Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

Ақтауда 297 пәтер қоныстануға берілмек

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы «Аққу-1» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2008 жылы басталған болатын. 2012 жылы ақаулар анықталып, жұмыс тоқтатылды. 

Ақтауда 297 пәтер қоныстануға берілмек

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің шешімімен нысанда күшейту жұмыстары басталып, 2015 жылы 30 маусымда аяқталды. Тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға үш мердігер компания: «Оңдасын строй», «Еврострой» және «Елин груп» белгіленді. Қазіргі таңда 297 пәтер қоныстануға берілмек.

-Бұл құрылысы ұзаққа созылған «Аққу» тұрғын-үй кешенін пайдалануға беру – облыс әкімі Ералы Тоғжановтың басты тапсырмаларының бірі. Үй құрылысы 2008 жылы басталған. Оның 5 жылында нысанда ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеді. Мұнда шамамен 650 пәтер бар. Осы айдың соңында 300-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.

Ал қалған 300 пәтерді осы жылы 1 қыркүйекке дейін беру жоспарланған. Осы уақытта «Аққу-1» толыққанды кешенге айналады. Бұрын бұл үйдің төңірегінде туындаған мәселелерге қатысты күдікті жою үшін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтынан» мамандар шақырылып, тексеріс жүргіздік. Олар кешеннің пайдалануға жарамды екенін растап, жазбаша анықтама берді, дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

 «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар