Президент • 30 Сәуір, 2018

Қоғамдық тамақтандыру орындарын тексеріп тұру қажет

1008 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда қоғамдық тамақтандыру саласындағы іскерлік қызметтер халықтың наразылығын тудырып жататынын жиі естиміз. Біздегі либералды шешімдермен бұл саланың қызметін жылына бір-ақ рет тексеру белгіленген.

Қоғамдық тамақтандыру орындарын тексеріп тұру қажет

Алайда тұрғындардың қоғам­дық орындардағы сапасыз астан улануы жиі орын алатын­дық­тан олардың қызмет сапасын тексеруді жүйелі жолға қою азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтар еді. Пайда табамыз дегендердің залалы басқаларға тимеуінің жолы осы сияқты.

Өткенде ғана Шымкентте балмұздақтан жаппай уланған 200-дей адам ауруханаларға түсті. Бәрінің де диагнозы ішек инфекциясы мен тамақтың у­лы инфекциясы екендігі анық­­­талды. Балмұздақтың қос­па­лары ешқандай рұқсат етіл­меген, санитарлық эпиде­мио­логия­­лық нормаларды сақ­тамаған үйішілік жағдайда дайындалыпты.

Осы оқиғаның дүмпуімен басқа да азық-түлік сауда орындары тексерілгенде қала бойынша 57 орында сани­тарлық және гигиеналық нор­малардың бұзылғаны анық­талған.

Осындай оқиға Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының жанындағы Қызыл­тал кентінде де болды. Бұл жолы аудандық ауру­ханаға астан уланған 22 бала бірден жеткізілді. Павлодар облысындағы Береке ауылы­ның мектебіндегі асхана­дан да тексерушілер көпте­ген бұзу­шылықтар тапты. Соның ішінде жеткізіл­ген азық-түліктің сапасын көрсеткен ешқандай құжаттар болмаған. Тіпті Аста­на­ның кейбір мектеп­тері­нің асхана­ларындағы тамақтың сапасыз екендігін ата-аналар коми­теттерінің өкілдері айтып, дабыл көтерді.

Міне, осындай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Оларды жоюдың жалғыз жолы – азық түлік, тамақ жеткізетін, сататын мекемелердің жұмы­сына жіті бақылау орнату. Алдымызда көптеген мерекелер келе жатыр, оның үстіне жазғы каникул күндері де жақын. Бұл уақыттарда мектеп оқушы­лары қоғамдық тамақтан­дыру орта­лықтарына жиі баратыны белгілі. Сондықтан біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа де­пу­­­таттық сауал жолдап, аза­мат­тарымыздың, бала­лар­дың, соның ішінде мектеп оқу­­шыларының өмірі мен ден­­саулығын сақтау үшін қоғам­дық тамақтандыру орындары жұмыстарының сапасын қадағалау шараларын қолға алуды сұрадық.

Артур ПЛАТОНОВ,

Мәжіліс депутаты