Абай алаңына жиналған жұртшылықты облыс әкімі Даниал Ахметов мерекемен құттықтап, лебізін жеткізді. «Ұлт бірлігі – баянды болашақтың берік негізі. Президентіміздің сындарлы саясаты арқасында халқымыз әлем көшінен қалмай бақытты ғұмыр кешуде. Берекеміз артып, ырысымыз тасыды. Рух оянып, экономика нығайды. Мұның барлығы - жасампаз еңбектің жемісі, көпұлтты, еркін елдің жеңісі», - деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Қазір қаладағы орталық алаңға ағылған халық назарына «Қазақстан- тұрақтылық пен бейбітшіліктің бесігі» атты этномәдени бірлестіктер мен өнер ұжымдарының концерті ұсынылып жатыр.
Өскемен қалалық Ішкі саясат бөлімінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, мерекелік шаралар легі Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған автошерумен, «Студент көктемі-2018» байқауының галаконцертімен жалғасады. X-Faсtor жобасының жеңімпазы Евгения Выблов пен «Ты-супер!» жобасының қатысушысы Влада Лоскутов алаңда ән салады. Мерекелік шара кешкісін сағат 21:00-де музыкалы субұрқақтың іске қосылуымен түйінделеді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»