еркін аралай алады. Экономикасы дамыған, саяси тұрақта 56 мемлекеттің азаматтары шекарадан асқанда миграциялық қызметке арнайы келіп тіркелмейді екен. Оның барлығын онлайн режімде жүзеге асыруға болады.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі Миграциялық қызмет комитеті төрағасының орынбасары Арман Саданов заңсыз миграциямен күрестің қалай жүріп жатқаны жайында әңгімелеп, нақты деректерді алға тартты.
Тағы бір жағымды жаңалық, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап электронды визалар беріле бастайды. Яғни виза алу немесе тіркелу қажеттігі туындаған жағдайда әр азамат консулдыққа бармай-ақ, үйіндегі интернет арқылы осы мәселені оңды шеше алады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ