Білім • 30 Сәуір, 2018

Кембридж университетінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің күндері өтті

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыбританияда Қазақстанның білім беру жүйесі үшін елеулі оқиға Кембридж университетіндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің күндері аяқталды. Халықаралық форум Зияткерлік мектептердің стратегиялық серігі – 
Кембридж университетінің бастамасымен өтті.

Кембридж университетінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің күндері өтті

Әлемдегі беделді оқу орындарының бірі саналатын Кембридж университеті қабырғасында тұңғыш рет қазақстандық инновациялық мектептердің тәжірибесі көрсетілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Time for Change: 10 years of Nazarbayev Intellectual schools» – «Өзгеріс уақыты: Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 10 жыл» тақырыбында оқыған дәрісі білім саласындағы беделді ғалымдар мен сарапшылардың, британдық педагогика факультетінің және жоғары оқу орындары өкілдерінің, сондай-ақ дипломаттар мен журналистердің, студенттердің қызығушылығын тудырды. Ұлыбританияда білім алатын және қызмет ететін көптеген отандастарымыз Кембридждегі Қазақстан күндеріне арнайы келіп қатысты.

Кембридж университеті жанындағы Халықаралық бағалау және білім беру Кеңесінің (CAIE) Халықаралық білім беру директоры Тристан Стобидің айтуынша Зияткерлік мектептердің құрылуы білім беру саласындағы үлкен жетістіктердің бірі. 

«Назарбаев Университеті» ДББҰ Президенті, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шигео Катсу және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов қазірде Зияткерлік мектептері ұлттық білім беру жүйесіндегі негізгі драйвер екенін атап өтті. Кембридж университеті Білім факультетінің деканы Джефф Хейуорд факультеттің Зияткерлік мектептерімен ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаны жүзеге асырып жатқаны туралы өз мақтанышын білдірді. Қазақстандағы инновациялық мектептермен жасалған осы серіктестік педагогика саласындағы жаһандық ынтымақтастықтың жарқын мысалы.

Кембридж университеті Білім факультеті, Кембридж университетінің Халықаралық бағалау және білім беру Кеңесі (CAIE), Cambridge University Press баспасы, Bottisham Village College серіктес мектебінде өткен жұмыс кездесулері барысында білім беру саласындағы жаһандық үрдістер, сондай-ақ білім алуға тең мүмкіндік, оқу бағдарламаларын және оқу құралдарын әзірлеу, бағалау жүйесі,мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және мұғалімдерге жалпы жағдай жасау, оқулық авторлары мен сарапшыларын оқыту секілді қазіргі педагогика ғылымының өзекті мәселелері талқыланды. Осы іс-шараның ең қызықты сәттерінің бірі қазірде Ұлыбританияның үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Зияткерлік мектептердің түлектерімен өткен кездесу.

– Мен барша қазақстандықтарды Назарбаев Зияткерлік мектептеріосы он жыл ішінде әлемдік білім беру көшбасшыларының қатарына қосылуымен  құттықтаймын. Біз осы бірегей трансұлттық жобаның дамуына ат салысқанымызды мақтан етеміз. Осы Күндердің өтуі Назарбаев Зияткерлік мектептері және Кембридж университетінің жемісті ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашты, –деп атап өтті әлемдік педагогиканың беделді сарапшысы, профессор Колин Маклафлин.