Жартылай орта салмақта жұдырықтасқан Данияр Елеусіновтің жекпе-жегі Геннадий Головкиннің экс-қарсыласы Дэниель Джейкобстың қатысуымен болған бокс кешінде өтті. Алдын ала мәлімет бойынша Елеусінов-Кидд айқасы 6 раундқа жоспарланған-ды.
Жекпе-жектің бірінші раундында екі боксшы бір-бірін барлаумен өткізді. Десе де Елеусінов реті келгенде қарсыласын соққының астына алып, біраз тықсырып бақты. Екінші раундта қандасымыз басымдықты өз қолына алды. Қарсыласына мүлдем соққы жасауға мүмкіндік бермей, ринг үстінде өз билігін жүргізді. Ал үшінші раундқа келгенде Елеусінов айқасты ұзаққа созбай, осы ранудта-ақ аяқтап тастауға бел буды. Америкалық боксшы соққы жасамақшы болып, қолын алға созғанда қорғанысы ашық қалғанын байқаған Данияр, сол қолының ауыр соққысымен қарсыласын есеңгіретіп тастады. 10 секундтан соң Кидд кездесуді жалғастыра алатынын айтып, орнынан тұрғанымен, қандасымыз оны қайта соққының астына алды. Алайда америкалық боксшының жұдырықтасуға қауқары қалмағанын байқап, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы мансабын жарқын жеңіспен бастады.
Кездесуден соң Ноа Кидд жергілікті БАҚ өкілдеріне жеңілісінің себебін айтып берді. «Білесіздер ме, менің қарсыласым екі Олимпия ойындарына қатысып, бір рет чемпион болған. Ол өте мықты және тәжірибелі боксшы. Жалпы жекпе-жекке дайындығым өте аз болды. Тағы үш аптаға жуық дайындалғанымда бүгін басқа айқасты көретін едіңіздер. Менің жаттығуымның көп бөлігі салмақ қуумен өтті. Сондықтан күшімнің біразын сарқып алдым десем де болады. Бұл – ақталғаным емес. Жеңілісімді мойындаймын. Карьерамда бірінші рет үшінші раундта жеңіліп қалдым. Енді жаттығу залына тезірек оралып, дайындығымды екі есе арттыратын боламын», деді америкалық боксшы.
Ол бүгінге дейін төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түскен. 23 жастағы Кидд кәсіпқой бокстың әліппесін осыдан екі жыл бұрын бастаған. Соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген.
Сонымен қатар RingTV басылымының журналисі Райан Сонгалия Данияр Елеусінов жекпе-жегін осылай жалғастыра берсе, аз уақыттың ішінде ТОП боксшылардың қатарына енетінін айтты. «Ол кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Мен осы күннен бастап оның әр қадамын бақылап отырамын. Ол тез арада үздік боксшылардың қатарына енетініне сенімдімін. Оның жылдамдығы мен рингте еркін қимылдауы мені қатты риза етті», деді ол.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»