Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүддесін қорғау Ұлттық банктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады және ипотекалық қарыз алушылардың жағдайы ведомство басшылығының үнемі бақылауында. Мемлекет соңғы үш жыл ішінде объективті мән-жайларға қарай қиын жағдайға ұшыраған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдауда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шегінде және 2015 жылы ипотекалық кредиттеу нарығында қалыптасқан ахуалға жасалған талдау нәтижелері бойынша Ұлттық банк пен Үкімет банктерден 2004-2009 жылдардағы кезеңде ипотекалық несие алған қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Проблемалы қарыздардың басым үлесі осы кезеңде берілген қарыздарға тиесілі, себебі қаржы дағдарысының салдарынан кіріс көздерін жоғалтуына және шарттардың талаптары бойынша сыйақы мен өсімпұл сомасының көлемін еңсере алмауына байланысты несие алушылар қарыздарына қызмет көрсете алмады және несие бойынша кепілге берілген жалғыз баспаналарынан айырылу қаупі болды. Осыған байланысты 2015 жылғы сәуірде Ұлттық банк Басқармасы Қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті және оны іске асыруға 130 млрд теңге бөлді, – деп атап өтті Алматы қаласында БАҚ өкілдерінің және қоғамдық бірлестіктер басшыларының қатысуымен таяуда өткен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ипотекалық несие алушылардың мәселелерін реттеуге арналған дөңгелек үстел барысында Қазақстан Ұлттық банкі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев.
Бағдарламада негізгі борыш сомасына жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша капиталдандырылған сомаларды шегеріп, қарыз бойынша негізгі борыш қалдығын қайта қаржыландыру көзделеді. Қарыз алушының комиссиялар, тұрақсыздық айыбы (айыппұл мен өсімпұлдар) бойынша берешегін банктер кешіруге тиіс болғандығы маңызды фактор болды.
– Бүгінгі күні, бағдарламаның нәтижесінде қазақстандық 23 000-нан астам отбасы өзінің жалғыз баспанасын сақтап, ипотекалық несиелер бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған несиелер саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болуы мүмкін, – дей отырып А.Терентьев бағдарламаның алдын ала қорытындысына түсініктеме берді.
Ипотека нарығына қосымша жүргізілген мониторинг валюталық ипотекалық несие алушылардың ағымдағы экономикалық ахуал кезінде осал болып қалатынын көрсетіп отыр, себебі олардың борыштық жүктемелеріне валюта бағамдары өзгеруінің әсері сақталуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өзінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық несиелері бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырды. Қазақстанда 2016 жылдан бастап осы валютада кірісі жоқ несие алушыларға шетел валютасымен ипотекалық кредиттерді беруге заңнамалық тұрғыдан тыйым салынғаны белгілі. Ұлттық банк Басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда Қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңа редакцияда бекітті. Жаңартылған бағдарламада валюталық ипотекалық несие алушыларға көмек қарастырылған, сондай-ақ 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген несиелерді қайта қаржыландыру кезіндегі талаптар жақсартылған. Бағдарламаны іске асыру нәтижелері бойынша жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық несиелері теңгеге ауыстырылатын болады деп болжанып отыр. Жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған валюталық ипотекалық несиелерін теңгеге қайта қаржыландыру 2015 жылғы 18 тамызға белгіленген бағам бойынша жүргізілетін болады. Қайта қаржыландыруға 2015 жылғы 18 тамыздан кейін ағымдағы бағам бойынша теңгеге аударылған валюталық несиелер де және сот актілері шығарылған несиелер де жатады. Бағдарламаға енгізілген толықтыру 21 000-нан астам несие алушы үшін қарызды өтеуге оңтайлы жағдай жасайды.
Александр Терентьев валюталық ипотекалық несие алушыларға банктердің қайта қаржыландыруды 2018 жылғы 30 желтоқсанға дейін жүзеге асыратындығын және несие алушыларға 2018 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей өзінің кредитор банкіне несиені бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыру туралы өтініш беру қажеттілігін баса айтты.
Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің екінші блогы 2004-2009 жылдардағы кезеңде несие алған ипотекалық несие алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Осы блок бойынша жеңілдетілген талаптар несие алушы борышты 36,5 млн теңгеге дейін өтеген жағдайда несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігін көздейді; банктердің несие алушылардың қарыздарды қайта қаржыландырудан банктер бас тартуына шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялардың шешімдерін міндетті түрде орындауы; халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жатпайтын қарыз алушы үшін мемлекеттік баж сомасын кемінде 36 ай мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігін беру және т.б. Ұлттық банк бағдарламада несие алушылардың борышын толық өтеу көзделмейтіндігін, тек несиелерге қызмет көрсету жағдайларын жеңілдететіндігін атап өтті.
Ұлттық банк қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді жұмыс істейтін құқықтық тетіктерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Қаржы нарығындағы ахуалды, оған сыртқы факторлардың әсерін, тұтынушылар өтініштерінің тақырыбы мен себептерін терең талдау негізінде заңнамалық деңгейде ипотекалық несие алушылардың борыштық жүктемесі өсуінің алдын алуға, берешекті сотқа дейін өндіріп алу жөніндегі ашық құқықтық аяны құруға, несие алушылардың қарыздарды алуға және қызмет көрсетуге байланысты шығыстарын төмендетуге бағытталған бірқатар маңызды нормалар қабылданды.
Сонымен, 2015-2017 жылдар аралығындағы кезеңде заңнамаға банктерден несие алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 40-тан астам түзету енгізілген. Атап айтқанда, банк алдында міндеттемелерін орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) мөлшеріне шектеулер, ипотекалық несие шарты бойынша міндеттемені орындау кешіктірілген қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген сыйақы және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге тыйым салу, сондай-ақ несие алушының банк шоттарынан ақша алуға шектеулер енгізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасы шеңберінде банктерге несие алушыға алимент түрінде түсетін ақшадан берешекті өндіріп алуға тыйым салатын; банктерге жеке тұлғалармен жасалатын банктік несие шарттары бойынша банк несиесін беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін, сондай-ақ несиені банк шотына есептегені үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салатын нормалар көзделеді.
Кепіл мүлкін соттан тыс өткізу шеңберінде кепіл берушінің кепілді дербес өткізу тәртібін енгізу ұсынылады, ол кезеңде банк несие алушыға және кепіл берушіге қатысты берешекті өндіріп алу шараларын тоқтата тұрады.
Сонымен қатар 2017 жылы коллекторлық қызметті реттеуге байланысты заңнамалық түзетулердің үлкен топтамасы қабылданды. Жаңалықтар берешекті өндіріп алудың сотқа дейінгі тәртібі бойынша ашық құқықтық аяны құруға және коллекторлардың борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін белгілеуге мүмкіндік берді.
– Қазіргі кезде Ұлттық банк Қайта қаржыландыру бағдарламасының шеңберінде банктерге несие алушылардың борыштары бойынша олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығын беру бойынша маңызды заңнамалық бастама жасады. Бұл ретте несие берушілердің өздері жалға алушылар болады. Бұл түзету несие алушыларға ұзақ уақыт тұру және оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді жалдау төлемдерін толық төлеген соң меншігіне қайтару мүмкіндігін береді, – деп атап өтті Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы.
Заңнаманы жетілдірудің осы тұрақты процесінің мақсаты қаржы ұйымдары мен азаматтардың тиімді өзара іс-қимылы үшін, банктік несие алушылардың құқықтарын қорғау үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ ел экономикасының қаржы секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекет қабылдаған шаралар проблемалы ипотекалық несие алушылармен ахуалды түпкілікті шешуге мүмкіндік береді және реттеушінің кейінгі қызметі ипотекалық кредиттеуді ынталандыруға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталады деп болжанып отыр.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша бірқатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері Мемлекет басшысына және Ұлттық банкке банктік несие алушылардың проблемаларын шешудегі жұмысы үшін алғыс білдірді.
– Бірлестігіміздің мүшелері атынан және жеке өзімнің атымнан Президентке халықтың валютамен алған ипотекалық несиелері мәселесін шешу жөнінде Ұлттық банкке дер кезінде тапсырма бергені үшін зор алғыс білдіргім келеді. Теңге бағамына түзетулер енгізу себебінен валютамен қарыз алушыларға өз қарыздарын жабудың өте қиын екендігін көріп отырмыз. Мемлекет тарапынан, атап айтқанда Ұлттық банктің жүргізіп отырған жұмысы проблемалы ипотекалық несие алушылар мәселесіне нүкте қояды деп сенеміз, – деп атап өтті «Ел бірлігі» ҚБ-ның төрағасы Шолпан Ризабекова.
– Біз Ұлттық банктің Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруды бастағанына өте қуаныштымыз. Ұлттық банктің ипотекалық қарыз алушылармен жұмысы өте маңызды және Қайта қаржыландыру бағдарламасы азаматтарымыз үшін аса қажет, себебі ол азаматтардың баспанасын сақтап қалуға бағытталған, – деп түсініктеме берді дөңгелек үстел барысында «Триумф-5» ҚБ-ның басшысы Қанағат Тәкеева.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»